Accessibility links

"Ұлт тағдыры" Қосановты сайлауға кандидат ретінде ұсынды


"Ұлт тағдыры" қозғалысының жиыны. Ұйым жетекшісі Дос Көшім (сол жақта) және саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 26 сәуір 2019 жыл.
"Ұлт тағдыры" қозғалысының жиыны. Ұйым жетекшісі Дос Көшім (сол жақта) және саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 26 сәуір 2019 жыл.

Президент сайлауына қатысатынын мәлімдеген "Ұлт тағдыры" қозғалысы саясаткер Әміржан Қосановты үміткер ретінде ұсынды. Қосанов егер кандидат ретінде тіркелсе, Тоқаевты басты саяси қарсыласы санайтынын айтты. Қуғындағы бұрынғы банкир Әблязовтің "қуыршақ оппозиция" туралы сынына жауап берген саясаткер оған қарата "менен басқаның бәрі оппозиция емес" дегеніңді қой" деді.

Сәуірдің 26-сы күні түстен кейін Алматыда жиын өткізген "Ұлт тағдыры" қозғалысы сайлауға Әміржан Қосановты үміткер ретінде ұсынатынын хабарлады.

Қозғалыс жетекшісі Дос Көшім Әміржан Қосановтың ұйым мүшесі болмаса да, демократия, ұлт және жүйені өзгерту бойынша пікір-көзқарасы ұйым өкілдерімен сәйкес келетінін айтты. Бұдан кейін ақпарат құрал өкілдері Қосановқа сұрақ қойды. Жиында негізінен төмендегідей жайттар айтылды: ​

АЛҒАШҚЫ КОНСТИТУЦИЯҒА ОРАЛУ

  • Қосанов жиында егер президент болса, ең бірінші кезекте алғашқы конституцияға оралуға күш салатынын айтты.
  • "Билік пен демократиялық қауымдастық өкілдерінен құралған конституциялық талқылау ұйымдастырамын. Біз заң шығару, атқару және сот билігінің шынайы бөлінісі болған кездегі конституцияға оралуымыз керек. Бұл елдегі экономикалық, әлеуметтік саясат, жемқорлық және өзге де мәселелерді шешудің басты кілті" деді ол. Парламенттік басқару жүйесін қолдайтынын айтқан Қосанов оны "жеке басқа табыну, автократия және өзге де саяси аурулардан қорғайтын басты дәрумен" ретінде атады.

САЙЛАУҒА ҚАРАЖАТТЫ ҚАЙДАН АЛАДЫ?

  • Қосанов жиында елде шынайы өзгеріс болғанын қалайтын кәсіпкерлер бар екенін, кандидат ретінде тіркелген жағдайда қаржылық жағынан солардың көмегіне жүгінетінін айтты.

САЯСИ ҚАРСЫЛАСЫҢЫЗ КІМ?

  • Азаттық тілшісінің "саяси қарсыласыңыз кім?" деген сұрағына Қосанов егер кандидат ретінде тіркеліп жатса, "Нұр Отан" партиясы атынан ұсынылған кандидат, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты басты саяси қарсыласы санайтынын айтты. Ол Тоқаевтың "ашық сайлау өтеді" деген сөзіне сенбейтінін, елде Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесінің ықпалы күшті екенін жеткізді.

ЖСДП БОЙКОТЫ ТУРАЛЫ

  • Қосанов Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) елде тіркелген жалғыз оппозициялық партия екенін атап өтіп, оның елдегі оппозициялық және азаматтық қоғам атынан ортақ үміткер шығаруға жөні бар екенін айтты. Бірақ сайлауға бойкот жариялаған партия мұндай "тарихи мүмкіндіктен айрылып қалды" деді.

ӘБЛЯЗОВТІҢ "ҚУЫРШАҚ ОППОЗИЦИЯ" ТУРАЛЫ СЫНЫНА ЖАУАП

  • Жиында Қосанов қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің "қуыршақ оппозиция" туралы айтқан сынына байланысты жауап берді.

"Мұхтар, менен басқаның бәрі оппозиция емес" дегеніңді қой! Сотталдың, ұрылдың, абақтыда отырдың, осы күнге дейін билік маңдайыңнан сипаған жоқ. Енді отырып алып, "елде жүргендер сотталған жоқ, олардыкы өтірік" деп айтуды қою керек. Сонда ауылда жүріп, ауыл әкіміне қарсы шыққан ағаларымыз оппозиция емес пе? Қоғамның пікірін айтып жүрген қаншама қоғамдық ұйымдар бар. Олар да сонда қуыршақ па? Мен сенің билікті әшкерелейтін потенциалыңды мойындаймын. Билікті әшкерелегеніңді қолдаймын. Одан сайын әшкереле. Бірақ елдегі демократиялық күштерге салқыныңды тигізбе. Бойкот жарялайсың ба? Жарияла. Бірақ халықты митингіге шақырасың ба? Әр митингіде сотталған, айыпталған адамдардың ақшасын төле. Оқудан шыққан студенттің жағдайын жаса. Баяғыда митингіге шыққан кезде бірінші қатарда өзіміз тұратынбыз..." деді.

Елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов елдегі бірқатар оппозиция өкілдерін "билік қаржыландырады", "қолдайды" деп айыптап, олардың шынайы оппозиция емес екенін жиі айтады.

"Ұлт тағдыры" жиынында Әміржан Қосанов үміткер ретінде барлық құжатты әзірлеп қойғанын, сәуірдің 27-сі күні таңертең Орталық сайлау комиссиясына құжат өткізуге баратынын жеткізді.

Әміржан Қосанов 1964 жылы Қызылорда облысында туған. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін тәмамдаған. 1994-1997 жылдары сол кездегі премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің баспасөз хатшысы болды.

2005 жылдан бастап Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2009 жылы қазан айында ЖСДП мен "Азат" партиясының біріккен съезінде партияның бас хатшысы болып сайланды. Кейінірек партия ыдырағаннан кейін партия хатшылығынан кетті.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы маусымның 9-ы күні өтеді.

Ерте сайлауға кандидаттар ұсыну сәуірдің 28-іне дейін жалғасады, кандидаттарды тіркеу мамырдың 11-і күні аяқталады.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған кандидаттар:

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG