Accessibility links

Қазақстанда бір күнде мыңға жуық адамнан коронавирус табылды


Коронавирусты анықтайтын тест орталығы.
Коронавирусты анықтайтын тест орталығы.

Өткен тәулікте Қазақстанда 944 адамнан коронавирус табылған. Олардың 314-і - "симптомы бар" науқас, 630-ы - симптомы жоқ "тасымалдаушы". Эпидемия басталғалы бері бір күнде алғаш рет мыңға жуық адамнан коронавирус табылып отыр. Бұл - рекордтық көрсеткіш.

Елде ресми мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 17 031 адамға жетті. 13 872 адамда COVID-19 ауру белгісі байқалған, 3159 адамда ауру белгісі байқалмаған.

Бір күнде 248 адам жазылған. Барлығы 8593 адам аурудан айыққан.

Эпидемия басталғалы бері барлығы 67 адам қайтыс болған. Қазақстанда коронавирус анықталған бірақ "басқа аурудан қайтыс болғандарды" ресми статистикаға енгізбейді. Олардың есебін бөлек жүргізеді. 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 37 адамның "басқа аурудан қайтыс болғанын айтқан". Содан бері бұл статистика айтылмады.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай 11 мамырда аяқталып, карантин шаралары біртіндеп алына бастаған. Бірақ кейбір аймақ билігі шектеу шараларын қайта қатаңдататынын айтып отыр. Мысалы, 13 маусымнан бастап Қарағанды облысында саябақтар, балалар алаңы қайта жабылады, бірқатар нысандардың жұмысы шектеліп, мемлекеттік және бюджет қызметкерлерінің басым бөлігі онлайн жұмыс істеуге көшеді. Жезқазған, Қарқаралы және өзге елді мекендерде блокбекеттер қайта қойылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG