Accessibility links

Бақыт Өтегенов: "Вирустың бізге қатысы жоқ деп ойлап келдік"


Инфекционист дәрігер Бақыт Өтегенов науқастардың бірін қарап жатыр.
Инфекционист дәрігер Бақыт Өтегенов науқастардың бірін қарап жатыр.

Қазақстанда наурыздың 21-і, таңертеңгі ресми дерекке сәйкес, коронавирус жұқтырғандар саны 52-ге жетті. Алматыда - 22 адам, Нұр-Сұлтанда - 28 адам, Қарағандыда 2 адам емделіп жатыр. Мамандар тұрғындарды вирустан сақтанудың қарапайым ережесін орындауға, күмәнді ақпаратқа сенбей, ресми орындардың кеңесіне құлақ асуға шақырады.

"24 САҒАТТЫҚ ЖҰМЫС РЕЖИМІНЕ КӨШТІК"

Алматы қаласының клиникалық инфекциялық ауруханасында коронавирус жұққаны анықталған 20 адам ем қабылдап жатыр. Аурухана бас дәрігерінің орынбасары, инфекционист дәрігер Бақыт Өтегенов Азаттыққа науқастардың тек біреуінің жағдайы «орташа ауыр», қалғаны - «қанағаттанарлық» жағдайда екенін айтты.

- Бұл дерт көрші Қытайдан шығып, әлемдік деңгейге жеткенде-ақ біздің де дайындалуымыз керек екенін түсіндік. Сондықтан министрлік бастамасымен қаңтар айынан бастап шеберлік кластарын өткізіп, стационардағы дәрігерлерге дәріс беріп, ауруханаларды дайындауға кірістік. Қазір әлемде бұл дертті емдеудің нақты жолы жоқ, дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған клиникалық ем-дом шараларын қолданып жатырмыз, препараттар мен жабдық жеткілікті, - деді Өтегенов.

Инфекционист дәрігер Бақыт Өтегенов.
Инфекционист дәрігер Бақыт Өтегенов.

Оның сөзінше, қалалық инфекциялық аурухана штатындағы барлық 21 инфекционист дәрігер соңғы бір аптадан бері 24 сағаттық жұмыс режиміне көшкен.

- Штаттағы дәрігерлерімізден өзге бізге инфекциялық аурулар кафедрасының ұстаздары да көмекке келді. Барлығымыз күні-түні ауруханадамыз. Үйге бармаймыз. Наурыздың 13-і күні алғашқы науқас тіркелгеннен бастап осындамыз, - дейді дәрігер.

Бақыт Өтегеновтің өзі үйінде соңғы рет наурыздың 11-і күні болғанын айтады.

- Алты жасар қызым бар, ол әкесінің жұмыста болуы керектігін түсінеді, ақылы көп. Дәрігерлеріміздің барлығының отбасы түсіністікпен қарайды, үйдегілермен телефон, мессенджер арқылы байланысып отырмыз, - дейді бас дәрігерінің орынбасары.

Инфекциялық аурухананың іші санитарлық режимге сәйкес екіге бөлінген. Алғашқысында науқастар жатыр. Ал екінші аймақта дәрігерлер демалып, тамақтанады.

"КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫН САҚТАУ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ"

Бақыт Өтегенов жағдайы аса ауыр емес науқастарды күніне үш рет аралап, ал жағдайы ауыр сырқатты әр үш сағат сайын қадағалап, бақылауда ұстайтындарын айтады. Дәрігерлер науқастарды респиратор, арнайы маска мен комбинезоннан тұратын арнайы киім киіп, аралап шығады.

- Аурудың динамикасын тіркеп, ем-дом жасаймыз. Осындай киіммен барған бізді көрген науқасқа да оңай емес. Басында олармен арада аздаған түсініспеушілік болып, жанжалға дейін бардық. Кейін әңгімелесіп, жағдайды түсіндірген соң сабырға келді. Олар да, біз де карантин дегенді бұрын-соңды білмедік, бізге қатысы жоқ, мүлде алыс деп ойлап келдік қой. Ал бізде карантин жарияланғаннан кейін жұртта қорқыныш бары жасырын емес, - дейді Бақыт Өтегенов.

Инфекционист дәрігер Бақыт Өтегенов науқастардың бірін қарап жатыр.
Инфекционист дәрігер Бақыт Өтегенов науқастардың бірін қарап жатыр.

Дәрігердің сөзінше, COVID-2019 вирусы туралы ескертулер қыс айынан бастап айтылғанына қарамастан дерт тараған елдерге барған кей азаматтар қалай вирус жұқтырып алғанын өздері де білмейді.

Бақыт Өтегенов қазіргі жағдайда қоғамдық орындарға бармай, карантин талаптарын қатаң сақтау аса маңызды екенін ескертеді.

- Шетелден келгендер өздерін оқшаулағаны абзал. Қайсыбір клиникалық симптомдар байқалса бірден жедел жәрдем шақыруы керек және қай елден келгенін бірден ескертуі міндетті. Сол арқылы өзіне келетін медициналық қызметкерді вирус жұқтыру қаупінен сақтайды. Сонда дәрігер арнайы киім киіп, дайындалып барады. Қазіргі жағдайда әрбір медицина қызметкері қымбат, - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, дәрігер көмегіне жүгінген адамның ағзасында вирустың бар-жоғын анықтау үшін мұрын мен жұтқыншақтан алынған жағынды мен қан құрамы тексеріледі. Ағзада вирустың бар-жоғы бір тәуліктің шамасында анықталады. Анализдерді Алматыдағы ұлттық сараптама орталығы мен Масғұт Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғылыми орталығының мамандары зерттеп, анықтайды.

Бақыт Өтегенов науқас адамдар Қазақстанға вирусты шетелден жұқтырып келгендіктен оның жұрт арасына тарап, бақылаудан шығып кетпеуі үшін Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин жарияланғанын құптайды.

- Ең алғашқы екі науқас наурыздың 13-і күні тіркелді, ал 19-ынан бастап карантин енгізілді. Бұл дер кезінде қабылданған шара деп санаймын. Қытайдың Ухань қаласы мен өзге елдерде карантин тек бір айдан кейін жарияланған, бірақ ол кезде вирус ырық бермей, тез тарап кетті, - дейді ол.

Қарай отырыңыз: Карантинге жабылған Алматының тіршілігі

Карантинге жабылған Алматының тіршілігі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:30 0:00

Өткен жылдың соңында Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында алғаш тіркелген Covid-19 коронавирусы содан бері 160-тан астам елге тарап, 250 мың адамға жұқты. Осы кезге дейін вирустан 10 мыңнан аса адам қаза болды. 86 мыңнан аса адам дерттен айыққан.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 вирусын "пандемия" деп жариялаған. Тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітетін бұл вирус әсіресе егде адамдар мен созылмалы ауруы бар адамдарға аса қауіпті деп саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG