Accessibility links

"Бәрі сценарий бойынша жүріп жатыр"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзін президенттікке кандидат етіп ұсынған "Нұр Отан" партиясының съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзін президенттікке кандидат етіп ұсынған "Нұр Отан" партиясының съезінде. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Билік партиясының Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде ұсынуы әлеуметтік желіде қарама-қайшы пікір тудырды. Кейбіреулер Тоқаев тың өзгеріс әкеледі деген үміт білдірсе, өзгелері ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көлеңкесі болып қалады деп санайды.

"Нұр Отан" партиясы кезектен тыс съезінде өз лидері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын бірауыздан мақұлдап, Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ерте президент сайлауына саяси ұйым атынан үміткер етіп бекітті. Бұған дейін елді отыз жылға жуық басқарып келген Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні кенеттен мәлімдеме жасап, президент қызметінен кеткеннен кейін Тоқаев оның орнына уақытша президент болып отырған еді.

Сәуірдің 23-і күні Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлауға билік партиясынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке кандидат болып тіркелуге тиісті құжаттарып тапсырып, мемлекеттік тіл – қазақ тілі сынағынан сүрінбей өткенін хабарлады.

"БИЛІК СЫЗҒАН СЦЕНАРИЙ"

Бұған дейін сайлауға түсетіні туралы ешқандай мәлімдеме жасамаған Тоқаевтың Назарбаевтың ұсынысы бойынша билік партиясынан президенттікке үміткер болып бекітілуін әлеуметтік желі қолданушылары түрліше бағалады. Кейбіреулер үміткер "президент болуға лайық" деген пікір білдірсе, өзгелері Тоқаевтың уақытша президент болып "тағайындалуы" және алдағы президент сайлауының "негізгі кандидатына" айналғаны тәрізді бұл сайлауда кімнің жеңіске жететіні де алдын ала кесіп-пішіп қойылған деп санайды.

Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов "биліктегі "Нұр Отан" партиясының бүгінгі съезінде оны (Тоқаевты айтады – ред.) бұл қызметке Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, "Нұр Отан" партиясының жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев "тағайындады". Сондықтан елде адал сайлау, өзгерістер болады деп үміттенгендер оларын ұмытсын! Болмайды!" деп жазды Facebook парақшасына.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев болса "Бізге көптен бері уәде еткен меритократияның (латынша - "лайықтылар билігі") орнына геронтократияны (грекше - "қарттар билігі") қалдырды. Соңғы саяси оқиғалардың қисыны көп нәрсені өзгертсем деген ниетке емес, барлығынан айырылып қаламын ба деген үрейге негізделген тәрізді. Елге [билік] мұрагерлері, оларды бақылаушылар мен қадағалаушылар емес, реформаторлар қажет екенін олар қалайша түсінбейді" деп таңданады.

Желі қолданушы Талант Әлібаев "Әзірге бәрі сценарий бойынша жүріп жатыр" деп санайды.

"Қойылым болды ғой бұлардікі. Тамаша, Шаншар, Алдараспан, т.б. театрларды шаңыңда қалдырды" дейді тағы бір қолданушы Мұхтар Әлімбаев.

Дуйсехан Абиев есімді қолданушы пікірін былайша білдіріпті:

"Тоқаев мінді арбаға,
Жоспар бойынша бастама.
Алдыңғы арба жолымен
Соңғы доңғалақ доңғала..."

Бұрынғы сенат депутаты, оппозициялық саясаткер, "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту"қорының жетекшісі Зәуреш Батталова Тоқаевты "тағайындалған" адам деп сипаттайды.

"Нұр Отан" тағайындалған адамның өкілетін ұзартуға кірісті" дейді саясаткер.

Журналист Инга Иманбай да осындай пікір білдірген. "Жақында Украина өз президентін сайлады. Ал бізге оны бүгін елбасы қайта тағайындады" деп жазды ол.

Facebook қолданушы Болатхан Өнерханұлы "Осының бәрі көзбояушылық болып жүрмесін, биліктегілерге сенуден қалып барамыз, не істесе де өздері біліп істейді, халықтың пікірін қабылдаған болып, артынан елемей өз дегендерін жүргізеді, билікке шынайы сенетін күн қашан туар екен деші" деп қынжылыс білдірген.

Желі қолданушысы Bauyrzhan Serikbayev жұртты құттықтап, "осылай боларын әу бастан сездік" деп жазыпты.

"ПРЕЗИДЕНТ БОЛУҒА ЛАЙЫҚ ТҰЛҒА"

Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенттігіне үміткер ретінде ұсынуды құптағандар да ой-пікірімен бөліскен.

Экономист Мұхтар Тайжан "бізге жаңа президенттің есімін жариялады" деп жазыпты. Ол өзгелермен салыстырғанда Тоқаевтың ұсынылуы "ең жаман вариант емес" деп санайды. Тайжанның пікірінше, "білім деңгейі басқадай, олигархиялық және озбырлық менмендігі өзгеше басқа үміткерлер" де болған.

Билікті қолдайтын Коммунистік халық партиясының мүшесі Сұлтанбек Сұлтанғалиев пен саясаттанушы Ерлан Сайыров та Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке үміткер ретінде ұсынған билік партиясының шешімін құптайды.

"Қасым-Жомарт Кемелұлы саяси Олимптің іскерлік беделі мен жеке басының абыройын кір шалмаған өкілі саналады және ол мемлекетті ойлайтын интеллектуал басшы ретінде де танымал" деп жазады Сұлтанғалиев.

Ерлан Сайыров "Nur Otan" Қ.Тоқаевты ұсынды. Бұл дұрыс таңдау. Ақылға қонымды шешім... Меніңше, ол ұлттық келісім мен әлеуметтік үміт тудыратын тұлға" деп санайды.

Наурыздың 19-ы күні президент қызметінен кететінін жариялаған кезде Нұрсұлтан Назарбаев "билік жетекшілігіне жаңа буынның келуін қамтамасыз етуді" өз міндеті санайтынын айтқан болатын. Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі билік партиясы президенттікке үміткер ретінде ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасы 65-те екеніне назар аударған.

АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елгшісі Уильям Кортни Орталық Азия мемлекетінде соңғы уақытта болып жатқан саяси оқиғаларды билікті өзгеге беру емес, "басшылықтың шартты ауысуы" деп сипаттаған. Ол Қазақстанда саяси билік әлі Назарбаевтың қолында екенін ескерткен.

Желі қолданушыларының көбі маусымның 9-ына белгіленген кезектен тыс президент сайлауында кімнің жеңіске жететіні қазірден шешіліп қойылған деп санайды. Сәуірдің 23-і күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық сайлау комиссиясына тиісті құжаттарын өткізіп, қазақ тілінен емтиханды сәтті тапсырғаны туралы хабарланды. Тіл комиссиясы төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің сөзінше, Тоқаев "Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері" деген тақырыпта шығарма жазып, Шерхан Мұртазаның "Мыңбұлақ" шығармасын оқып берген. Бұған қоса "Қазіргі Қазақстанның геосаясаты" тақырыбында ойын қазақша жеткізген. "Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді толық, жан-жақты меңгерген" деді комиссия төрағасы.

Кей қолданушылар Тоқаевтың осы сынақтан сүрінбей өтетініне шүбә келтірмейтіндерін айтады.

Кенескул Орманова есімді қолданушы "Ол кісі өте білімді адам, Шет тілінде жазып сөйлеп жүрген адам, ана тілінде неге жазбасқа" деп санайды.

Саят Хасенұлы Кемпірбаев "Шығармаларың не, бұлардың 30 жылғы саясатында бір қате жоқ!" деп жазыпты.

"Көкесі отыр ғой, шпаргалка қолданса да өтеді" деп санайды Жанар Абаилденова есімді қолданушы.

"Өте жақсы баға алатыны сөзсіз, елбасының адамын өткізбей қоятын комиссияның басы екеу емес" дейді Мұхтар Әбдіқадыров.

Sh Bek есімді қолданушы "Қателер қорқып, кандидаттың шығармасынан қашып кеткен-ді" деп мысқылдайды.

Орынкүл Жайынбаева "Сайлау басталмай жатып Тазша баланың 40 өтірігі басталды ма? Құдай ақырын берсін" деп жазады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG