Accessibility links

Ақтөбе: Белсенділер "Көше партиясына" байланысты полициядан ескерту алғандарын айтты


Полиция көлігі. Көрнекі сурет.
Полиция көлігі. Көрнекі сурет.

Ақтөбелік белсенділер жұма күні полицияға жаппай шақырту алып, "Көше партиясы" қозғалысына қатысты сауалдарға жауап берген.

29 мамырда түс кезінде Сазды полиция бөліміне барған Ақтамақ Көптілеуова белсенді Роза Бекешованы жолықтырғанын айтады.

- Учаскеде Розаны көрдім. Өзге белсенділер де полицияға барып, тергеушімен профилактикалық әңгіме құрғандарын әлеуметтік желіде жазып жатты. Ондай әңгімені полиция менімен де өткізді. ҚДТ (Қазақстанның демократиялық таңдауы) мен "Көше партиясы" қозғалыстары туралы сұрады. "Егер сіз осы қозғалыстар құрамында болсаңыз, материалдық қолдау көрсетсеңіз, үгіт-насихат жүргізсеңіз, қылмыстық жауапқа тартыласыз" деп ескертті, - дейді Ақтамақ Көптілеуова.

Белсенді өзінің бұл ұйымдарға "қатысы" туралы:

- Мен ең алғаш рет 2016 жылы жер дауына қатысты митингіге қатыстым. Ол кезде ҚДТ туралы мүлдем білмейтінмін. "Көше партиясы" да болған емес. Кейін экология, коррупция мәселелері мен Қытай жобаларына қарсылық білдірген жиындарға да бардым. Саяси тұтқындарға бостандық талап етушілер санатында да болдым. Бұл - менің азаматтық позициям. Өзім қаламасам, мені үйімнен ешқандай қозғалыс алып шыға алмас еді, - деді.

Ақтамақ Көптілеуованың айтуынша, 29 мамыр күні Сазды полиция бөлімінде прокуратура мен әкімдік қызметкерлері де болған. Екі сағатқа созылған профилактикалық әңгіме барысында тек ҚДТ ("Қазақстанның демократиялық таңдауы") мен "Көше партиясы" қозғалыстары туралы айтылған.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті белсенділердің учаскеге шақыртылғанын растап отыр. Полицияның мәліметінше, олар "қылмыстық іс куәгері ретінде" жауап берген. Дегенмен полицияның баспасөз қызметі қандай қылмыстық іс бойынша қанша адамның шақырылғанын ашып айтпады.

19 мамырда Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты тіркелмеген "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Осыдан соң Қазақстанның түрлі аймағында ондаған белсендінің "профилактикалық әңгімеге" полицияға шақыртылғаны хабарланған еді.

Оқи отырыңыз: ҚДТ үшін айыпталғандарды енді "Көше партиясы" үшін полицияға шақырып жатыр

27 мамырда "Көше партиясы" қозғалысының белсенділері мен адвокаты қозғалысты "экстремистік ұйым" ретінде тану туралы сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсіргендерін хабарлады.

Шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі "экстремистік" деп танығанмен Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG