Accessibility links

"Ауыл" бұрынғы вице-министрді кандидат ретінде ұсынды


"Ауыл" партиясы ұсынған кандидат Төлеутай Рақымбеков съезде сөз сөйлеп тұр. 25 сәуір 2019 жыл.

"Ауыл" партиясы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рақымбековті үміткер ретінде ұсынды. Оның мемлекеттік қызметте ұзақ жыл тәжірибесі бар.

Сәуірдің 25-і күні Нұр-Сұлтанда өткен съезде "Ауыл" партиясының саяси кеңесі президент сайлауына үміткер ретінде Төлеутай Рақымбековті ұсынды. Съезге қатысушылар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

Қазақстан халқының 43 пайызының ауылдық жерлерде тұратынын алға тартқан Рақымбеков елдегі ең маңызды мәселе ауыл халқының жағдайы екенін айтты. Ол президент болса, көп балалы аналар мәселесін, ауыл шаруашылығы проблемаларын шешуге күш салатынын жеткізді.

"Әлі күнге дейін көп балалы отбасылар ауылда тұрады. Қазір мемлекет оларды барынша қолдап жатыр. Егер біз әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылғымыз келсе, ауыл шаруашылығы, аграрлық ғылымның дамуына үлес қосуымыз керек. Азаматтардың өздері жағдайларын жақсартуға тырысуы керек. Мысалы, егер мүмкіндік болса, ірі қара өсіріп, өнімдерді сату керек" деді Төлеутай Рақымбеков съезде.

"Ауыл" партиясының съезі (25.04.2019):

54 жастағы Төлеутай Рақымбековтің мамандығы - инженер-механик және заңгер, экономика ғылымдарының кандидаты. Кәсіпкерлікпен айналысқан. Әр жылдары Сәтпаев қаласы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Партия атынан кандидат ретінде ұсынылғанға дейін 16 сәуірде елдегі үш аграрлық университет және 23 ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басын біріктірген "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" ұлттық холдингінің басшысы ретінде тағайындалған.

Жергілікті басылымдар Төлеутай Рақымбековтің "тәжірибелі блогер" де екенін жазады. Рақымбековті жақсы білетін Facebook қолданушылары оны "ауыл шаруашылығы мәселелерін терең білетін", "салаға шынымен жаны ашитын маман" ретінде сипаттайды. Саясаттанушы Марат Шибутов оның "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаевқа қарағанда қоғамда танымалдау екенін жазған. Мемлекеттік БАҚ-та оның осы саладағы сұхбаттары жиі кездеседі.

Facebook желісіндегі жазбаларға қарағанда, оны ауыл шаруашылығы саласына қатысы бар мамандар мен сарапшылар жақсы біледі. Ал қарапайым азаматтардың көбі біле бермейді. "Ауыл" партиясының оны үміткер ретінде ұсынғаннан кейін әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар "ешкім білмейтін азаматтардың" сайлауға қатысайын деп жатқанын сынады.

Ашық дереккөздерінде Төлеутай Рақымбековтің әйелі Салтанат Рақымбекованың EXPO & Women халықаралық ұйымының басшысы екені жазылған. Ерлі-зайыптының кәмелетке толған екі қызы бар.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымға белгіленген. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде, тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған кандидаттар:

  • Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы​ (тіл емтиханынан өтті);
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (ОСК-ға құжаттарын тапсырды);
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы. ​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG