Алматы қаласының бұрынғы бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры болып тағайындалды. Бұл туралы жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
Елде коронавирус індеті өршіп тұрған шақта - сәуір айының ортасында Айзат Молдағасымованың Алматы қаласының бас санитар дәрігері қызметінен кеткені хабарланған еді. Оның орнына Жандарбек Бекшин келген.
Informburo сайтының жазуынша, бұған дейін шенеуніктің "өзіне ірі көлемде сыйақы тағайындағаны туралы" ақпарат пайда болған. Молдағасымова Halyk Bank-тен ақшалай сыйақы алғанын растап, бірақ сыйақыны өзі тағайындамағанын айтқан. Кейінірек жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласындағы "медицина қызметкерлеріне үстемақы үлестіру ісі" бойынша тексеру басталғанын хабарлаған.
Сәуір айында Алматыда орталық қалалық клиникалық аурухананың 200-ге жуық медицина қызметкеріне коронавирус жұққаны анықталған кезде Молдағасымова дәрігерлердің өздері "қажетті дәрежеде сақтық шараларын жасамады" деп мәлімдеген. Ал дәрігерлер мен медбикелер бұл тұжырыммен келіспей, кейбір дәрігерлер бас санитар дәрігерін сотқа беретінін айтқан.
48 жастағы Айзат Молдағасымова 2017-2019 жылдары Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментін басқарған. 2019 жылдың мамыр айы мен 2020 жылдың сәуір айы аралығында Алматы қаласының тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жетекшісі болған.
ПІКІРЛЕР