Accessibility links

Ақтөбелік кәсіпкерлер биліктен тойханалар мен мейрамханаларды ашуды талап етті


Ақтөбелік кәсіпкерлер тойхана мен мейрамханаларды ашуды талап етіп тұр. 10 маусым 2020 жыл.
Ақтөбелік кәсіпкерлер тойхана мен мейрамханаларды ашуды талап етіп тұр. 10 маусым 2020 жыл.

10 маусымда Ақтөбеде банкет, той жасайтын ресторандардың иелері мен жұмысшылары облыстық әкімдік алдында наразылыққа шығып, биліктен жұмыс істеуге рұқсат талап етті. Бұл – ақтөбелік рестораторлардың кейінгі бір ай көлеміндегі үшінші наразылық шарасы.

Аймақта коронавирус тарауына байланысты той я банкет жасауға тыйым салынған. Соған сай ірі тойханалар мен мейрамханалардың да жұмыс істеуіне рұқсат жоқ.

Әкімдік алдына жиналған ондаған кәсіпкердің бірі Ақмарал Таңатарова "Әр күніміз стресспен өтеді. Жұмысшыларды таратып жіберер-жібермесімізді де білмейміз. Бұл қашан бітеді? "Ресторандар мүлдем ашылмайды" деп те айтпайды. Белгісіздіктен шаршап кеттік. Ашпайтын болса, билік вируспен күреске бөлінген қаржыдан ресторандарға компенсация төлесін" дейді.

Наразы топ облыс әкімдігінің алдына жинала бастаған кезде өзін "ішкі саясаттанмын" деп таныстырған азамат "Тараңыздар! Тарамайтын болсаңыздар, шара қолдануға мәжбүр боламыз!" деді. Бұл кезде әкімдік ғимаратының маңында полицейлердің де қарасы көбейе бастаған еді. Наразылық білдірушілермен әкімдік атынан сөйлескен маман "бұл заңсыз жиын" деген ескертуін полиция көлігіндегі рупормен де айтып көрді. Бірақ оған ешкім құлақ аспады. Полиция наразыларды екі сағатқа жуық сырттай бақылап тұрды.

- Облыстағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Сондықтан Ақтөбе облысында ертеңнен бастап шектеу шаралары күшейтіледі. Мұндай жүрісті қысқартыңыздар! Бұдан ештеңе де өндіре алмайсыздар. Бар болғаны біз бір-бірімізге ауру жұқтырамыз, - деді наразыларды сабырға шақырған Тауар және қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Рестораторларға эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екенін Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев те түсіндірмек болды. Қалиев коронавирусқа сенбейтіндерді инфекциялық ауруханаға апаруға дайын екенін де айтты.

Рестораторлардың бұған дейінгі наразылық шараларында дашенеуніктер кәсіпкерлерге нақты уәде берген емес. Бұл жолы да "барлығы эпидемиологиялық ахуалға байланысты" деумен шектелді.

"Мейрамхана ашылсын". Алматы мен Ақтөбедегі мейрамхана қызметкерлерінің талабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, 10 маусымға дейін Ақтөбе облысында 427 адам COVID-19 жұқтырған.

Ақтөбедегі рестораторлар қауымдастығының төрайымы Бану Тілегенованың айтуынша, облыс орталығында 60-тан астам ірі ресторан мен 241 шағын ресторан-кафе бар. Коронавирусқа байланысты қазір осы саланың 6 мыңға жуық қызметкері табыссыз қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG