Accessibility links

Жақыныңмен алыстан қоштасу. Вирус жерлеу жоралғысын өзгертті


Иранда COVID-19 дертінен көз жұмған марқұмды жерлеу рәсімі. 2020 жылдың наурызы.
Иранда COVID-19 дертінен көз жұмған марқұмды жерлеу рәсімі. 2020 жылдың наурызы.

Эпидемияның тарауы құрбандарды жоқтау, жерлеу рәсіміне ғана емес, адамдардың бір-бірін жұбатуына да өзгеріс әкелді. Кейбір жоралғылар виртуалды түрде атқарылып жатыр.

«ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ КӨҢІЛ АЙТУДАН АЖЫРАТЫП ТАСТАДЫ»

Камбиз Иран астанасы Тегеранда тұрады. 96 жастағы әжесі таяуда коронавирустан қайтыс болып, қала сыртындағы Бехешт Захра қорымына жерленді. Бұл күн Камбиздің есінен кетпейді. Отбасы үлкен болса да әжесінің жаназасына жалғыз қатысты. Жерлеуден кейінгі рәсімдер атқарылмады. Өйткені билік көп адамның жиналуына тыйым салған, Әжесі ауруханада жатқанда көңілін сұрауға да бара алмаған туыстары мен достары Камбизге әлеуметтік желі арқылы көңіл айтты.

- Жақынымызды бірге жоқтай алмайтынымыз, тірі қалғандарды жұбата алмайтынымыз өте өкінішті. Қазіргі жағдай бізді осындай көңіл айтудан ажыратып тастады, - дейді Камбиз Азаттықтың Парсы қызметі – Фарда радиосына.

Коронавирус құрбанын жерлеу. Иран, 30 наурыз 2020 жыл.
Коронавирус құрбанын жерлеу. Иран, 30 наурыз 2020 жыл.

Ол жақынынан айрылу бір қайғы болса, туыстардың бір-біріне басу айтып тікелей жұбата алмауы екінші қайғы болғанын, бұл өзіне соққы болғанын айтады.

Иран қоғамында әдетте ер адамдар бет сүйісіп, құшақтасып амандасады. Ал қазіргі шектеу Камбиз сияқты адамдарды жалғыз қалғандай әсерде қалдырған. Иранда Камбиздың жағдайын бастан кешкен адамдар мыңдап саналады.

«ӘРКІМ ЖЕКЕ ЖЫЛАП ТҰРДЫҚ»

Жақындары вирустан емес, басқа да себептермен дүниеден өткендерді де жерлеуге адамдар көп жиналмайтын болған. Тегеранда тұратын Сиауш Рашт қаласында қатерлі ісіктен қаза тапқан ағасының жерлеу рәсіміне қатыса алмады. Ол ағасын соңғы рет былтыр маусым айында көрген. Сиауш таяуда коронавирус салдарынан қайтыс болған досымен де қоштаса алмағанына өкінеді. «Жақыныңды жоқтай алмаған кезде оның өлгеніне де сенбейсің» дейді Сиауш.

Бұдан бөлек әлеуметтік желіде де жақынынан айрылған ирандықтардың да жазбасы көптеп кездеседі. Оған жанашыр адамдар да желі арқылы көңіл айтуға мәжбүр. Махтаб есімді қолданушы таяуда коронавирустан қайтыс болған нағашысымен қоштасу рәсімінің суретін жариялады. «Сюрреалды (адам сенбейтін, өң мен түстің арасындағы) жағдай... Жауын себелеп өтті... Бір-бірімізден қашықтық сақтап әркім жеке жылап тұрдық... Өте жайсыз, өте қайғылы оқиға» деп жазған ол Twitter желісінде.

Иранда короновирусқа шалдығып, қаза тапқандардың ресми саны 8 сәуірдегі есеп бойынша, 4 мыңнан асты. Вирус жұқтырғандар саны 68 мың адамды шамалайды.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Сәуір – діни мереке мен атаулы күнге толы ай. Соның ішінде бастысы - христиандар Пасха мерекесін атап өтсе, мұсылмандар үшін Ораза басталады. Алайда коронавирус індеті салдарынан биыл бұл атаулы күндер неғұрлым әлеуметтік оқшаулану шартымен ғана аталып өтілмек.

8 сәуірдегі мәліметке сай, Орталық Азияда әзірге Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанды қосқанда 14 адамның коронавирустан қайтыс болғаны белгілі. Қазақстанда бұған дейін коронавирустан қайтыс болған алғашқы адамның жаназасы ерекше сақтық жағдайында шығарылып, қабірі терең қазылғаны айтылған болатын.

Одан кейін Шымкентте вирустан қайтыс болған 64 жастағы марқұмның жаназасына сегіз адам келгенімен, марқұмның әйелі мен балалары қатыса алмаған. Өйткені олардың өзі карантинге алынған болатын. Ал христиан зиратына жерленген адаммен қоштасу рәсіміне төрт адамның қатысқаны хабарланған.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурыз – 15 сәуір аралығында төтенше жағдай жарияланып, бірнеше қалада карантин жарияланды. Қозғалыс, қатынас барынша шектелді. Бұл инфекция салдарынан қаза тапқандар ғана емес, басқа да себептермен қайтыс болғандарды жерлеуге әсерін тигізді. Төтенше режим талабына сай отбасылық, атаулы іс-шараларды өткізуге де тыйым салынған. Сондықтан індеттен марқұм болғандар мен басқа да себептен дүние салғандарды аттандыруда көп адам жиналуға рұқсат етілмейді. Ал адамдар етжақын туысының жаназасына бару үшін карантин бекеттерінен арнайы рұқсат немесе марқұмның өлімі туралы анықтаманы көрсету арқылы ғана өте алады. Көбіне әлеуметтік оқшаулану шартына орай адамдар жаназаға бармай, телефон, әлеуметтік желі арқылы көңіл айтып, бір-бірін жұбатуға мәжбүр.

Наурыз айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұқпалы аурудан қайтыс болған адамдарды жерлеу туралы пәтуа шығарған. Онда санитариялық-эпидемиологиялық мекеме тарапынан мәйітті шариғат жолымен жуындыруға, таяммум алдыруға және кебіндеуге рұқсат берілмесе, шариғаттың зәрулік үкімі негізге алынатыны айтылған. «Мәйітханада оралған мата, арнайы үлдір немесе табыт ашылмастан, сол хәлінде жаназа намазы мәйіттен алыс тұрып оқылады» делінген мүфтият пәтуасында.

Православия шіркеуінің Қазақстандағы басшылығы төтенше жағдай кезінде жерлеу рәсімінің де өзгеретінін айтқан. Қазақстан митрополиялық округі басқармасы пандемияның таралуы кезінде жерлеу рәсіміне марқұмның етжақын туыстарынан 10-15 адам ғана қатыса алатынын айтып, бата дастарханынан бас тартуға үндеген.

Өзбекстан діни басқармасы да пәтуа қабылдаған. Онда марқұмның туыстары сүйекке түсе алмайтыны және тек санитарлық қызметкерлердің мәйітті жуатыны айтылған. Пәтуада жаназа намазының арнайы комиссия шешімі бойынша барынша шектеулі құрамда өткізілетіні айтылған. Ал өткен аптада Америкада коронавирустан қайтыс болған екі өзбекстандықтың табыты ашылмаған күйі жаназасына шектеулі адам қатысып жерленгені хабарланған. Басқа рәсім өткізілмеген.

Қырғызстанда діни басқармасы да наурыз айында пәтуа шығарды. Бұл шешім бойынша, бірнеше адамның сүйегі даяр болған жағдайда олардың бәріне бір жаназа оқылады, дәрігерлер ораған мәйітті қайтадан жуып ораудың қажеттігі жоқ. Қырғызстан мүфтияты сүйекті өртеуге және мәйітті қышқыл тәрізді химиялық заттарды қолданып көму шариғатқа қайшы екенін атап көрсеткенімен, сақтану үшін вирустан қорғану жолымен жерлеуге мән берген.

Бұған дейін Қазақстанда – 7 адам, Өзбекстанда – 3 адам және Қырғызстанда 4 адам коронавирустан қаза тапқан. Түркіменстан мен Тәжікстанда ресми түрде коронавирус тіркелмегенімен, дезинфекция тәрізді қорғану шаралары жүргізіліп жатыр.

ҚАБІРГЕ ЖЕДЕЛ ЖӨНЕЛТУ

Ал коронавирустың әлемге таралған жері – Қытайда көп жағдайда мәйітті туыстарына көрсетпейді де. Аза тұту рәсімі қысқарған түрде атқарылып жатыр. Кейбір қалаларда тек коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу бір ғана бюроға жүктелген. Қытайда әдетте қоштасу рәсіміне көп адам қатысатын. Және мәйіттің күлі наурыз-сәуір айында өтетін Мазар сыпыру фестиваліне дейін жерлеу бюроларында сақталатын. Биыл ондай рәсім жоқ. Мазар сыпыру фестивалі онлайн түрді жүргізіліп жатыр. Сол үшін арнайы сайттар да ашылған. Қытайда 82 мың 600-ден аса адам коронавирус жұқтырып, 3300-ден аса адам қайтыс болған.

10300-ден аса адам инфекцияға шалдығып, 200-ден аса адам қайтыс болған Оңтүстік Кореяда үкімет халықты алдымен құрбандар сүйегін өртеп барып, жерлеу рәсімін өткізуге шақырып отыр. Бұл елде әдетте қоштасу рәсімі ауруханада өткізілетін және үш күнге созылатын.

Коронавирус инфекциясынан көп зардап шеккен елдің бірі – Италия. Мұнда мәселе шырқау шегіне жеткенде күніне 750-ден астам адам қайтыс болды. Италияда құрбан болғандар 18 мың асты. Бұл – әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіштің бірі. Вирус жұқтырғандар 137 мыңға жуықтады. Инфекцияның тарауына сақтану үшін елде коронавирустан қайтқан адамды жерлеу рәсімдеріне де тыйым салды.

Науқастың өлімі анықталған сәтте мәйіттер дереу оралып тасталады. Өйткені дәрігерлердің пайымынша, қайтыс болған адамның киіміндегі вирус бірнеше сағат сақталуы мүмкін. Италияда бұрыннан қалыптасқан жерлеу салтына сай марқұмдарды жерлер алдында киіндірмейтін де болған. Олар науқас кезіндегі аурухана халатымен жерленеді. Салттық қызмет атқаратындар жерлеуден түсірілген суреттер мен дінбасының дұға оқуы түсірілген видеоларды марқұмның туыстарына жібереді.

Коронавирус құрбандарына дұға оқып жүрген діни қызметкер. Италия, 28 наурыз 2020 жыл.
Коронавирус құрбандарына дұға оқып жүрген діни қызметкер. Италия, 28 наурыз 2020 жыл.

Кейбір жерлеу бюролары туыстары соңғы сәтте көріп дұға қайыру үшін катафалканы марқұмның үйіне жақын жүргізіп отырған.

Қабір қазатындарға марқұмның туыстары ырымдап табытқа салу үшін хат, әулеттік реликвиялық заттар және суреттер бергенімен, бұған да уақытша тыйым салынды. Егер науқас үйде қайтыс болса, жерлеу қызметінің толықтай арнайы қорғаныс киімін киген бригадасы мәйітті алып кетеді. Италияда жерлеу бюросында жұмыс істейтін көптеген адамдардың өзі карантинге алынған.

Бұл елде сүйекті қабірге апарар алдында марқұмның туыстарынан бір-екі адам қатысқан рәсімдер жылдам орындалады. Кейді тіпті қоштасу рәсімі бірнеше секундта аяқталады. Өйткені салт қызметі келесі мәйітті де қабірге аттандырып үлгеруі керек.

Әсіресе, Италия солтүстігіндегі ауруханадағы мәйітханалар лықа толып, табыттарды шіркеуге де қоюға тура келген. Жерлеу жұмысына қатардағы жерлеу бюросы үлгермейтін болған соң әскер жұмылдырылған.

ДИСТАНЦИЯДАН ДҰҒА ҚАЙЫРУ

Рим папасы Ватиканда дәстүрлі түрде балконнан үндеу жолдайтын Қасиетті Петр алаңына да шектеу енгізілген. Рим храмдарында діни қызметті көпшіліктің қатысуынсыз өткізу туралы шешім қабылданған. Шіркеулер болса, жабық. Ал Рима папасы Франциск месса рәсімін интернет арқылы атқарып отыр.

Ұлыбритания мен Америкада да жерлеу кезіндегі дұға мәйіттің басында емес, сырттай оқылғаны айтылады. Кейбір жағдайда марқұмдарды жерлеуінен түсірілген видеолар олардың туыстарына жіберіледі. Америкада ауруды бақылау және профилактика орталығы адам көп жиналмас үшін виртуалды жерлеу жүргізуді ұсынған. Кейінгі күндері Нью-Йорк тәрізді инфекция тараған қалада жылжымалы мәйітханалар қойыла бастаған.

АҚШ – қазір әлемде ең көп коронавирус жұқтырған ел. 400 мыңнан аса адам инфекцияға шалдыққан. Осы індеттен қайтыс болғандары саны 13 мыңнан асты.

Ирландияда дәрігерлер мәйітке де маска кигізуді ұсынған. Мұнда сүйек салынған табытты ашпаған күйі бірден жерлеуге әкетеді. Израиль денсаулық сақтау министрлігі науқас қайтыс болғанда бірден ауруханада герметикалық қосқабат полиэтилен пакетке салуды талап етеді. Оралған күйінде шомылдырып діни рәсімдерді атқарған соң жерлеу үшін мәйітті тағы бір қабат полиэтиленге орайды. Әдетте Израильде мәйітті кебінге орайтын еді.

Украинада шіркеу, мешіт және қабір басындағы рәсімге оннан артық адам қатыспайды. Жергілікті мұсылмандар діни басқармасы жерлер алдында мәйітке қол тигізбестен таяммум ұрып, топырақпен тазарту туралы пәтуа шығарған.

Грузияда да марқұмдардың табыт жақындауына тыйым салынған. Өлім расталғаннан кейін мәйіт 72 сағаттың ішінде жерленуі тиіс. Жерленгенде марқұмды герметикалық пластикпен орайды. Грузияның шетелде жүріп коронавирустан қайтыс болған азаматтары сол елде жерленген. Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде екінші орында (146 мыңнан аса адам) тұрған Испанияда қайтыс болған Грузия азаматының мәйітін ауруханадан қабірге әкеткенде әрқандай бір қоштасу рәсімі де орындалмаған.

Діни қызметкер көлікке салынған табыттың маңында дұға оқып тұр. Испания, 2020 жылдың наурызы.
Діни қызметкер көлікке салынған табыттың маңында дұға оқып тұр. Испания, 2020 жылдың наурызы.

Грузия православия шіркеуі қабір басында емес, қашықтан дұға қайырудың христиан дініне қайшылық туғызбайтынын айтады.

Грек православия шіркеуі наурыз айында жұмысын жалғастыра беретінін жариялаған. Орыс православие шіркеуі де наурыз айында жабылмайтынын хабарлағанымен соңынан бұл райынан қайтты. Сәуірдің 5-індегі уағызында алдағы 2-3 аптаның ауыр болатынын айтқан митрополит Иларион елді храмға да келмей карантин шарттарын қатаң сақтауға шақырды. Ол діни қызмет – литургия тікелей транслация арқылы жүргізілетінін хабарлады. Ресейде 9 мыңға жуық адамнан вирус анықталып, 63 адам қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына орай коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге мейлінше аз адамның қатысқаны жөн. Және сүйек бір елді мекеннен екіншісіне тасымалданбайды. 8 сәуірдегі мәліметке сай, әлемде 1,5 миллионнан аса адам індетке шалдығып, 85 мыңдай адам қайтыс болды. 309 мыңдай адам дерттен айықты.

Азаттықтың ағылшын тілді сайтының тілшісі Голназ Эсфандиаридің мақаласы пайдаланылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG