Accessibility links

Ақтөбелік кәсіпкерлер төтенше жағдай режимінен шығын шегетінін айтады


Ақтөбе қаласындағы қонақ үй-мейрамхана бизнесі қауымдастығының төрайымы Бану Тілегенова жиында сөйлеп тұр. Ақтөбе, 17 наурыз 2020 жыл.
Ақтөбе қаласындағы қонақ үй-мейрамхана бизнесі қауымдастығының төрайымы Бану Тілегенова жиында сөйлеп тұр. Ақтөбе, 17 наурыз 2020 жыл.

Ақтөбедегі мейрамхана, сауда желілері, ойын-сауық және фитнес орталықтары иелері Қазақстанда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі енгізген уақытша шектеуден шығын көріп жатқанын мәлімдеді.

17 наурызда қала әкімдігіне жиналған кәсіпкерлер төтенше жағдай режимі кезінде жұмысшыларға жалақы төлей алмайтынын, соның кесірінен жүздеген отбасы табыссыз қалатынын айтып, биліктен бизнесті қолдауын сұрады.

- 1,5 ай бұрын "Аққу" мейрамханасын жалға алғанмын. Айына екі миллион теңге төлеуім керек. Той, банкеттерге тыйым салынғандықтан енді ғимараттың жалдау ақысын төлей алмай, шығынға батқалы отырмын, - деді кәсіпкер Ақбота Наурызбаева.

Қонақ үй, мейрамхана бизнесі қауымдастығының төрайымы Бану Тілегенова Ақтөбеде 200-ден астам мейрамхана барын, әрқайсысы кемінде 30-40 адамға жұмыс беріп отырғанын айтады.

- Төтенше жағдай режимі бизнесті тұралатып кететін сыңайы бар. Наурызға жоспарланған банкеттердің бәрінен бас тартуға мәжбүрміз. Және бұл жағдайдың қашанға дейін созылары тағы белгісіз. Сондықтан арнайы бағдарлама қабылдап, биліктің бизнесті қолдауын сұраймыз, - деді Бану Тілегенова.

Кәсіпкерлермен кездескен Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров пен оның орынбасары Сергей Ли кісі көп жиналатын орындарда аса қатерлі вирустың таралу қаупі зор екенін айтып, төтенше жағдайға байланысты енгізілген шектеуді орындауды талап етті.

- Сіздер жүздеген адам жиналатын той-садақа туралы, жергілікті халықтың менталитеті туралы айтасыздар. Коронавирус менталитетті ескермейді. Сондықтан ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін ойлау керек, - деді Асхат Шахаров.

Ақтөбе қаласы полиция басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Шляшев төтенше жағдай режимін бұзған адамдарға әкімшілік шара қолданылатынын ескертті.

- Кафе-мейрамханалар сағат 22:00-ден кейін жұмысын тоқтатуы, 50 адамнан артық жинамауы керек. Уақытша шектеу талабын бұзған кәсіпкерлерге 10 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салынады немесе он тәулікке қамалады, - деді Шляшев.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ел аумағында 2020 жылдың 16 наурыз сағат 8.00-ден 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-ге дейін төтенше жағдай енгізілген. Жарлыққа сәйкес, қоғамдық орындар, мемлекеттік және стратегиялық маңызы бар нысандарда күзет күшейтіліп, ірі сауда орындары, ойын-сауық орталықтары, театр, мейрамхана тәрізді көп адам жиналатын нысандардың жұмысы шектеледі.

17 наурызда Нұр-Сұлтанда өткен үкімет отырысында қаржы нарығын дамыту және реттеу агентігінің жетекшісі Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі енгізілгендіктен, заңға сәйкес, жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне несие қарызын төлеу мерзімін кейінге қалдыру жоспарланып отырғанын айтты.

"Төтенше жағдайға байланысты бұл норманы жеке және заңды тұлғаларға қарыз берген банктер ғана емес, сонымен бірге қарыз беруші микроқаржы ұйымдарының (ломбардтар, кредит серіктестіктері, т.б.) барлығы орындауы тиіс" деді Әбілқасымова.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі азамат туралы алғаш рет ресми түрде 13 наурызда хабарланған. Содан бері вирус жұқтырғандар саны жылдам өсіп, қазір 32-ге жетті: 15 науқас – Алматыда, 17 адам – Нұр-Сұлтан қаласында ауруханада жатыр.

Сейсенбіде Қазақстан үкіметі 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин жарияланатынын мәлімдеді. Карантин кезінде бұл екі қалада азаматтар мен көлік қозғалысына шектеу қойылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG