Accessibility links

Қытай коронавирусты шынымен жеңді ме?


Бейжің метросына жүрген тұрғындар. 10 наурыз 2020 жыл.
Бейжің метросына жүрген тұрғындар. 10 наурыз 2020 жыл.

Қытайда коронавирусқа қарсы үш айға созылған күрестің алғашқы нәтижесі наурыздың 18-і күні байқалды. Осы күні елдің ішінде вирус жұқтырған адам тіркелмеді. Қытайдың вирусты тоқтату үшін жасаған шаралары шынымен тиімді болды ма?

«Айдаһардың бақылауы» немесе «Мао стиліндегі әлеуметтік бақылау». Қытай шенеуніктері елдің орталық бөлігінде енгізген, коронавирустың тарауын тоқтату үшін жасаған шаралары халық арасында осындай атауға ие болды.

Қытай билігі коронавирус пен оның салдарынан туындайтын COVID-19 ауруының қаупін түсінген бойда жүздеген миллион адамды карантинге жауып, бақылауға алды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қытай эпидемиологтары миссиясының дерегінше, елде «ауруды тоқтату үшін бұрын-соңды болмаған ең қатал әрі жедел шаралар жүзеге асқан».

Мұндай шараларды жүзеге асыру Қытай сияқты авторитарлы елде ғана мүмкін болса керек. Осы аптада жарияланған деректерге қарағанда, қатаң шаралар нәтиже бергенге ұқсайды.

Наурыздың 18-і күні бұрын белгісіз болып келген вирусқа қарсы Қытай билігінің үш айға созылған күресі алғашқы нәтижесін берді. Ресми Пекин ел ішінде коронавирустың жаңа фактілері тіркелмегенін, ал инфекция жұқтырған ондаған науқас шетелден келгенін хабарлады. Ал Қытайда коронавирусты тоқтату шаралары нәтиже бере бастаған тұста Италияда қаза тапқандар бес мыңнан адамнан асып кетті. Бұл Қытайдағы вирус құрбандарының санынан (3270 адам) әлдеқайда көп. Басқа елдердің билігі жағдайдың қауіптілігін ескеріп, пандемияға байланысты бақылау шараларын күшейтті.

Басқа алты мемлекет — Италия, Испания, Германия, АҚШ, Иран мен Францияда —COVID-19 дертіне шалдыққандар саны Қытайдың көрсеткішін басып озған. Наурыздың 23-індегі дерек бойынша, Қытайда коронавирус жұқтырған 72 700 адам дертінен айыққан, алты жарым мың адам әлі де емделіп жатыр.

Қытайдағы бұл деректер әлем халқына үміт сыйлайды.

ПАНДЕМИЯНЫҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ БОЛА МА?

1,4 миллиард халқы бар Қытайда коронавирусқа қарсы күрестің нәтиже бере бастағанын қуана хабарлап жатқанына қарамастан, сарапшылар келесі жылы жаппай карантин тағы бірнеше рет қайталануы мүмкін деп ескертеді.

Сарапшылардың пікірінше, Қытай мен басқа мемлекеттерде қазіргі жағдай басылған соң, вирустың екінші толқыны басталуы мүмкін. Наурыздың 23-і күнгі дерек бойынша, әлемде 335 мың адам коронавирус жұқтырып, 14 700 азамат инфекция салдарынан көз жұмған.

Азияға вирус қайта келу қаупі өршіп, әлемде вирус жұқтырғандар саны күрт өскен тұста «Қытай желтоқсанның басында тарай бастаған вирус жайлы ақпаратты әлемнен және ғалымдардан жасырды, ауру туралы айтқандарды жазалады» деген сын екінші кезекке сырғыды. Ал Пекин мұндай сынға қарамастан әлем елдеріне қытайлық сарапшылар жинаған деректерді ұсынып, медициналық маска мен өзге де құралдар тиелген ұшақтарын көмекке жіберіп жатыр.

Covid-19. Әлем елдері бір-біріне қол ұшын созып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:47 0:00

Дерт шырқау шегіне жетерден бір ай бұрын Қытайдағы танымал тұлғалар вирустың өршуіне кінәлілерді іздеу мәселесін жасыру үшін Пекиннің АҚШ, Еуропа және басқа елдерге көмек беріп жатқаны жайлы айтып, жұрт назарын басқа жаққа аударуға тырысты.

Америкалық Politico саяси журналы мұны «Пекиннің нашар дайындалған пиар-науқаны» деп атады.

АҚШ-та коронавирусты «Қытай вирусы» деп атауға байланысты дау туды. Бірқатар шенеунік, әсіресе АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің өкілдері коронавирусты «Ухань вирусы» деп атап жүр. Наурыздың 17-сі күні АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео журналистерге берген сұхбатында коронавирусты бірнеше рет «Ухань вирусы» деп, «[Қытай шенеуніктері] жүргізіп отырған жалған ақпарат науқаны – жауапкершілікті басқаның мойнына жүктеу амалы» деді.

«Ухань вирусы туралы бірінші болып Қытай үкіметі естігенін білеміз. Бұл оларға бар жауапкершілікті жүктейді. Қытай үкіметі вирусқа назар аударып, «Бізде мәселе туды, бұл бұрын болмаған жағдай және вирус айтарлықтай қауіпті» деп дабыл қағуы керек еді. Әлем Қытайдың ішінде болған қауіп туралы өте кеш естіді» деді Пампео.

ЖАҢА ЖӘНЕ БЕЙТАНЫС ЖАУ

Генетикалық сараптамаға сәйкес, жаңа коронавирус жануардан адамға қараша айының үшінші аптасында жұққан. Инфекция жұқтырудың алғашқы фактілері Хубэй провинциясының халық тығыз орналасқан Ухань қаласында тіркелген.

Әзірге коронавирусқа қарсы екпе жоқ. Қазір дәрігерлер COVID-19 дертін қосалқы терапиямен емдеп, қолда бар препараттарды қолданып жатыр. Көп сарапшы «коронавирусқа қарсы вакцинаны жаппай қолданысқа енгізу үшін бір жылдан 18 айға дейін уақыт керек» деп есептейді.

Қаңтар айының соңында әлем елдері ғаламдық қауіпті бағалауға тырысып жатқанда Қытайдың вирустың таралуы туралы ақпаратты жасыруы басты назарға ілінді.

Ақпанның 3-і күні вирустан қаза тапқандар саны 400-ге жетіп, инфекция жұқтырған адамдардың қатары күрт өскенде, Қытайдың билеуші Коммунистік партиясы коронавирустың таралуы «басқару жүйесіне үлкен сынақ» болатынын мойындады.

Осы аптада Компартия коронавирустың қаупі туралы ескертуге тырысқан дәрігерге қатаң шара қолданған ресми тұлғаларды ашық сынады. Полицейлер кешірім сұрады. Қаңтар айының басында офтальмолог Ли Вэньлян инфекция жұқтырып, бір айдан кейін COVID-19 дертінен көз жұмған. Ол тез тарала бастаған ауруға дереу көңіл бөлу керек деп дабыл қаққан. Бірақ оны полиция жалған ақпарат таратты деп айыптаған еді.

Ақпан айының басында Қытайда ауру тез тарап, бірнеше елде вирус жұқтырған азаматтар тіркелген кезде, ондаған миллион қытай CCTV мемлекеттік арнасының эфирінен 10 күн ішінде COVID-19 жұқтырған науқастарға арналған 2600 орындық аурухананың қалай салынғанын тамашалады.

Уханьдағы аурухана құрылысына басқа мемлекеттердің азаматтары да куә болды. Жапониялық Nikkei Asian Review басылымы қытайлық көрермендер құрылыста пайдалған крандарға Little Yellow және Little Blue деген атау бергенін жазды. Шын мәнінде бұл жағдай алда қиын күндер келе жатқанын, баяу қимылдауға болмайтынын анық көрсеткен еді.

КАРАНТИН ЖӘНЕ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ

Қытай вирустың таралуын қатал карантин, «big data» мен жасанды интеллектің құрылғыларының көмегімен тоқтатты деуге болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Қытайға қаңтар айында жолдаған хатында вирусқа қарсы шаралар «Қытай халқына әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан әсер етіп жатыр» деп жазды.

New York Times басылымының есебінше, әлеуметтік оқшаулау кезінде 760 миллион қытайлық үйде отыруға мәжбүр болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жасанды интеллект көмегімен адамның түр-тұлғасын ажырату технологиялары және «big data” құралдары науқастармен байланысқа түскендерді анықтау және халықтың ерекше назар аударуды қажет ететін топтарын бақылау мақсатында қолданылған.

Қаңырап қалған Ухань қаласы. 10 наурыз 2020 жыл.
Қаңырап қалған Ухань қаласы. 10 наурыз 2020 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы қытайлық оқшаулау әдісінің қатаңдығын, азаматтарды жөн-жосықсыз ұстау шарасын сынады. Ұйым қытайлық қатаң шаралардан зардап шеккендердің тізімін жариялады. Тізімде туыстары карантинге жатқызылғаннан кейін күтімсіз қалып, көз жұмған мүгедек бала да бар.

HRW қаңтардың 30-ы күні жариялаған «Қытай: коронавирус кезінде адам құқықтарын сақтау» деп аталатын баяндамасында Пекинді оқшаулау шарасы кезінде шектен шықпауға шақырды. Көп ұзамай Қытайдағы бақылау кезінде адамның түр-тұлғасын ажырату технологиялары қолданылғаны туралы ақпарат тарады.

Катарлық Al-Jazeera арнасы туған жері Сычуаньға барған Хубэйдегі қонай үй мейрамханасын басқаратын азаматқа кешкісін полиция келіп, екі апта карантинде отыруды тапсырғанын хабарлады. Ол көкөніс алуға шыққанда ізінше полиция келген. Соған қарағанда, полиция тәртіп бұзған адамды анықтау үшін бейнебақылау камерасы мен адамның түр-тұлғасын ажырату жүйесін пайдаланғанға ұқсайды.

Франция, Чехия, Италия сынды елдердің билігі азаматтардың қауіпсіздігі үшін мониторинг жүргізу мен бақылаудың қатаң формасын пайдаланбай мәселені шешуге тырысып жатыр.

Наурыздың 19-ы күні ақпарат алмасу мақсатында Солтүстік Италияға барған Қызыл кресттің Қытайдағы бөлімінің ресми өкілі Сунь Шуопен Уханьда жүргізілген күштеп оқшаулау саясатының арқасында бір айдан кейін қалада инфекциялық ауруға шалдыққандар саны қысқарғанын айтып мақтанды.

— COVID-19 дертінен көп зардап шеккен Миланда қабылданған шаралар өте әлсіз, — деді ол.

Италия жұрты карантинді қалай өткізіп жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:19 0:00

«Қытайдың вирусқа қарсы реакциясын Батыс мемлекеттерінде қолданыла ма?» деген сауал туындағанда, азаматтардың жеке бостандығы қорғалған қоғамда мұндай шараларды жүзеге асыру қиын деген пікір айтылды. Гонконг университетінің инфекциялық аурулар бойынша сарапшысы Бен Коуллинг Time журналына берген сұхбатында «Адамдардың өмірін сақтау мен олардың күнделікті құқығын қорғаудың арасында тепе-теңдік болуы керек» деді.

Сыншылардың бір бөлігі Қытай шенеуніктерінің қатаң оқшаулау шарасы кезінде халық пікірін ескермегенін, биліктің инфекцияның жануардан адамға жұққанын жасырып, вирустың таралуы туралы шынайы деректі азайтып көрсетуге тырысқанын, қоғамды коронавирус қаупі туралы ашып айтпағанын сынады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Қытайда COVID-19 жұқтыру фактілерін азайтуға болады» деген қорытындыға келген. Кейінгі күндерде жарияланған статистика да осыны растайды. Бірақ қазір пандемияға қарсы күрес жалғасып жатқан Қытай мен әлемді «Жағдай қазіргі қалпында қала ма?» деген сұрақ мазалайды.

Өткен аптада вирус алғаш шыққан Хубэй провинциясындағы қатаң карантин жартылай тоқтатылды. Аймақта жүріп-тұруға салынған тыйымның күші жойылды. Халық көшеге шыға бастады. Осы тұста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайды коронавирусының қайта таралуына жол бермеуге шақырды.

Бұдан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр елдің билігіне «COVID-19 фактілерін мойындап, вируспен күресті бірден күшейту керек» деп ескертті.

Ал 2017 жылы шыққан «Өлім қаупін туғызған жау: бактерияларға қарсы соғыс» кітабының авторы Майкл Остерхольм өткен аптада коронавируспен күресті «желді тоқтатуға талпыныс» деп атады.

— Жұрт әлеуметтік оқшаулануды доғарып, апталап үйде отырғаннан кейін жұмысқа шыққанда, ұшақ, поезд, метро, автобусқа қайта отыра бастағанда, халық көп шоғырланған жерлерге барғанда Қытайдың өзіне де [коронавирус] қайта орала ма деп қауіптенеміз, - деді ол.

Азаттық радиосы/Азат Еуропа сайтының тілшісі Энди Хэйлдің мақаласы ағылшын тілінен ықшамдалып аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG