Accessibility links

Жоғарғы сот Рысқалиевтердің тәркіленген мүлкі қайтарылатынын растады


Бергей Рысқалиев (сол жақта) Атырау қаласының әкімі кезінде Жайық өзені көпірінің ашылуында сөйлеп тұр. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.

Қазақстан шетелде тұратын, жемқорлық айыбымен сырттай сотталған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің отбасы мен жақындарынан тәркіленген мүліктің "бір бөлігін" қайтарады. Бұл туралы Азаттыққа Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов мәлімдеді.

Бұған дейін Ratel.kz сайты елдің Бас прокуратурасы Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіріп, Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжан Рысқалиевке шыққан үкімді қайта қарауды сұрағанын жазған.

"Бас прокуратура Рысқалиевтер мемлекет мүлкін қылмыстық жолмен талан-таражға салғаны үшін олардың мүлкі заңды түрде тәркіленді. Бұған қоса, тәркілеу кезінде олардың әйелдері мен туысқандары зардап шегіп, мүлкінен заңсыз айырылған деп санайды" деп жазды Ratel.kz сайты.

Азаттық радиосына пікір берген Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов Бас прокуратураның шағымымен Жоғарғы сот келіскенін растады.

- 16 маусым күні Бас прокуратураның кассациялық шағымын Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы қарап, толық көлемде қанағаттандырды. Сот актісі әлі дайындалып жатыр. Процестік заңнама бойынша сот актісі 5 күн ішінде әзірленеді. Сот актісі сот кабинеті сервисіне салынады. Сол жерден танысуға болады, - деді ол.

Баспасөз хатшысы актіге байланысты қолында бар ақпараттың осымен шектелетінін, Рысқалиевтер мен олардың жақындарына қандай мүлік, қанша ақша қайтарылатынын білмейтінін айтты.

Жоғарғы сот та, Бас прокуратура да бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жариялаған жоқ.

Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау қаласы мен Атырау облысының әкімі қызметін атқарған. 2013 жылы экс-әкімге "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және және қылмыстық топ құрды" деген айып тағылған. Тергеу бес жылға жалғасты. 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевті 17 жылға, оның ағасы Арманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттаған. Олардың құны миллиардтаған теңге тұратын дүние-мүлкін тәркілеген.

2019 жылы мамырда Парижде Бергей Рысқалиев пен бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин жиын өткізіп, Қазақстандағы қоғамдық-саяси жиынды талқылаған. Бұл жиналысқа бір топ қазақстандық белсенді барып қатысқан. Солардың бірі - "Дат" оппозициялық газетінің жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи былтыр қазанда Алматыда өткен баспасөз конференциясында Бергей Рысқалиевтің қолында экс-президент Назарбаевқа (президенттіктен кетсе де, биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр) қатысты видео барын мәлімдеген. Бапидің айтуынша, "Рысқалиевтың бір топ адамы Назарбаевтың Лондонда жүрген жас әйелін видеоға түсіріп алған және оны Назарбаевқа көрсетіп, талап қойған".

Видеоны көзімен көргенін айтып, бейнетаспаның мазмұнын баяндаған Ермұрат Бапи "Байғұс әйел "мен әлемдегі ең бақытсыз әйелмін" деп жылады" деді.

Бірақ Нұр-Сұлтан Бапидың сөзіне байланысты ешқандай пікір немесе оны жоққа шығаратын қарсы уәж айтпады.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG