Accessibility links

Нұр-Сұлтан мен Алматыда блокпосттар алынды. Тауар базары, балабақша, монша ашылды


Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай, карантин. Нұр-Сұлтан қаласына кіреберістегі блокпост. 5 мамыр 2020 жыл.
Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай, карантин. Нұр-Сұлтан қаласына кіреберістегі блокпост. 5 мамыр 2020 жыл.

1 маусымнан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы блокпосттар алынды. Олар осыдан екі жарым ай бұрын елде Төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін қойылған.

Бүгіннен бастап тауар сататын базарлар да жұмысын бастап, балабақшалардың кезекші топтары балаларды қабылдай бастады. Қоғамдық монша мен SPA-орталықтар да жұмысқа кірісті. Барлығына санитарлық норманы орындау міндеттелген.

Бұған дейін Алматы қаласы санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысымен, 25 мамырдан бастап жазғы кафелер, ресторандар, қонақ үйлер, азық-түлік сататын базарлар, ХҚКО, сауда орталықтарындағы бутиктер, сұлулық салондары, химиялық тазалау ашылған болатын. Тамақтану орындары іште 30, сыртта 50 адам қабылдай алады. Той, банкет өткізуге әлі де тыйым салынады. Көшеде маска тағу міндет.​

Нұр-Сұлтаның бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысына сай, тұрғындар сыртқа шыққанда, қоғамдық көлікте маска тағып, қолғап киюі тиіс. Аулаға, паркке, алаңдарға, жағалауларға барғанда бір отбасының мүшесі болмаса, үш адамнан артық жиналуға болмайды. Саяжайларға шығуға рұқсат. Той, еске алу, қоғамдық шаралар өткізуге тыйым салынады. Жеке және қызметтік көлікті жүргізгенде маска, қолғап кию қажет. Қалада кафелер мен дәмханалар 50 адам қабылдай алады. Сауда орталықтары да ашылған. Діни орындарда бір уақытта елу адамға дейін құлшылық ете алады.

Қазақстанның өзге аймақтарында ондағы эпидемиалогиялық ахуалға қатысты аймақтық шектеулері әлі бар. Денсаулық сақтау министрлігінің 1 маусымдағы мәліметіне сай, Қазақстанда 11 мыңнан аса адамнан коронавирус табылды

Дәрігерлер карантин шаралары жеңілдесе де, жұртты арақашықтықты сақтап, маска киіп, қолды жиі жуып жүруге шақырады.

Polisia.kz сайтының хабарлауынша, карантиндік режим кезінде елде 400-ге жуық блокпост жұмыс істеп, онда 52 мыңға жуық адам қызмет еткен. Бекеттерде полицейлер, әскерилер, эпидемиологтар мен жергілікті әкімдік өкілдері кезекшілікте болды.

Қазақстан үкіметі елдің екі ірі қаласы – Алматы мен Нұр-Сұлтанды наурыздың 19-нан карантинге жапқан. Мамырдың 11-і күні төтенше жағдай аяқталды, бірақ эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин күшінде қалып, блокпосттар осы күнге дейін сақталып келді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG