Accessibility links

Испаниядағы шу. Қарттар үйінде вирустан көз жұмғандардың мәйіті бірнеше күн жатып қалған


Испания дәрігерлерді коронавирустан қайтыс болған адамның денесін шығарып жатыр. 2020 жылдың наурызы.
Испания дәрігерлерді коронавирустан қайтыс болған адамның денесін шығарып жатыр. 2020 жылдың наурызы.

Испанияда наурыздың 21-і күні басталған шу әлі басылар емес. Мадрид қаласының шетіндегі бірнеше жекеменшік қарттар үйінен коронавирус жұқтырып, көз жұмған қарттардың денесі табылған. Испания қорғаныс министрінің сөзінше, науқастар дер кезінде ауруханаға жеткізілмей, төсекте жатып, көз жұмған. Кейбір науқастар қайтыс болғаннан кейін де ұзақ уақыт бөлмесінде қалып қойған.

МӘЙІТТЕР ҚАЛАЙ ТАБЫЛДЫ?

Науқастардың денесін Испания әскеріне қарайтын төтенше жағдайлар бөлімінің (Unidad Militar de Emergencias, UME) қызметкерлері тапқан. Елде коронавирус кең тараған шақта әскерилер медициналық орталықтарды дезинфекциялауға көмектесе бастаған.

Кейінгі бірнеше күнде әскерилер 70 шақты қарттар үйін дезинфекциялаған. Испания ақпарат құралдары екі күн бойы қарттар үйінен денесі табылған науқастар туралы жарыса жазды. Бірақ билік бұл оқиғаға қатысты біраз уақыт ауыз ашпады. Тек наурыздың 23-і күні кешкісін қорғаныс министрі Маргарита Роблес Telecinco арнасында тараған ақпаратты растады. Наурыздың 24-і күні Испанияның Бас прокуратурасы қарттар үйінен табылған мәйіттер бойынша ресми тергеу жұмыстарын бастағанын, қылмыстық іске қарттар үйінің қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтты. Билік қарттар үйінде қанша адамның коронавирустан көз жұмғанын білмейміз деп отыр. Бұл халық арасындағы шуды одан әрі өршітіп жіберді. Бір анығы, қазір Испаниядағы қарттар үйі коронавирус эпидемиясының ошағына айналды. Елдегі 72 мекемеден коронавирус жұқтырған қарттар анықталды.

Испанияның ақпарат құралдары бірнеше оқиға жайлы жазды:

  • Мадридке жақын орналасқан Алькала-де-Энарес қаласындағы Francisco de Vitoria қарттар үйінде 20 шақты адам коронавирус жұқтырған. Әскерилер бұл мекемені бірінші кезекте дезинфекциялаған.
  • Мадридтің Чамартин ауданындағы қарттар үйінде кейінгі күндері қайтыс болған 13 науқастың бесеуінен коронавирус табылды. Қалғандарының жерлеу рәсімі өтіп қойғандықтан, олардың неден қайтыс болғанын анықтау мүмкін емес. Бұл қарттар үйіндегі 37 кәрі мен 40-тан астам қызметкерге коронавирус жұғып, карантинге жабылған.
  • Мадридтің шеткі аудандарында орналасқан Casa de Campo қалашығындағы Monte Hermoso резиденциясында да қарттар қайтыс болған. Ресми деректе қаза тапқандар саны 19 деп көрсетілген, ал ақпарат көздерінің айтуынша, кемі 25 адам құрбан болған.
  • Ресми дерек бойынша, Мадридтің солтүстік-шығысында орналасқан Меко қалашығындағы Orpea қарттар үйінде екі адам коронавирустан көз жұмып, тағы бір адамға вирус жұққан. Сондай-ақ қарттар үйінің бес қызметкерінен вирус табылып, олар оқшауланған. Ал қарттар үйі карантинге жабылған. Басқа деректерде мекемеде екі адам емес, 15 азамат қайтыс болғаны айталады Бірақ қарттар үйінің басшылығы бұл деректі толықтай теріске шығарып отыр.
  • Коронавирус фактілері Испания астанасына жақын орналасқан тағы бірнеше қарттар үйінде тіркелген. Олардың қатарында Мораталас ауданындағы Albertia, Amavir, Торрехон қаласындағы Nuestra Señora del Rosario, Сото-дель-Реалдағы Soto Fresnos, Барахас және Мората-де-Тахунья қалаларындағы қарттар үйі бар.

Daily Telegraph басылымына берген сұхбат берген испаниялық азамат әкесінің Monte Hermoso қарттар үйінде тұрғанын, 7 наурыздан бастап бұл мекемеде карантин жарияланып, қарттарға туыстарымен кездесуге тыйым салынғанын айтады. Оның сөзінше, әкесі өткен аптаның дүйсенбі күні қайтыс болған. Қарттар үйінің басшылығы ұлына әкесінің қазасы туралы хабар бермей, жерлеп тастаған.

«Мәйіттер бірнеше күн бойы қараусыз жатуы мүмкін» деген ақпаратты әлеуметтік мекеменің бірнеше қызметкері де растаған. El Pais басылымына сұхбат берген екі қызметкердің айтуынша, әскерилер жексенбі күні таңертең мекемені дезинфекциялау үшін бөлмеге кіргенде, өмірден өткеніне біраз уақыт болған адамның денесін тапқан.

ҚАРТТАР ҮЙІ БАСШЫЛЫҒЫ МЕН БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Кәрі адамдардың өлімі жайлы мойындай сөйлеген Испания қорғаныс министрі Маргарита Роблес қарттар үйінің басым бөлігі азаматтарға «лайықты қызмет көрсетеді» дегенді абайлап жеткізуге тырысты. Бірақ министр «өз міндетін дұрыс орындамайтын» ұйымдар да бар екенін атап өтті.

Испанияның әлеуметтік қызмет менеджерлері мен директорлары қауымдастығының басшысы Хосе Мануэль Рамирес «қарттар үйіндегі азаматтардың күтімі нашар» немесе «оларға мүлде қарамайды» деген пікірді жоққа шығарып, олардың жұмысынан «қылмыс іздемеуге» шақырды.

"Қызметкерлер ешқандай ресурссыз, вирустан қорғану құралдарынсыз батыр сияқты жұмыс істеп жүр" деді Рамирес.

Мадридтегі қарттар үйі. 18 наурыз 2020 жыл.
Мадридтегі қарттар үйі. 18 наурыз 2020 жыл.

Испанияның ақпарат құралдары «қарттар үйінің басым көпшілігінде коронавирус эпидемиясына дейін тәулік бойы жұмыс істейтін медбикелер болмағандықтан осындай жағдайға тап болдық» деп жазып жатыр. Журналистердің айтуынша, жедел-жәрдем қызметі өлім аузындағы адамдарды ауруханаға апармау үшін мұндай мекемелерден түскен қоңырауларға жауап бермей келген. Журналистер мұндай жағдайда қайтыс болған адамның өлімі біраз уақыттан кейін бір-ақ тіркелетінін айтады.

Қарттар үйі қызметкерлерінің сөзінше, вирус өршіп тұрғанда Испанияда өлім-жітім санының артуына байланысты жерлеу қызметі өкілдері кешігіп келетін болған. Ал қызметкерлердің жерлеу бюросынан біреу келгенше науқасты төсекте қалдырудан басқа амалы жоқ.

Қарттар үйінің қызметкерлеріне арналған нұсқаулыққа сәйкес, қайтыс болған адамның мүрдесі суық бөлмеге қойылып, жерлеу қызметі марқұмды сол жерден алып кетуі керек. Бірақ қарттар үйіндегі бір-екі адамға арналған арнайы суық бөлмелер коронавирус эпидемиясы кезінде тез толып жатыр. Испания билігі вирустан қаза болған адамдардың мәйітіне жолауға тыйым салды. Сондықтан коронавирустан адам қаза болған жағдайда, қызметкерлер жерлеу бюросының арнаулы киім мен респиратор киген өкілдерін күтуге міндетті.

Қазір Мадридтегі жерлеу қызметі қайтыс болған адамдарды алып кетуге үлгермей жатыр. Көбіне жерлеу агенттері денені алып кеткенше 24 сағатқа жуық уақыт өтеді. Мадрид мәйітханаларында орын жетпегеннен соң мәйіттер Palacio de Hielo мұз сарайына жеткізіле бастады.

Испаниядағы әлеуметтік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің көбі қарттар үйінде қорғаныш киімдер мен респиратор жетпейтінін айтады. Қарттарға әлеуметтік көмек көрсету мәселесіне жауапты Imserso мемлекеттік агенттігіндегі ақпарат көздерінің айтуынша, арнаулы жабдық пен респиратор тапшылығынан қарттармен жұмыс істеген медбикелердің көбі ауырып, карантинге жіберілген. Агенттік өкілдері «көп мекемеде қарттарға қарайтын адам қалмағанын, мұның соңы қайғылы жағдайға ұласқанын» айтады.

ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ?

Испания үкіметі өткен аптада «қарттар күтімімен айналысатын кез келген орталық науқастарға медициналық көмек көрсетуге мүмкіндігі болмаған жағдайда бұл туралы өңірлік және орталық билік органдарына хабар беруі тиіс. Сонда оларға әскерилер көмекке келеді» деген мәлімдеме жасады. Бірақ қиын жағдайда қалған мекеменің бәрі бірдей бұл кеңеске құлақ аспаған. Кейбір ұйымдар (Испанияда діни ұйымдар мен жеке қорларға тиесілі қарттар үйі көп) беделді мен қалталы клиенттерін жоғалтып алмас үшін мекеме ішінде болып жатқан жағдайды құпия ұстауға тырысады.

Испания үкіметі вирус тарап жатқан кезде, одан кейін де қарттар үйінің мәселесін қалай шешері белгісіз. Ел билігі қазіргі жағдай күтпеген соққы болғанын мойындап отыр. Эпидемиологтардың дерегінше, Испанияда кешегі тәуліктің өзінде коронавирустан 514 адам көз жұмған. Елдегі коронавирус құрбандарының жалпы саны 2600 адамнан асып кетті (қайтыс болған азаматтардың 87% – жасы жетпістен асқан қарт). Қазірге дейін Испанияда 40 мың адам коронавирус жұқтырған, оның төрт жарым мыңға жуығы – медициналық қызметкер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG