Accessibility links

Қажыгелдин мен Рысқалиев қатысқан жиында не талқыланды?


Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырған Париж конференциясының қатысушылары. Отырғандар (солдан оңға қарай): Ермұрат Бапи, Әкежан Қажыгелдин, Бергей Рысқалиев және Серік Медетбеков. Париж, 21 мамыр 2019 жыл.

Мамырдың 20-21 күндері Парижде өткен конференцияда Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай талқыланды. Жиынға бір топ қазақстандық белсенді және қазір Еуропада тұрып жатқан бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин мен Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев қатысты. «Ақиқат» ЖСДП төрағасы Ермұрат Бапи Париждегі жиында қандай мәселелер талқыланғанын Азаттыққа айтып берді.

Азаттық: - Париждегі жиынды кім ұйымдастырды?

Ермұрат Бапи: - Конференцияны 2002 жылы құрылған Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырды. Бюроны біраз жыл бұрын Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған медиа менеджер Серік Медетбеков басқарады. Жиынға «Ақиқат» жалпыұлттық-социал демократиялық партиясы мүшелері ғана емес, әр жақтан келген делегаттар қатысты. Барлығы елуге жуық адам болды, көбі – азаматтық қоғам өкілдері, белсенділер. Бұдан бөлек, Қазақстанда іс қозғалып, Еуропа елдерінен саяси баспана алуға мәжбүр болған бизнесмендер мен бұрынғы саясаткерлер де қатысты. Сәуірдің соңында Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы осы конференцияға шақырған. Шығынды Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы көтеріп алды.

Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырған Париж конференциясының қатысушылары.
Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырған Париж конференциясының қатысушылары.

Азаттық: - Париждегі жиында қандай тақырыптар сөз болды?

Ермұрат Бапи: - Жиында алдағы уақытта өтетін парламент сайлауына дайындық мәселесін қозғадық. Келесі айдағы кезектен тыс президент сайлауы, Қазақстанда қалыптасқан саяси жағдай жайлы да пікір алмастық. Жаңаөзен оқиғасын, қуғынға түсіп, түрмеде отырғандардың мәселесін талқыладық. Жиында қандай да бір саяси ұйым құру туралы сөз болған жоқ. Қазақстанның азаматтық қоғамын алдағы парламент сайлауына қалай дайындай аламыз деген мәселе төңірегінде әңгіме болды. Қоғамдағы саяси күштерді «Ақиқат» ЖСДП маңайына топтастырып, парламент сайлауына кемінде 100 кандидат дайындау мәселесін талқыладық. «100 кандидат әр аймақтың өкілдері болсын. Сол жүз адамды қолдайтын, жұдырықтай жұмылатын азаматтық қоғам дайындайық» деген әңгіме айтылды. Маусымның 9-ы күні өтетін кезектен тыс президент сайлауы жайлы көп пікірталас болды. Бір топ биліктің сайлауына бармай, бойкот жариялау туралы айтты. Екінші топ сайлауға баруды ұсынды. Олар бұл сайлауды тәжірибе ретінде, алдағы сайлауларға дайындық ретінде пайдалану керектігін айтты. Конференциядан кейін қарар қабылдадық. Оны алдағы уақытта жариялаймыз.

Азаттық: - Париждегі жиынға Қазақстанда сырттай сотталған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин де қатысты. Кейін сіздер Қазақстанға келген соң тергеп, сұрақтың астына алады деп қорықпайсыздар ма?

Ермұрат Бапи: - Қажыгелдин мен Рысқалиев – конференция мүшелері. Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы оларды [Париждегі жиынға] спикер ретінде шақырған екен. Парижге бара жатқанда конференцияға кім қатысатынын білген жоқпыз. Біріншіден, Қажыгелдин мен Рысқалиев жиынға бір-бір дауыспен Қазақстан қоғамының өкілдері ретінде қатысты. Екіншіден, сырттай он жылға сотталған Әкежан Қажыгелдинді Қазақстан қоғамына қауіпті азамат деп есептемеймін. Ол Ақордаға, Қазақстан билігіне қауіпті шығар. Себебі, ол кісінің ой-пікірі, арыны, саяси күші Ақордада отырғандарды он орап алады. Рысқалиев қаңтар айында сотталды. Апелляциялық соты бар. «Сот бір жақты өтті және Рысқалиев әділетсіз сотталды» деп ойлаймыз. Куәгерлер толық сұралмады. Рысқалиевтің өзі болмаса да, іске қатысы бар адамдарды сұрап, істі жан-жақты қарауға мүмкіндік болды. Бірақ бір жарым ай ішінде істі қарап бітірді. Рысқалиев те, Қажыгелдин де қоғамға қауіпті емес деп ойлаймын. Олармен бір үстелдің басында отырып, Қазақстандағы жағдайды талқылау мен үшін бір мін болатын жайт емес.

Азаттық: - Конференция кезінде ұйымдар қаржылай көмек сұраған жоқ па?

Ермұрат Бапи: - Серік Медетбеков «жиынға келген спикерлердің көбі Қазақстанда сырттай сотталған немесе елге бара алмайды. Сондықтан жиынды Парижде өткізу туралы шешім қабылдадық» деді. Бұл жерде еш қылмыс жоқ. Жиында «Ақиқат» ЖСДП-дан бөлек басқа да ұйымдар болды. Ұлт мәселесін қозғап жүргендер, блогерлер, жаңа технология мамандары қатысты. IT мамандар алда келе жатқан парламент сайлауында жаңа технологияларды, әлеуметтік желіні қалай пайдалану керегін айтты. Киевтен келген IT мамандар нақты технологиялық әдістер ұсынды. Жиналғандар қаржы сұрады дегенмен келісе алмаймын. Біздің партия қаржы сұраған жоқ. Жиын ортасында, жұрт алдында қаржы мәселесі сөз болған жоқ. Бәлкім, конференция сыртында болған әңгімелер шығар. Егер бір үлкен саяси науқанға дайындалып жатсаң, қаржылай көмек сұрасаң, міні немесе айыбы жоқ деп ойлаймын.

Азаттық: - Париждегі конференцияны ұйымдастырушылар «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының (Қазақстанда сот шешімімен «экстремистік ұйым» деп танылып, тыйым салынған ұйым – ред.) жетекшісі, Ақорданы сынап жүрген Мұхтар Әблязовті шақырып па?

Ермұрат Бапи: - Конференцияны ұйымдастырған Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросынан сұрадым. Серік Медетбеков «Әблязовпен байланыс болған жоқ. Біз ұсынғанның өзінде Әблязов келмейді. Біздің ұсынысымыз – парламент сайлауына заңды түрде қатысып, парламентке тәуелсіз ой-пікірі бар адамдарды кіргізіп, сол арқылы Қазақстанды заңды түрде өзгерту» деді.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!

Париж конференциясына Қазақстаннан «Ақиқат» ЖСДП мүшелерінен бөлек көп балалы аналар проблемасын, шетелдегі қазақтар мәселесін көтеріп жүрген белсенділер мен журналистер де барды. Жиынға қатысқандар кейбір азаматтар Facebook парақшасында бірнеше рет тікелей эфирге шықты.

Конференцияда Әкежан Қажыгелдин Қазақстанды халық басқару керегін, Алтынбек Сәрсенбайұлы пен Заманбек Нұрқаділовтің өлімін қайта тексеру қажет екенін айтты.

"Болашақта ешқандай Нұрсұлтан Назарбаев, Әкежан Қажыгелдин, Ермұрат Бапи болмауы керек (яғни, елді бір ғана адам басқармауы тиіс - ред.). Конституцияға, заңға сенуіміз керек" деді ол.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев "Үкіметке қоятын мың сұрағым бар. Егер оның бәрін қойсам 999-ына жауап ала алмаймын. Ішінде қызмет етіп жүргенде көрдік, үкіметтің бүгінгі қаулыларының бәрі елге қарсы" деген.

2018 жылы сәуір айының басында Брюссельде "Жаңа Қазақстан" атты осыған ұқсас форум өтіп, оған қазақстандық бірқатар саясаткерлер, белсенділермен қатар 1994-1997 жылдары елдің премьер-министрі болған Әкежан Қажыгелдин және шетелде жүрген өзге де азаматтар қатысқан еді. Кейінірек елде "Жаңа Қазақстан" форумы қоғамдық ұйымының құрылғаны хабарланды. Ұйым әзірге тіркеуден өтпеген.

Ресми билік "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, қуғындағы экс-банкир, Ақорда оппоненті Мұхтар Әблязов бұған дейін "Жаңа Қазақстан форумына" сенімсіздік білдірген.

1998 жылы шетелге кеткен Әкежан Қажыгелдинді Қазақстан билігі "пара алды, салық төлеуден жалтарды, билігін асыра пайдаланды" деп 2001 жылы сырттай 10 жылға соттаған.

Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау облысының әкімі болған. Оны 2019 жылы қаңтарда Қазақстан соты «пара алды, бюджет қаржысын жымқырды, қылмыстық топ құрды» деп айыптап, сырттай 17 жылға соттаған. Онымен бірге інісі, Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы депутаты Аманжан Рысқалиевке де сырттай үкім шыққан.

  • 16x9 Image

    Нұрбек ТҮСІПХАН

    Алматы облысы Қарғалы ауылындағы Тынышбаев атындағы мектептің түлегі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін филология мамандығы бойынша бітірген. "Парасат" журналында, "Шалқар" радиосында, "Алматы" және "ТАҢ" телеарналарында жұмыс істеген. Әдеби сын мақала да жазған. Азаттық радиосында 2016 жылдан бері қызмет атқарады. AzatNEWS жаңалықтарының продюсері әрі жүргізушісі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG