Батыс Қазақстан облысында коронавирустан бір адам қайтыс болды. Науқас 1967 жылы туған. Бұл туралы 31 мамырда түнде денсаулық сақтау министрілігі хабарлады.
"Адам өлімін зерттеу комиссиясы науқас коронавирус инфекциясынан қайтыс болды деген шешім қабылдады" делінген ресми хабарламада.
Ресми мәлімет бойынша, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұққандар арасында адам өлімі болмаған. Бұл облыста тіркелген алғашқы өлім.
Жексенбі кешкі уақыттан бері министрлік осымен үшінші адамның коронавирустан қайтыс болғанын хабарлап отыр. Бірнеше сағат бұрын ведомство Шымкент қаласы мен Павлодар облысында 1959 жылғы ер адам мен 1966 жылғы әйел адамның қайтыс болғанын хабарлаған.
Елде коронавирустан барлығы 41 адам қайтыс болды. Бұған дейін Азаттық Қазақстанда коронавирустан көз жұмған адамдар туралы ресми дерек пен вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны арасында айырмашылық барын жазған.
Елде барлығы 10 858 адамнан коронавирус табылған. 5 мыңнан астам адам жазылған.
ПІКІРЛЕР