Accessibility links

Ортақ кандидат па, әлде бойкот па? Оппозицияның сайлау жайлы пікірі екіге жарылды


Сайлауға дауыс беріп жатқан адам. Көрнекі сурет.

Кезектен тыс президент сайлауына "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан қатысатын Әміржан Қосановты кейбір азаматтар билікке балама кандидат ретінде қарастырса, кейбірі оның “оппозицияның ортақ кандидаты еместігін” алға тартады. Елде сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталғанда бірқатар оппозиция өкілдерінің “Халық құрылтайын” жинайтыны хабарланды.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ САЙЛАУҒА ҚАТЫСУЫ

Қазақстанда алтыншы рет өтейін деп отырған президент сайлауына оппозиция өкілдері осыған дейін екі рет қатысқан. 1998 жылы қаңтардың 10-ы күні өткен президент сайлауына сол кездегі оппозиция атынан - Коммунистік партия жетекшісі Серікболсын Әбділдин (ресми мәлімет бойынша, 11,9 пайыз дауыс алған), 2005 жылы желтоқсанда өткен сайлауға оппозициялық "Әділетті Қазақстан" қозғалысынан Жармахан Тұяқбай (сайлаушылардың 6,61 пайызы қолдап дауыс берген) түскен еді.

2011 және 2015 жылы өткен президент сайлауына оппозициялық күштерден ешкім қатысқан жоқ. Қазақстанның жаңа тарихындағы алғашқы бүкілхалықтық президент сайлауына жалғыз өзі түскен Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткен болатын.

Ал биыл маусымның 9-ы күні өтетін кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде тіркелген Әміржан Қосанов қол жинауға кірісер алдында өткізген брифингте өзін "Серікболсын Әбділдин мен Жармахан Тұяқбайдан кейін президент сайлауына қатысатын оппозиция өкілі" ретінде таныстырды.

"Ұлт тағдыры" қозғалысы ұсынған үміткер Әміржан Қосанов президенттікке кандидат болып тіркелгені туралы құжатын көрсетіп тұр. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2019 жыл.
"Ұлт тағдыры" қозғалысы ұсынған үміткер Әміржан Қосанов президенттікке кандидат болып тіркелгені туралы құжатын көрсетіп тұр. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2019 жыл.

Әміржан Қосанов президенттікке үміткер ретінде тіркелер қарсаңында-ақ ол туралы түрлі пікірлер айтыла бастады. Әлеуметтік желіде оны қолдаушылар да, "биліктің жобасы" деп айыптаушылар да пайда болды. Соның ішінде оппозициялық ұстанымымен танылған кейбір белсенді тұлғалардың Әміржан Қосановты қолдай қоймағаны және сайлауға бойкот жариялау керек деген ұстанымы жұртшылық назарын аударды.

Сайлауға түсетінін мәлімдегеннен кейін өткізген брифингте Қосанов өзін "биліктің жобасы" деген айыптаушыларға "Мені Ақ орданың жобасы, сайлауды легитимді жасау үшін сайлауға қатыспақшы деп жатыр. Сонда 1999 жылы сайлауға түскен Әбділдин Ақорданың жобасы болды ма? 2005 жылы Жармахан Тұяқбайды ұсынған "Әділетті Қазақстан" қозғалысынан белсене қатысқандардың бәрі жоба ма?" деп қарсы сұрақ қойған еді.

"ҚАЛЫС ҚАЛУ МЕН ҚАРСЫ БОЛУ"

Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин мен Жалпыұлттық социал демократиялық "Ақиқат" партиясының төрағасы Ермұрат Бапидың Азаттыққа айтуынша, 1999 және 2005 жылғы сайлауларда оппозицияның басым көпшілігі өз қатарынан президент сайлауына түскен кандидаттарға қолдау көрсеткен.

"Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи (сол жақта) мен ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай партия съезінде. Алматы, 26 сәуір 2019 жыл.
"Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи (сол жақта) мен ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай партия съезінде. Алматы, 26 сәуір 2019 жыл.

Ермұрат Бапидың пікірінше, "1999 жылы қаңтарда өткен сайлауда Серікболсын Әбділдинді оппозиция түгелге жуық қолдаған. Қажыгелдин жетекшілік ететін Қазақстанның республикалық халықтық партиясы (ҚРХП) да, тіпті, коммунистермен ұстанымы мүлде сай келмейтін "Азат" партиясы да Әбділдинді қолдап, сайлау кампаниясында жұмыс істеген. Сайлау соңында, әсіресе Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында Әбділдин 37 пайызға дейін дауыс жинағаны белгілі болған. Ал 2005 жылы Жармахан Тұяқбайға оппозицияның "Әділетті Қазақстан" деп аталатын біріккен қозғалысы қолдау көрсеткен".

Жармахан Тұяқбай жетекшілік ететін Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы (ЖСДП) таяуда съезд өткізіп, кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялайтынын мәлімдеген.

Осы съезде Жалпыұлттық социал демократиялық "Ақиқат" партиясы деп атауы өзгерген саяси ұйымның төрағалығына "Дат" газеттер жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи сайланды.

- Съезд шешіміне байланысты біздің партия Әміржан Қосановқа тікелей қолдау көрсетпейді. Бірақ сайлауды бақылаймыз, заң бұзушылықтар болса айтамыз. 20 жылдан бері Әміржан Қосановпен бірге оппозицияда жүргендіктен оның оппозициялық белсенділігіне күмәнданбаймын. Партия мүшелері жеке тұлға ретінде Әміржан Қосановқа көмектесеміз, қолдаймыз десе қарсылық жоқ, - дейді ол.

Ермұрат Бапи ЖСДП "Ақиқат" қандай шешім шығарса да әлеуметтік желіде, басқа жерде, газетте бойкот мәселесін алға тартып, Қосанов туралы қандай да бір пікір айтпадым деп санайды.

Оппозициялық белсенді Рысбек Сәрсенбай.
Оппозициялық белсенді Рысбек Сәрсенбай.

Оппозициялық белсенді Рысбек Сәрсенбайдың пікірінше, Әміржан Қосановты оппозицияның ортақ кандидаты деу қиын. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда жүйелі оппозиция жоқ дегенмен оппозициялық ұстанымдағы белсенділер бар. Алайда мұндай белсенділердің "Қосановты қолдайық" деп шешім шығаратындай жиыны болмаған.

- "Жаңа Қазақстан" форумын билік осы сайлауға ыңғайлап құрды. Егер бұл ұйым оппозициялық күш болса басқа да оппозициядағы белсенділерді тартуы керек емес пе? Бірақ олар билікпен ымыраласпайтындарды тартқысы келмеді. Билік осы ұйымның мүшесі Әміржан Қосановты сайлауға қатыстырып, оппозицияны жеңдік деп айтқысы келетіні мәлім, - дейді ол.

Рысбек Сәрсенбай "бұрын оппозиция өкілі қатысқан сайлаулар кезінде жеңіске жетуге аз да болса сенім болды, ал қазір жеңіске еш мүмкіндік қалдырмайтын әділетсіз сайлау болғалы тұр, сондықтан бойкот жариялаған жөн" деп есептейді.

Оның айтуынша, таяуда оппозициядағы бір топ белсенді мен саясаткер Украина астанасы Киевке барып, сонда жүрген қазақстандық белсенділер - Ержан Тұрғымбай, Ардақ Әшім, Ермек Нарымбай, Айдос Садықовтармен бірге жиын өткізген. Олардың кейбірі сайлауға қатысу жөн десе, кейбірі бойкот жариялауды дұрыс көрген. Сөйтіп биыл маусымның 1-і күні Нұр-Сұлтанда әр облыстан кемі бес адам қатысатын "Халық құрылтайын" өткізуге уағдаласқан. Сәрсенбайдың айтуынша, осы құрылтайда "президент сайлауына бойкот жариялау мәселесі шешілуі мүмкін".

- Егер халық (президенттік сайлаудан) жаппай бас тартса, алдағы парламент сайлауында билікке сабақ болады. Жақтастарымыздың бәрі бақылаушы болады. Әміржан Қосановқа кедергі жасамаймыз. Бірақ ол дауыс беруге бірер күн қалғанда "әділетсіз сайлаудан бас тартатынын" мәлімдесе, сайлау заңын өзгертуді талап ете алсақ, ең үлкен жеңіс болар еді, - дейді ол.

"ҚОСАНОВТЫ ОППОЗИЦИЯ ҚОЛДАУЫ МІНДЕТТІ ЕМЕС"

Қазақстан президенттігіне кандидат Әміржан Қосановты сайлауға ұсынған "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Дос Көшім "Қосановтың кандидатурасына биліктен гөрі оппозиция қарсы сияқты көрінеді" деп санайды.

Дос Көшім.
Дос Көшім.

Ол Рысбек Сәрсенбайдың "Әміржан Қосановты оппозиция бірігіп ұсынған жоқ" деген пікірін растады. Көшімнің пікірінше, оппозияциядағы белсенділер "сайлауға қатысамыз ба, жоқ па" және "қатыссақ кімді ұсынамыз" деген мәселені талқылап та үлгермегенге ұқсайды.

- Оппозиция саяси аренада бар ма, жоқ па білмеймін. Менің білетінім, 2016 жылдан кейін ұлттық бағыт ұстанатын күштер нығая бастады. Президент сайлауына кандидат іздегеніміз сондықтан. Әміржан Қосанов сайлауға оппозициялық ұйым атынан түскен жоқ. Иә, оның 20 жылдан бері оппозицияда жүргені рас. Бірақ оны ұсынған "Ұлт тағдыры" қозғалысы мен Қосанов мүшесі болып саналатын "Жаңа Қазақстан" форумын оппозиция деуге болмайды. Оның ішінде бейтарап адамдар да бар, - дейді ол.

1990 жылдары оппозициялық ұйым жетекшілерінің бірі болған Дос Көшімнің пікірінше, "Ұлт тағдыры" қозғалысы қоғамда "ұлттық құндылықтарды жаңартып, демократия орнатуды" көздейді.

- Біз Әміржан Қосановқа осы тілегімізді айттық. Оған "оппозициялық ұстанымыңды қоя тұрып, тек біздің сөзімізді сөйле" демейміз. Өз басым "Қосановты оппозиция қолдауы керек деп те ойламаймын, - дейді ол.

Жәнібек Қожық.
Жәнібек Қожық.

1990 жылдардан бері Қазақстандағы түрлі сайлау науқандарын бақылап келе жатқан белсенді Жәнібек Қожық Әміржан Қосановты оппозициялық саясаткер деп біледі. Ол оппозициядағы белсенділер арасында өзара іштей келіспеушілік байқалып отырғанын айтады.

- Қазіргі оппозиция биліктен гөрі біріне бірі көбірек оппозиция болудан аса алмай жүр, - деп сипаттайды Қожық.

Ақтау қаласының тұрғыны, Facebook әлеуметтік желісін белсенді қолданушы Қуаныш Еділхантегі Алматы мен Астанада жүрген оппозициядағы белсенділердің әрекеті жырақта жатқан сайлаушыларға түсініксіз екенін айтады.

- Қосановты әркім әрқалай сипаттайды. Бұл - шалғайдағы жұртшылықты екіұдай етеді. Бірақ қазір қарапайым халыққа "оппозицияның кандидаты бар ма, жоқ па" деген сұрақтан гөрі "биліктің пікіріне балама ой-пікір бар ма, жоқ па" деген маңыздырақ, - дейді ол.

Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы";
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы.
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы;
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы;
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы;
  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.

Мамырдың 11-і күні басталған сайлау алдындағы үгіт-насихат маусымның 7-і сағат 23:59-де аяқталады. Маусымның 8-і - тыныштық күні.

Мамырдың 1-і күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және тағы бірнеше қалада тұрғындар наразылық акциясына шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін билік әкімшілік жауапқа тартты.


  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG