Accessibility links

ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлауды демократиялық деп тани ма?


Парламент сайлауында дауыс беріп жатқан тұрғын. Қызылорда облысы, Төретам ауылы. 20 наурыз, 2016 жыл.

Маусымның 9-ында президент сайлауы өтетінін жариялап тұрып Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси бәсеке "адал, ашық әрі әділ" болатынын айтты. Сәуірдің 10-ында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында оның төрағасы және Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлауды "заңды түрде" және "демократия нормаларын сақтай отырып" өткізу керектігін айтты. Бұл туралы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Қазақстандағы сайлауды үнемі бақылап келген Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) ресми өкілі не ойлайды?

ЕҚЫҰ-ның ДИАҚБ ресми өкілі Катя Андруш Азаттыққа берген сұхбатында ұйымның Қазақстан билігінен маусымның 9-ында өтетін президент сайлауын бақылау туралы шақыру алғанын хабарлады.

- Кәнігі жұмыс тәртібімізге сай түрде қажеттілікті бағалаушы тобымызды елге жіберіп, сайлау процесіне жауапты органдармен, кандидаттармен, саяси партиялармен, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдерімен кездесеміз. Сарапшыларымыз жинаған ақпарат негізінде ДИАҚБ бақылаушылар тобын жіберу мен құрамын анықтау бойынша ұсыныс әзірлейді, - деді Катя Андруш.

1999 жылы бұл ұйым Қазақстанда алғаш рет мерзімінен бұрын өткен президент сайлауына толық құрамды миссиясын жібермей қойған. Елдегі заң жүйесінің және оппозицияның сайлау учаскелері мен БАҚ-қа
қол жеткізе алмауының ЕҚЫҰ міндеттемелеріне сәйкес емес екенін мәлімдеген.

2005, 2011 және 2015 жылдары өткен соңғы үш президент сайлауын қорытындылаған кездері ұйым "шынайы демократиялық" сайлау өткізу үшін Қазақстанға реформа керектігін ескерткен.

Ұйымның ұсыныстарын елемеудің салдары қандай болатыны туралы Азаттық сұрағына Андруш ДИАҚБ-ның міндеті "процестерді жақсарту үшін рекомендация беру" екенін айтты. Оның сөзінше, ұсыныстарды жүзеге асыру елдің "саяси ерік-жігеріне қарап тұр".

Қазақстан билігі Орталық сайлау комиссиясының сайтында ДИАҚБ-ның 2011 және 2015 жылғы қорытынды мәліметіне қатысты жауабын жариялаған. Сайлау кезіндегі заңбұзушылық туралы ескертуді "фактіге сүйенбеген жалаң" деп сипаттаған. Ал Андруштың сөзінше, ЕҚЫҰ тіке бақылау кезінде байқаған жайттарды ғана тұжырымға айналдырады, көрсетілген фактілер бойынша кінәлілерді тауып, жауапқа тарту - Қазақстан билігінің мойнындағы міндет.

ДИАҚБ өкілі Қасым-Жомарт Тоқаевты президент етіп тағайындау процедурасының халықаралық стандарттарға сәйкестігі туралы сұрақты жауапсыз қалдырды. Оның сөзінше, бұл жайтқа қазір баға беруге ертерек. Ұйым тек сайлау процесін бақылайды.

ЕҚЫҰ БАЙҚАҒАН ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ

2005 жыл

Желтоқсанның 4-інде өткен президент сайлауына бес кандидат қатысты:
Ерасыл Әбілқасымов (ҚХКП), Әлихан Бәйменов ("Ақ жол"
партиясы), Мэлс Елеусізов (өзін-өзі ұсынушы), Жармахан Тұяқбай ("Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысы) және Нұрсұлтан Назарбаев, сол кездегі президент ("Отан" партиясы).

ОСК-ның мәліметіне сәйкес сайлаушылардың 91,15 пайыз дауысын жинаған Назарбаев жеңіп шыққан. Әбілқасымов — 0,34 пайыз,
Бәйменов — 1,61 пайыз, Елеусізов — 0,28 пайыз, Тұяқбай — 6,61
пайыз қолдауға ие болды деп хабарланған.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мынадай заңбұзушылық тапқан:

  • Биліктің сайлауға өрескел түрде араласуы;
  • Сайлауалды үгіт науқанын шектеу;
  • Үгіт кезінде белсенділерді қорқыту және қудалау;
  • Оппозициялық кандидаттар мен сайлаушылардың кездесуін болдырмау;
  • Мемлекет қызметкерлерін, жеке компания өкілдерін және студенттерді президентке дауыс бер деп қысу;
  • БАҚ-тың биліктегі президентке бұра тартуы;
  • Оппозициялық газеттерді тәркілеу;
  • Билік басындағы президенттің бәсекелестерімен теледебатқа шығудан бас тартуы;
  • Бір адамның бірнеше рет дауыс беруі, топ болып, отбасы болып қайтара дауыс беру;
  • Сайлау жәшіктеріне бюллетеньдерді топтап салу;
  • Сайлау процесіне бақылаушыларды қатыстырмау;
  • Дауыс беру хаттамаларын бұрмалау және қарындашпен шала толтыру;
  • Хаттамаларды көпке жарияламау;

2011 жыл

Сәуірдің 3-інде өткен президент сайлауына елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХКП (Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы) орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбеков, Қазақстан патриоттары партиясының жетекшісі, сенат депутаты Ғани Қасымов және "Табиғат" экология ұйымының басшысы Мэлс Елеусізов қатыстырылды.

ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы кеңсесі алдында плакат ұстап тұрған белсенді. Қаңтар айы, 2011 жыл.
ЕҚЫҰ-ның Алматыдағы кеңсесі алдында плакат ұстап тұрған белсенді. Қаңтар айы, 2011 жыл.

Сәуірдің 5-інде ОСК жариялаған ресми қорытындыға сәйкес Назарбаев 95,55 пайыз дауыс жинап, қайта сайланды.
Қасымов —1,94 пайыз, Ахметбеков — 1,36 пайыз, Елеусізов —
1,15 пайыз дауыс алды деп хабарланды. Елдің оппозициялық партиялары мен қозғалыстары сайлауға бойкот жариялап, кандидат ұсынбады.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ төмендегідей заңбұзушылықты тіркеді:

  • Сайлау өтетіні туралы Конституция мен "Сайлау туралы заңға" асығыс-үсігіс өзгерту енгізілгеннен кейін жарияланды;
  • Сайлау комиссиялары мүшелерінің басым көпшілігінің билік басындағы "Нұр Отан" партиясына қатысы болды;
  • Оппозициялық кандидаттар қатыспады, қызу саяси талқылау болмады Жергілікті билік органдары, жұмыс берушілер мен жоғары оқу орындарының басшылары сайлаушыларға қысым көрсетті;
  • БАҚ цензураға ұшырап, президентке қосымша эфир уақыты берілді;
  • Дауыс беру құпиясы біраз жерде сақталған жоқ;
  • Өзге адам үшін сыртынан дауыс бергендер болды;
  • Сайлау учаскелеріндегі хаттама толтыру кезінде мәселе туды;
  • Бақылауға рұқсат етілген сайлау учаскелерінің әрбір бесіншісінде дауыс санау тәртібіне теріс баға берілді;
  • ОСК сайлау қорытындысы туралы түгел мәлімет жарияламады;
  • ОСК мен облыстық сайлау комиссиялары хаттама мен кесте көшірмелерін беруден бас тартты;
  • Аудандық және қалалық бес комиссиядан алынған хаттаманың төртеуінде мәлімет сәйкеспей жатты;
  • Соттар сайлау туралы шағымдарды негізсіз түрде қараудан бас тартты;
  • Сотта сайлау туралы әлі қаралмаған бірнеше шағым жатқанына қарамастан ОСК Нұрсұлтан Назарбаевты "сайланған президент" деп тіркеп үлгерді​;

2015 жыл

Кандидат ретінде президент Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХКП өкілі Тұрғын Сыздықов және Кәсіподақтар федерациясының президенті Әбілғазы Құсайынов тіркелді. Назарбаев 97,75 пайыз, Сыздықов — 1,61 пайыз және Құсайынов — 0,64 пайыз дауыс жинады деп хабарланды.
Сәуірдің 26-сында ұйымдастырылған сайлау қатарынан екінші рет мерзімінен бұрын өткен бәсекеге айналды.

Халықаралық бақылаушылар: Брюс Джордж (ортада) және елші Одри Гловер (оң жақта) Астанадағы (Нұр-Сұлтан) баспасө мәслихатында. 2005 жыл.
Халықаралық бақылаушылар: Брюс Джордж (ортада) және елші Одри Гловер (оң жақта) Астанадағы (Нұр-Сұлтан) баспасө мәслихатында. 2005 жыл.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мынадай заңбұзушылық болғанын жариялады:

  • Ел президентінің үстемдігі мен шынайы оппозицияның қатыстырылмауы;
  • БАҚ кеңістігінің шектелуі;
  • Сайлауалды үгіттің елеусіз түрде, бәсекесіз өтуі;
  • Орта және төменгі деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелері мен түгелге жуық төрағасы "Нұр Отан" партиясынан шықты;
  • Тіл туралы емтиханның шарттары анық болмады, тіл комиссиясын ОСК тағайындады (27 үміткердің 15-і қазақ тілі емтиханынан өтпей қалды);
  • Жеке үгіт-насихат қылмайтынын айтса да, Назарбаев ресми сапар ыңғайымен елді шарлап жүрді;
  • Бәсекелес деген екі кандидат президентті ашық мадақтады;
  • БАҚ шектеліп, вебсайттар жабылды және бұғатталды;
  • Сайлау нәтижесіне қатысты шағым түсіру хақын президент пен парламент шектеп қойды;
  • Сайлаудан кейін түскен барлық алты шағымды сот дәйексіз деп қарамай тастады;
  • Сайлау күні жәшікке топтап бюллетень салу үрдісі байқалды;
  • Көптеген комиссия бақылаушыларды арнайы орынға отырғызып, жүріс-тұрысын шектеді;
  • ОСК сайлау қорытындысын аудан мен сайлау учаскелері деңгейінде жіліктеп жарияламады;

БАСҚА БАҚЫЛАУШЫЛАР ПІКІРІ

2005 жылғы президент сайлауын ТМД бақылаушыларының жетекшісі Владимир Рушайло "заңға сәйкес өтті", "Қазақстан азаматтарының саяси еркін білдіруге толық жағдай жасалды", "аракідік байқалған заңбұзушылықтар дауыс беру қорытындысына әсер еткен жоқ" деп бағалады.

2011 жылғы сайлауды ТМД атқару комитетінің, ТМД парламентаралық ассамблеясының, ЕурАзЭҚ парламентаралық ассамблеясының,
ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) парламент ассамблеясының, Ислам конференциясы ұйымының, ШЫҰ мен ЕКПА (Еуропа кеңесінің парламент ассамблеясы, орысша ПАСЕ) бақылаушылары қадағалады.

ТМД бақылаушылар тобының жетекшісі Сергей Лебедев "сайлаудың демократиялық нормаларға сәйкес өткенін" мәлімдеді.

ЕКПА делегациясы сайлау нәтижесі көптің қалауын танытып тұрғанын, дауыс берушілердің көптігін атап өтті. Бірақ кандидаттардың бәсекеге түсу шарттарында теңсіздік байқалғанына алаңдайтынын ескертті.

ШЫҰ бақылаушылар тобының басшысы Муратбек Иманалиев те "сайлаудың демократиялық жағдайда" өткенін айтты.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 1992 жылы мүше болып кірген. 2010 жылы ұйымға төрағалық еткен. ДИАҚБ өкілдерін ұйым мүшелері елдеріне шақырып, ұлттық сайлау нормаларының 1990 жылғы ЕҚЫҰ Копенгаген құжатына және басқа да халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексертіп тұрады.

Қазақстандағы жалпы саны бойынша алтыншы (төртінші рет мерзімінен бұрын жарияланған) президент сайлауы маусымның 9-ында өтеді. Кандидат ұсыну кезеңі сәуірдің 28-інде аяқталады. Әзірше ешбір партия мен қоғамдық ұйым президенттікке үміткер ұсына қойған жоқ. Ал ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға түсер-түспесін әлі мәлімдемеді.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG