9 маусым күні елде 685 адамнан коронавирус табылды. Бірақ вирус жұқтырғандардың жалпы санына оның 245-і ғана енді. Бір тәулікте 278 адам жазылып, 3 адам қайтыс болған.
Қазақстан билігі 6 маусым күні вирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек санауға көшкенін, індет белгісі жоқтарды бұдан былай негізгі статистикаға кіргізбейтінін хабарлады. Кейінірек бас санитарлық дәрігер санақты бұлау жүргізудің 3 маусымнан басталғанын айтты.
Билік вирус жұқтырғандарды ауру белгісінің болу-болмауына байланысты "ауырғандар" және "тасымалдаушылар" деп екіге бөліп отыр.
Тәуліктің қорытынды есебінде тек "ауырғандар" көрсетіледі.
Мысалы 9 маусымның есебі былай хабарланды: "Қазақстанда өткен тәулікте 245 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды"
Тасымалдаушылар саны тек бір сағаттан кейін шықты.
"2020 жылғы 9 маусымдағы жағдай бойынша жалпы статистикаға қосылмаған коронавирус індетінің белгілері жоқ 440 тасымалдаушы тіркелді" делінген биліктің Telegram-дағы коронавирусқа арналған каналында.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 13319 адам коронавирус індетімен ауырған, одан бөлек ауру белгісі жоқ 2136 адам бар. Бірақ биліктің коронавируспен күрес жөніндегі coronavirus2020.kz сайтында тек бірінші сан көрсетілген, "тасымалдаушылар" саны басты бетте жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Джонс Хопкинс университеті Қазақстан туралы мәлімет бергенде осы сайтқа сүйеніп, вирус жұқтырғандарды азайтып көрсетуге үлес қосып жатыр.
4 маусымда билік коронавирус өлімін де екі бөлек санап отырғанын хабарлаған болатын. Оның алдында Азаттық коронавирустан қайтыс болғандар жерленетін зиратта көмілген орын саны билік көрсеткен саннан көп екенін әшкерелеген.
ПІКІРЛЕР