16 маусымда алматылық белсенді Абай Ерекенов қаладағы Тәуелсіздік ескеркішінің алдына бір адамдық пикетке шығып, Қазақстанның ерекше қорғаудағы табиғи территорияларын сақтауды талап етті. Ол қолына тендерлер кезінде коррупцияларды тоқтатуды талап еткен жазуы бар плакат көтеріп шықты.
Белсенді мамырдан бері елдің назарын аудартқан Іле Алатауы ұлттық паркін 49 жылға жеке басқаруға берген тендерге наразылық білдіріп, оның нәтижесін жоюды талап етті.
Оқи отырыңыз: "Жарты сағат талқылап, жарты ғасырға жалға берді". Іле Алатауы ұлттық паркінің жері кімге өтті?
Биыл 12 қаңтарда Іле Алатауы ұлттық паркінің ресми сайтында парк жерін беруге арналған ашық байқау жарияланып, оған бір ғана компания қатысқан. 27 адамнан тұратын комиссия жобаны мақұлдап, нәтижесінде "Құлтау және К" компаниясына Іле алатауы ұлттық паркінің 35 гектарлы 49 жылға жалға берген. Бұл шешім қоғамда сынға ұшыраған.
Абай Ерекенов жеке пикетке бір жағынан өткен айда ғана қабылданған бейбіт жиналыстар өткізу туралы заңды сынау үшін де шыққанын айтады.
- Жаңа заңды тестілегім келді. Жаңа заңға сай, пикет үшін мен [билікке] тек ескертіп, хабарлама қалдыруым керек, маған әкімдіктен рұқсат қажет емес. Бірақ олар маған рұқсат бергендері туралы жауап жолдады, - дейді Абай Ерекенов.
Ол 8 маусымда Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасына Egov электронды жүйесі арқылы 16 маусымда жеке пикетке шығатыны жайлы хабарлама жөнелткенін айтады. Оған басқармадан рұқсат берілгені жайлы және санэпидемиологиялық нормаларды сақтауды, хабарламада көрсетілген тақырыптан ауытқымауды ескерткен жауап келген.
25 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңға қол қойған еді. Заңға сай, бейбіт митинг я пикетке шығатындар алдын ала билікке ескертуі керек. Белсенділер мен құқық қорғаушылар жаңа заңда адам құқығын шектейтін тұстар көп деп санайды.
ПІКІРЛЕР