Accessibility links

Полиция марқұм белсенді Ағаділдің баласын ұстап, кейін босатты


Дулат Ағаділдің суретін ұстап тұрған белсенді.
Дулат Ағаділдің суретін ұстап тұрған белсенді.

Нұр-Сұлтан абақтысында ақпанда белгісіз жағдайда көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің баласы Нұрболат Ағаділовті полиция Ақмола облысының Талапкер ауылында көшеден ұстап әкетіп, кейін босатты. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің әйелі Гүлнар Қасымханова мен Нұрболат Ағаділовтің өзі айтты.

Қасымханованың сөзінше, полиция баласын және туысын Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция бөлімшесіне апарған. Ола "жарынан айырылып, жарасы жазылмай отырса да, құқық қорғау органдары тарапынан отбасына бақылау тоқтамай отырғанын" айтты.

- Жол полициясы таңертең өз шаруасымен көлікпен кетіп бара жатқан балам Нұрболат Ағаділовті тоқтатып, еш себепсіз көліктеріне салып алып, машинасын полиция қызметкерлері айдап әкеткен. Оның артынан жеке кетіп бара жатқан туысым Бекзат Шәкіровті де күшпен полиция көлігіне салып алып кетті. Қатты қорықтым. Ести сала жұмысымды тастап, полиция бөлімшесіне жүгірдім. Барсам оларды босатып қоя беріпті, - деді ол.

Қасымханова "Бекзат Шәкіровке арнайы жасақтың күш көрсетуі салдарынан мойыны қанталап кеткенін" айтты. Сөзінше, полиция бөлімшесіндегілер оларды не үшін ұстағандары жайлы түсінік бермеген.

Нұрболат Ағаділов те Азаттыққа полиция бөлімшесінің ішінде Бекзат Шәкіровке күш қолданып жатқанын көріп, арашалағанын айтады.

Азаттық тілшісі Целиноград аудандық полиция бөлімшесіне хабарласқанда кезекші полицей Нұрзат Имантаев басшылары тек түске дейін жұмыс істегенін, қазір орынында жоқ екені айтып, аталған екеудің тек 10 минут ұсталғанын растады. Имантаев екеуінің не үшін ұсталғанын ашып айтпады.

Ағаділов пен Шәкіров елде екі оппозициялық топ митингіге шақырған күні ұсталды. Бір-бірін сынап жүрген тіркелмеген екі оппозициялық топ - шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Аблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) мен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай жұртты 6 маусымда билікке қарсы митингіге шақырған еді.

Полиция мен арнайы жасақ митинг өтеді деп белгіленген жерге келгендерді ұстап, наразылық шарасына кедергі келтірді. Митингіге келгендер несиеге жаппай амнистия жасауды, саяси тұтқындарды босатуды, жерді шетелдіктерге сатпауды әрі жалға бермеуді талап етті.

  • Ағаділ 25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмған еді. ІІМ оның өліміне "жүрек талмасы" себеп болды деген.
  • Ағаділді 24 ақпанда түнде қарапайым киімдегі бірнеше адамның үйінен күштеп әкеткен. Полиция департаменті баспасөз қызметі белсендіні тергеу изоляторына әкетуді "тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен қамауға алынды" деп түсіндірген еді.
  • Кейін марқұм жерленген соң, 27 ақпанда әлеуметтік желіде Дулат Ағаділдің мәйітінің видеосы тараған. Видеоны түсірген адам оның денесінде көгерген іздер барын айтады. Сол кезде жергілікті прокуратура "видео интернетке белсендінің туыстарының рұқсатынсыз жарияланды, денедегі дақтар – биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеген.
  • Дулат Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында наразылық акциялары өтіп, қатысушылар белсендінің қазасына билікті кінәлап, әділ тергеуді талап еткен.
  • 28 мамырда бас прокуратура Ағаділдің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істің тоқтағанын хабарлады. Арнайы комиссия «Ағаділдің денесінде жарақат іздері болмаған» деген шешімге келген. Жақындары бұл шешіммен келіспей, қайта шағым түсірді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG