Accessibility links

Тәжікстан түрмелерінде 11 тұтқын "пневмониядан" қайтыс болған. Туыстары билік сөзіне сенбейді


Душанбедегі түрме. Көрнекі сурет.
Душанбедегі түрме. Көрнекі сурет.

30 сәуір - Тәжікстанда коронавирус бары ресми түрде мойындалған уақыттан бері түрмелерде 11 тұтқын қайтыс болған. Бұл туралы Тәжікстан қылмыстық атқару жүйесі басқармасының жетекшісі Мансуржон Омаров айтты. Сөзінше, тұтқындар "пневмониядан" көз жұмған.

"Оларды тексерген кезде пневмония бары анықталды" деді Мансуржон Омаров.

Оның айтуынша, соңғы кезде түрмеде дене қызуы көтерілген науқастар қатары азайған және қазір 7 тұтқында ғана температура байқалады.

Жабық мекемелердегі адам өлімі туралы ақпарат тұтқындардың туыстары мен құқық қорғаушыларды алаңдатып отыр. Жақында Душанбедегі №1 түрмеде қайтыс болған 47 жастағы тұтқын Абдулфайз Раджабовтың туыстары Абдулфайз коронавирустан қайтыс болды деп санайды. Олардың айтуынша, ресми құжатта оның өлімінің себебі "пневмония" деп көрсетілген. Бұған дейін өзге азаматтар да Азаттықтың Тәжік қызметіне осыған ұқсас шағым айтқан. Тұтқындардың туыстарының айтуынша, наурыз айынан бастап кездесулер мен сәлемдеме беруге тыйым салынған.

Тәжікстанның пенитенциарлық мекеме өкілдері тұтқындар арасында коронавирус барын жоққа шығарып отыр. Қылмыстық атқару жүйесі басқармасы мекемелерде дәрі-дәрмек, рентген-аппараты, жасанды тыныс алу аппаратына байланысты мәселе де жоқ екенін айтады.

Тәжікстан билігі бұған дейін ұзақ уақыт елде коронавирус барын мойындамай келген. Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, азаматтық қоғам қысымынан кейін билік елге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерін шақыруға мәжбүр болған.

ДДСҰ сарапшыларының Тәжікстанға сапары қарсаңында азаматтық қоғам өкілдері халықаралық ұйым өкілдерін түрмедегі жағдайға назар аударуға шақырған еді. Белсенділер түрмелерде кейбір тұтқындарды босатып, санитарлық-дезинфекция шараларын күшейтіп, коронавирус қаупін азайту қажеттігін айтқан. Дегенмен Тәжікстанға барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйым өкілдері түрмелерге бармаған, оның себебі де белгісіз.

Бұған дейін Еуропадағы тәжік оппозициялық топтары құрған саяси тұтқындарды қорғау комитеті вирус түрмелерде жылдам тарап жатыр деп дабыл қағып, биліктен шара қолдануды талап еткен. Комитет халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдеріне түрме ішін аралауға рұқсат беруді сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG