Accessibility links

БАҚ өкілдері министрден шеруден ақпарат тарататын журналистердің құқығын шектемеуді сұрады


Полиция өкілі шеруден хабар әзірлеуге келген журналистердің құжаттарын тексеріп тұр. Ортада - қазақстандық Vlast.kz басылымының тілшісі Данияр Молдабеков. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.

11 маусымда ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева және ақпарат құрал өкілдері, баспасөз құқығын қорғау ұйымдары жақында күшіне енген бейбіт жиын туралы жаңа заңдағы журналистердің жұмысына қатысты ережелерді онлайн талқылады.

Министрдің айтуынша, шеруге қатысатын адамдар саны 200-ден асса және ақпарат құралдары өтініш түсірсе, шеруден ақпарат тарататын журналистерге арнайы баспасөз орталығы ашылады. Бұл орталық қызметін пайдалану үшін БАҚ өкілдері әкімдікке шеру өтерден кемінде екі күн бұрын өтініш беруі тиіс. Мұндай жерлерде журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларға ішкі істер орган қызметкерлері бекітіледі. Бейбіт жиын басталғанға дейін әкімдік ақпарат құралдарын "өз өкілдерімен" қамтамасыз етеді. Олар БАҚ өкілдеріне спикерлерді дайындауға, қажетті ақпарат, байланыс нөмірін табуға көмектеседі.

"Дегенмен журналистердің өз қызметін атқаруы осы баспасөз орталығымен шектелмейді" деді министр.

Informburo сайтының бас редакторы Михаил Дорофеев орталық журналистерді қуып тығатын орынға айналмауы тиіс деп журналистердің шерудің ортасынан ақпарат тарату құқығын шектемеуді сұрады. Талқылау кезінде "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева шерулерде журналистердің құқығы жиі бұзылатындықтан мұндай заңсыздықтарды тіркеу қажеттігін айтты.

Оқи отырыңыз: Билік митингіден хабар тарататындарға жаңа міндеттер жүктемек

Онлайн талқылауға шерулерді көрсете бермейтін БАҚ басшылары да қатысты. Олардың көбі бейбіт жиын туралы жаңа заң Қазақстанды демократияға бастайды деп сенім білдірді.

Талқылау кезінде ұзақ талқыланған мәселелердің бірі - журналистердің жилет киюі. Министрдің айтуынша, "полиция митингіге шыққандармен бірге журналистерді де ұстамас үшін" арнайы жилет киіп, наразы азаматтардан ерекше болуы маңызды. Жаңа заңға сәйкес, митингіден хабар тарататын журналист екі күн бұрын шеруге шығатынын әкімдікке ескертіп, хат жазуы керек.

Министр талқылаудағы ұсыныстар зерттеліп, қажет болса, нормативтік құқықтық актілер порталына енгізіледі және заңды жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарына түсіндіру үшін семинарлар өткіземіз деді.

25 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар өткір сынаған "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңға қол қойған. Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар, белсенділер биліктен бұл заңды қарауды кейінге қалдыруды сұрағанымен, оған құлақ аспады.

Қазақстанда бейбіт жиын, митингілер кезінде кейде полиция құжаттарын көрсеткен журналистерді де ұстап әкетеді. Мұндай жиындарда журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіру талпынысы да байқалған. Былтыр наразылық акциялары кезінде белгісіз топ Азаттықтың түсірілім тобының камерасын бөгеп, тілшілердің жұмысына кедергі келтірген болатын және мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды. Соңғы рет осындай оқиға 6 маусымда Шымкентте болды.

Қарай отырыңыз: Азаттық тілшісіне "ішкі саясаттың адамы" қара қолшатырмен кедергі келтірді (6 маусым 2020 жыл).

Азаттық тілшісіне "ішкі саясаттың адамы" қара қолшатырмен кедергі келтірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:00 0:00

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG