Accessibility links

Қарағандыда сот ғимараты алдында өзін өртемек болған тұрғынды полиция ұстады


Қарағанды қаласының оңтүстік-шығыс полиция бөлімшесі. 3 маусым 2020 жыл.
Қарағанды қаласының оңтүстік-шығыс полиция бөлімшесі. 3 маусым 2020 жыл.

Қарағанды облыстық сот ғимаратының алдында 2 маусымда "әділетсіз сот үкіміне" қарсылық таныту үшін бензин шашып, өзін өртемек болған Геннадий Нәдірбековті полиция ұстады. 3 маусымда Нәдірбеков Азаттық тілшісіне осыны хабарлады. Оның айтуынша, сәрсенбі күні таңертең полиция қызметкерлері үйіне келіп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама тапсырып, бөлімшеге әкеткен. Нәдірбеков жолшыбай полиция көлігінен Facebook-та тікелей эфирге шығып, өзін Қарағанды қаласы полициясының оңтүстік-шығыс бөлімшесіне апара жатқанын хабарлаған.

- Мені "ұсақ бұзақылық жасады" деп айыптап, үстімнен әкімшілік хаттама толтырды. Бүгін [Нұр-Сұлтан қаласындағы] Жоғарғы сот, бас прокуратура және Ақордаға бармақшы едім. Бірақ олар мені үйден алып кетіп, мұрсат бермеді. Үш миллион теңге айыппұлды төлеуім үшін сот маған жеті ай уақыт берген. Бұл айыппұлды төлеу үшін көлігімді де сатқым келген. Бірақ карантинге байланысты сата алмадым. Мемлекет мені жұмыссыз ретінде танып, 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы төледі, - деді Геннадий Нәдірбеков.

Бөлімшеге күйеуімен бірге барған Нәдірбековтің әйелі шағын видео түсіріп, полиция қызметкерлерінің күйеуін ішке алып кеткен сәтін түсіріп алған. Бірақ ішке әйелін кіргізген жоқ.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Жанатай Сембеков Нәдірбековтің үстінен әкімшілік хаттама толтырылғанын растады. Сембековтің айтуынша, әкімшілік істі сот қарайды, бірақ ол Нәдірбековке нақты қандай айып тағылғанын айтпады.

49 жастағы Нәдірбеков 2 маусымда Қарағанды облыстық соты ғимараты алдына бензин құйылған екі канистрмен барып, өзінің үстіне және баспалдақтарға бензин құйған.

Оның қолында "сот, прокурор және жемқорлықпен күрес қызметінен құралған қылмыстық топтың әрекетін түсіндіруді талап етемін. Бұлар - 37 жылғы жендеттер. Істі қолдан ұйымдастырудың шеберлері" деген жазуы бар плакат болған. Нәдірбеков "жалған куәлік етуден бас тартқаным үшін қылмыстық іс қозғады, әділетсіз сотталдым" дейді.

Облыстық сот қызметкерлерінің айтуынша, бұған дейін "Алаяқтық" және "Астыртын түрде қылмыстық құқықбұзушылыққа бару" баптары бойынша айыпталған Нәдірбековке үш миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырған. Сот қызметкерлері сейсенбі күні Нәдірбеков "жауапкершіліктен жалтару үшін" суицид жасауға тырысты, бірақ оған жол берілген жоқ деді.

Қазақстанда сот шешіміне наразы азаматтар наразылыққа жиі шығады. Былтыр тамыз айында бір топ азамат бас прокурормен кездесуді талап етіп, "заңсыз сот шешімдерін қайта қарауды" талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG