Accessibility links

Қарағандыда қайтыс болған ер адам коронавирус анықталған ұжымда жұмыс істеген


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қарағанды облысында коронавирустан қайтыс болған 56 жастағы ер адам бұған дейін жұмысшыларынан COVID-19 анықталған ұжымда жұмыс істеген. Бұл туралы Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Ер адам 3 маусымда көз жұмған. Бұл облыста коронавирусқа байланысты тіркелген төртінші өлім. Науқаста екі ілеспе ауру - артық салмақ пен кардиомиопатия және екіжақты пневмония, "тыныс алу және бүйрек жетіспеушілігі" болған. Ол COVID-19 ауруының ауыр түріне шалдыққан. Ауру белгілері 15 мамырда байқалған.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, науқас дене қызуын өз бетімен төмендетуге тырысқан. Екі күннен кейін жедел жәрдем көлігін шақырған. Оны әуелі провизорлық ауруханаға жатқызған, кейінірек COVID-19 диагнозы қойылғаннан кейін инфекциялық ауруханаға ауыстырған.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, облыста сәрсенбі күні 68 жаңа науқас анықталған. Қарағанды, Теміртау қалалары, Бұқар жырау, Абай, Шет, Ұлытау аудандары тұрғындарынан вирус табылған. Олар науқастармен жақын араласқан.

Қарағанды облысында 20 наурыз бен 3 маусым аралығында 1024 науқас тіркелген. 4 адам қайтыс болған. Олар Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларында тұрған. 314 науқас жазылған.

Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, 12 067 адамнан коронавирус табылған. 48 адам қайтыс болған. Өткен тәулікте 271 адамнан вирус табылды. Барлығы 6240 адам жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG