Accessibility links

"Жарты сағат талқылап, жарты ғасырға жалға берді". Іле Алатауы ұлттық паркінің жері кімге өтті?


Іле Алатауы ұлттық паркі.

Мамырдың соңында Алматының іргесіндегі Іле Алатауы ұлттық паркіне тиесілі жердің бір бөлігін (бұл аумаққа Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан шатқалы, Асы үстіртінің учаскелері мен басқа да жерлер кіреді) мемлекет жекеменшік компанияға 49 жылға жалға бергені белгілі болды. "Сенімді басқару" шартымен пайдалануға берілген жердің жалпы көлемі - 35 гектар. Ұлттық меншік саналатын аумақты жалға беру экобелсенділер арасында үлкен резонанс туғызды. Азаттық тілшісі жобамен жақынырақ танысып, билік шешіміне белсенділер неге қарсы екенін анықтап көрді.

ТЕНДЕР

Алматы тауларындағы ондаған гектар жердің "Құлтау және К" компаниясына тендер арқылы ұзақ мерзімге жалға берілгенін қоғам өкілдері мамыр айының соңғы аптасында бір-ақ білді. Бұл хабар қоғамның алаңдаушылығын туғызып, қызу талқыға түскеннен кейін экология вице-министрі Ерлан Нысанбаев журналистер, блогерлер мен экобелсенділердің басын қосып, кездесу өткізді.

Мамырдың 30-ы күні Алма-Арасан шатқалында өткен көшпелі баспасөз мәслихатында коронавирус инфекциясынан қорғану талаптарын сақтап маска таққан министрдің орынбасары жобадан түсетін пайда туралы ұзақ сөйлеп, "байқау [жерді беруге арналған тендер] қаңтардың 12-сіне жарияланып, ашық өткенін" айтты.

Алайда Іле Алатауы ұлттық паркінің сайтында тендер ақпанның 12-сіне жарияланып, наурыздың 13-і күні өткені жазылған. Сайттағы дерекке сәйкес, байқауда жеңіске жеткен жалғыз қатысушы компанияның иелігіне Үлкен Алматы көлі, Асы үстірті, Алма-Арасан (Аюсай), Түрген, Есік, Солдат шатқалы, Маралсай, Бутаковка және басқа жер учаскелері берілген.

Жалға берілген Үлкен Алматы көлі.
Жалға берілген Үлкен Алматы көлі.

Тендер хаттамасына қарағанда, өтініштерді (бұл жағдайда бір ғана өтінішті) қарауға арналған отырыс сағат 11:30-да басталып, 12:00-де аяқталған. Ұлттық парктің 35 гектар жерін жалға беру туралы шешім қабылдауға небәрі жарты сағат кеткен. Шешім шығарған комиссия құрамында 27 адам болған. Құжаттағы деректерге қарағанда, комиссия мүшелерінің көбі мемлекеттік органда жұмыс істейді. Экологиялық қоғам өкілдерінің атынан "Табиғат" қоғамдық ұйымының басшысы Мэлс Елеусізов қатысқан.

Тендер ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау ашық әрі барлық стандартқа сай өткен. Бірақ жобаға "Құлтау және К" компаниясы ғана өтініш беріп, жеңіске жеткен.

- Байқау өтерден 15 күн бұрын [Іле Алатауы ұлттық паркінің] сайтына тендер құжаттарын жарияладық. Өтініш беруге ниетті азаматтар тарапынан ешқандай ескерту болмады. Сондықтан біз осы тендер құжатын бекітіп, бір ай ішінде "Егемен Қазақстан" газетіне және қосымша [туризм] комитетінің сайтына хабарландыру бердік. Заң бойынша [хабарландыру] сайтта бір ай тұрды, оны бәрі көрді. Басқа [қатысушы] болмаған соң, "Құлтау және К компаниясының өтінішін қарадық". [Жеңімпазды] бірауыздан анықтадық, - деді Іле Алатауы ұлттық паркінің бас директоры Дамир Maлгелдиев.

БӘРІ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қазір Қазақстанда туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алған. Бұл бағдарламаға елдегі табиғаты әсем жерлер кіреді. Олардың қатарында Алматы өңірінің таулы аудандары да бар. Kazakh Tоurism ұлттық компаниясымен бірге жүзеге асатын бағдарламаның алғашқы нұсқасы 2019 жылы мамырдың 31-іне жарық көрді.

Іле Алатауы ұлттық паркінен "Құлтау және К" компаниясы жалға алған жерлерде экотуризмді дамыту жоспары таныстырылған слайдтан көрініс.
Іле Алатауы ұлттық паркінен "Құлтау және К" компаниясы жалға алған жерлерде экотуризмді дамыту жоспары таныстырылған слайдтан көрініс.

Бағдарлама паспорты 400 беттен тұрады. Экологиялық тақырыптарға жазатын журналист Вадим Борейконың сөзінше, бағдарламада экотуризм сөзі атүсті және этнотуризммен бір мағынада қолданылған. Журналист мемлекеттік бағдарламаның бір де бір нұсқасында, тіпті биыл көктемде өзгертулер енгізілген жаңа құжатта да Іле Алатауында экотуризмді дамыту жобасы туралы ештеңе жазылмағанын айтады.

"Қолыма сәуірдің 24-і күні дайындалған, мемлекеттік бағдарламадағы өзгерістерді салыстыру кестесі түсті. Яғни, бұл жаңа құжат. Оны "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының жобалау кеңсесі дайындаған. Ол жерден эко-этнотуризм бөліміне қосылған бір де бір өзгеріс таба алмадым", - дейді журналист.

Борейко ұлттық парктегі экотуризм жобасының заңға енбеуін "ұлттық парктерді экологиялық дамыту" бастамасының заң қабылдағаннан кейін қаралуымен байланыстырады. Іле Алатауы ұлттық паркінің учаскелерін жалға алған "Құлтау және К" компаниясының басшысы Александр Гужавин Борейкоға берген сұхбатында бұл идеяны былтыр шілдеде экология министрлігі мен туризм комитетінің шенеуніктерімен бірге АҚШ-қа барған сапарынан кейін ұсынғанын, қыркүйекте жобаны үкіметте таныстырғанын айтқан.

"Іле Алатауы жобасы" мемлекеттік бағдарламаның тау кластері бағытындағы "пилоттық жобасына" соңғы сәтте ілінген болуы мүмкін деп күмән келтіріп отырған қоғам өкілдері: "Бұл бастамаға кім қолдау көрсеткен?" деген сұрақ қойды.

Қазір мемлекеттік бағдарламаның пилоттық жобасына "Іле Алатауы ұлттық паркінде экотуризмді дамыту жоспары" кірген. Бұл туралы ақпарат үкімет сайтындағы ақпан айында жарияланған ақпаратта жазылған. Жоба туралы мәлімет мемлекеттік сатып алулар сайтында да кездеседі. Ақпан айында Іле Алатауы ұлттық паркінің басшылығы экотуризмді дамыту жөніндегі стратегиялық жоспар негізінде бас жоспарға өзгеріс енгізуге тендер жариялаған.

"ҚҰЛТАУ ЖӘНЕ К" КОМПАНИЯСЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

"Құлтау және К" компаниясы 2004 жылы Алматыда тіркелген. Құжатта көрсетілген қызмет түрі – "түрлі тауарды көтерме бағамен сату". Компанияның қандай тауар сатқаны белгісіз. Туризм мен экологияға байланысты жобаларға қатысқаны жөнінде де ақпарат табылмады.

"Құлтау және К" қызметкерлерінің саны бестен аспайтын компаниялар тобына жатады. Вице-министр Нысанбаевтың сөзінше, компания жалға алатын учаскелерде туризмді дамыту үшін стратегиялық жоспар дайындауға "Гонконгтан мамандар тартқан".

Жалға беру шартына сәйкес, "Құлтау және К" жобаға 10 жыл ішінде 14 миллиард теңге құюы керек. Соңғы бес жылда "Құлтау және К" бюджетке төлеген салық мөлшері миллион теңгеге жетпейді. Компанияның қаржы жағдайы туралы сұрақтарға жауап берген вице-министр Нысанбаев өзі басқаратын ведомство "инвестордың қаржы мүмкіндігін тексермегенін" мойындады. Ол компания басшылығы жанына жобадан үлес беретін серіктес тарта алатынын айтты.

Мамырдың 26-cынан бастап "Құлтау және К" компаниясының атауы "Туранга групп" болып өзгерген. Компания басшысы Александр Гужавин деп көрсетілген (Ras aitamyn телеграм каналының дерегінше, бұл адамның аты-жөні әртүрлі мемлекет азаматтарының офшордағы есепшоттары мен мүлкі туралы деректер жарияланған "Панама құжаттарында" кездеседі - ред.).

Алма-Арасанда өткен көшпелі баспасөз мәслихатына Гужавин да қатысты. Азаттық тілшісінің "Компания бұрын неге жұмыс істемей тұрды? Іле Алатауы ұлттық паркінде экологиялық туризмді қандай қаржыға дамытпақсыз?" деген сұрағына ол: "Иә, компания бұрын тіркелген, бірақ мен жоба іздеп жүрдім. Кейінгі бес-алты жылда қазақтың ірімшік дайындау ісін жандандыруға байланысты бір жоба болды. Стратегиялық жоспар дайындадым, бірақ ол әлі жүзеге асқан жоқ, соны іске асыруды армандап жүрмін. [Компания қаржыны қайдан алады?] Қазір [компанияны] жеке табыс көздерімнен өзім қаржыландырамын. Бірақ қарыз алып, қаржыландырсам деген ойым бар. Банк тендерді ұтсам, [қарыз беруге дайын екенін] растайтын қағаз берген, байқауға соны өткіздім" деп жауап берді.

Гужавин инвестор тартқысы келетінін, бұл үшін "келіссөздер жүргізіп жатқанын" айтты. Борейкоға берген сұхбатында Гужавин ұлттық парктен жалға алатын жердің әр гектарына айына тоғыз мың теңгеден төлейтінін, жылына бір гектар жерді жалдауға 108 мың теңге кететінін айтқан.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАР

Тендерден кейін қоғамға таныстырылған жобаның стратегиялық жоспарында 2018 жылы Іле Алатауы ұлттық паркінде 220 мың адам болғаны жазылған. Жоспарда көрсетілген болжам бойынша, 2025 жылы бұл көрсеткіш бес миллион адамға жетуі керек.

Жоспарға сәйкес, ұлттық паркте 10 визит орталық, медицина пункті, глэмпингтер (қызмет көрсету мен байланыс желісі бар мобильді лагерьлер), (үш мың орындық) кемпингтер, этноауылдар құру, көпір мен қоршаған ортаны тамашалауға арналған алаңдар, тауға соқпақ жолдар салу (156 километр жол) жоспарланған. Одан бөлек, екі мың автокөлікке арналған тұрақ пен көлікте отырып демалуға арналған жерлер салынбақ. Жобада жануарлар өсіріп, ұстауға арналған темір торлар (ілбістің суретімен бірге) және амфитеатр көрсетілген.

"Құлтау және К" компаниясының жоспары таныстырылған слайдтан көрініс.
"Құлтау және К" компаниясының жоспары таныстырылған слайдтан көрініс.

Экобелсенділер табиғи аумақта мұндай құрылыстар салуға қарсы.

- Жоба таныстырылымында амфитеатр мен ашық аспан астында кинотеатр тұрғаны ашуыма тиді. Қорғауға алынған табиғи аумақтарда, оның ішінде ұлттық парктерде шулауға болмайды. [Экология] министрлігі экотуризм ұранын жамылған, табиғи аумақтарда жүру ережесіне толықтай қайшы келетін қызметке қалай рұқсат берген? - дейді Алматы өңірінің туристік кластер қауымдастығының мүшесі, белсенді Елена Ерзакович.

Министрлік экотуризм ұранын жамылған, табиғи аумақтарда жүру ережесіне толықтай қайшы келетін қызметке қалай рұқсат берген?

Стратегиялық жоспардың екі түрлі инвестициялық бюджетке негізделген екі нұсқасы бар. Бір бюджетке сай, жоспарда ілбіске арналған темір тор жоқ. Стратегиялық жоспардың бір нұсқасына сенсек, өңір экономикасына жобадан 23 миллиард теңге пайда түсуі керек. Салынатын инвестиция көлемі - 28,4 миллиард теңге. Шығынның көп бөлігі (14,4 миллиард теңге) экоқонақүйлер мен глэмпингтердің құрылысына кетеді. Визит орталықтар құруға – 4,3 миллиард теңге, жаяу адам жолын салуға 2,5 миллиард теңге қарастырылған. Қалған ақша экология бекеті, көлік, жобаны басқаруға, тағы 2,3 миллиард теңге "ықтимал шығындарға" жұмсалады.

Алма-Арасанда өткен баспасөз мәслихатында экология вице-министрі Нысанбаев жерді жалға беруді жақтап, жеке инвестиция ұлттық паркті кей шығыннан босатуға мүмкіндік береді дегенді алға тартты. Ол жобаның "табыс әкелетінін" атап өтіп, "экотуризмнің америкалық тәжірибесі", "бағыттар мен жаяулар жолының" маңызы туралы сөз қозғап, барлық жобаны "табиғатқа үйлесімді етіп" жүзеге асыратындарын айтты.

- 10 жылда 34 нысан салынады. Оның 20-сы - коммерциялық нысан. Бірақ бұл үлкен ғимараттар емес, экотуризм ірі нысандардың құрылысынсыз дамуы керек. Қалған [нысандардың] әлеуметтік бағыты бар. Олардың қатарына қоршаған ортаны тамашалауға арналған алаңдар, көпірлер, жүргіншілер жолы жатады, - деді Нысанбаев.

Азаттық тілшісінің "Тендерде жеңіске жеткен компанияның экологиялық жобаларды іске асырудан тәжірибесі бар ма?" деген сұраққа шенеунік "білмеймін" деп жауап берді.

ГУЖАВИННІҢ БҰРЫНҒЫ ЖОБАЛАРЫ

Жоба инвесторының бұрын Алматыдағы тау кластерінде жұмыс істеп, тәжірибе жинағаны белгілі.

2007 жылы Medeu Development, Chimbulak Development компаниялары (Capital Partners-тің еншілес компаниялары) "Медеу" және "Шымбұлақ" курорттарын реконструкциядан өткізуді бастаған. Кейінірек ақпарат құралдары бұл жоба курортты қарызға батырып, топырақ эрозиясын туғызған қауіпті экологиялық жағдайға әкеп соққанын жазған. "Зеленое спасение" экологиялық қоғамы сол кезде инвестор бір жобаны (Шымбұлақ) бітірмей, екіншісіне өтіп, көп талқысына түскен Көкжайлау тау-шаңғы курортының жоспарын қолға алғанын мәлімдеген.

Сол жылдары Александр Гужавин Capital Partners компаниясының бас директоры болған, Chimbulak Development компаниясының бас директоры деп көрсетілген. Одан бөлек, Гужавин "Көкжайлау" тау-шаңғы курорты" мемлекеттік компаниясының басшысы ретінде 2012 жылы желтоқсан айында "Көкжайлау" тау-шаңғы курортының" алдын ала бас жоспарын таныстырған. "Көкжайлау" тау-шаңғы курорты" компаниясы Capital Partners компаниялар тобына кіретіні хабарланған. Осылай Гужавиннің Алматының тау кластеріне қатысты жобалардағы тәжірибесі Capital Partners компаниясымен тікелей немесе жанама байланысты деуге болады. Capital Partners компаниясының мажоритар иесі Сержан Жұмашев Forbes.kz нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай бизнесмендері тізіміне кіреді.

Гужавинге осыған дейін "Жаңа жобаға Жұмашевтың қатысы бар ма?" деген сұрақ қойылған. Ол кәсіпкермен байланысы барын мойындағанымен, "Іле Алатауы жобасының артында Жұмашев тұр" деген ақпаратты жоққа шығарған.

- Мен ол компаниядағы жұмысымды әрдайым жылы сезіммен еске аламын. Бірақ өкінішке қарай, сегіз жылдан бері онда жұмыс істемеймін. [Сержан Жұмашевпен] жақын доспыз. Бір-бірімізді жақсы білеміз, бірақ кәсібіміз бөлек. [Capital Partners инвестор болуы мүмкін бе?] Жоқ, өйткені олар басқа жобалармен айналысады, - деді Гужавин.

"49 ЖЫЛ – ӨТЕ ҰЗАҚ МЕРЗІМ"

Жердің жекеменшік басқаруға өтетінін білген қоғам өкілдерінің шағымы көбейді. Экобелсенділер бұл шешімнің қоғамдық талқыға шығарылмағанына наразы. "Зелёное спасение" экология қоғамының төрағасы Сергей Куратов мемлекеттік бағдарлама туралы жазған бүкіл ресми сайтты әдейі қарап шыққанын айтады.

- [Учаскелерді] пайдалану тәртібін өзгертетін осындай үлкен бағдарлама міндетті түрде талқылануы керек еді. Біз ресми сауал жібердік, жауап күтіп отырмыз, - деді Сергей Куратов.

Қазақстандық экобелсенді Елена Ерзакович.
Қазақстандық экобелсенді Елена Ерзакович.

Белсенді Елена Ерзакович қоғамдық талқылау өтпегеніне сенімді. Ол өз кезегінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алматыдағы бөлімшесінде орман шаруашылығы жөніндегі комитет өкілі бірде Іле Алатауы ұлттық паркін жекеменшік басқаруға беру идеясын айтқанын еске алды.

- Біз сол кезде құжат өте мұқият дайындалуы керек деген пікірімізді жеткіздік. Рекреациялық жүктемеге қатысты сұрақтар барын айттық. "Осының бәрі жоба құжатында көрсетілуі керек" дедік. Комитет өкілі "стратегиялық жоспар екі айда дайын болады" дегенде таңғалдық, - дейді сол жиыннан кейін құжат дайын болғаны жөнінде ақпарат түспегенін айтқан Ерзакович.

Белсенділер жерді жекеменшік басқаруға беру процесін сынады. Журналист Вадим Борейко жаңа жобамен бірдей мерзімге жалға берілген "Шымбұлақ" курортын мысалға келтірді.

Қазақстандық журналист Вадим Борейко.
Қазақстандық журналист Вадим Борейко.

"Адамдар жер инвесторға берілген кезде бір-ақ біледі. [Іле Алатауында экотуризмді дамыту] жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі, қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау қорытындысы жоқ. Жоба концепциясы бойынша қоғамдық талқылау өтпеді (…) 49 жыл - өте ұзақ мерзім. 49 жылға жалға берілген Шымбұлақтың жағдайын көріп отырмыз. Тау бөктеріндегі өсімдіктерді жойып жіберді", - дейді журналист Вадим Борейко.

"Зеленое спасение" экология қоғамының төрағасы Сергей Куратов та Іле Алатауы ұлттық паркінде бұған дейін жалға берудің сәтсіз мысалы болғанын айтады.

- Басында туризмді дамыту туралы айтады да, кейін ұлттық парк аумағына зәулім үйлер салып, биік қоршаулар орнатады. Жерді құжатта көрсетілген мақсатқа пайдаланбайды. Ұлттық паркте қараусыз қалған зәулім үйлер, учаскелер мен заңсыз қоқыс үйінділері көп. Неге ешкім осыған дейін пайдаланылған жерлерді қалпына келтіруге қаржы бөлгісі келмейді? Неге әр жолы жаңа учаске алып, ғимарат салу керек? - дейді эколог.

Оның пікірінше, жерді жалға беру кезінде қазақстандық заңдармен қатар халықаралық конвенциялар да бұзылған.

"Зеленое спасение" экология қоғамының төрағасы Сергей Куратов.
"Зеленое спасение" экология қоғамының төрағасы Сергей Куратов.

- Бұл бүкіләлемдік биоалуандылық мұрасы конвенциясын, "Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар" туралы заңды, жер, орман және су кодекстерін бұзады. Жалға беру ұлттық парктің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келмейді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда үкімет дамудың нақты бағдарламасын дайындап, оны жүзеге асыруда басты рөлді жеке бизнеске бермей, өзі алуы керек, - дейді Куратов.

Экологтың сөзінше, бүкіл әлемде ұлттық парктерге қаржыны мемлекет бөліп, өзі басқарады. Өйткені ұлттық парктер стратегиялық маңызы бар нысан саналады.

- Ұлттық парк - бірінші кезекте, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы экологиялық жағдайды тұрақтандырушы механизм. Бұл аумақ Алматы облысын таза сумен, ауамен, ауыл шаруашылығына қажет рекреациялық ресурстармен қамтамасыз етеді. Ұлттық парк мұздықтар мен су ағынын реттеп, орманды сақтау арқылы қалаға жеткілікті мөлшерде ғана су жіберіп, көшкіннің алдын алады. Парк бірінші кезекте қала агломерациясының тіршілігін сақтау үшін, тек содан кейін ғана туризм мақсатына керек, - дейді Куратов.

Басында туризмді дамыту туралы айтады да, кейін ұлттық парк аумағына зәулім үйлер салады.

Эколог Алматы қаласы мен Алматы облысындағы экологиялық ахуалдың нашарлауы ұлттық парктердегі жағдаймен байланысты деп есептейді.

- Бүкіл әлем климаттың өзгеруіне алаңдап отырғанда, біздің билік климат пен үлкен аумақтағы экологиялық жағдайға әсер етуші аудандарға жеңіл қарайды, - дейді "Зеленое спасение" экология қоғамының төрағасы.

Алма-Арасанда экология вице-министрі Ерлан Нысанбаев жиналғандарға жерді жалға алушы компания "визит орталықтар құрылысын бастағанын" айтып, "келісімде көрсетілген шарттар орындалмаса", "келісімшартты бұзуға" уәде берді. Жақында экология министрі Мағзум Мырзағалиев "инвесторға жүктелген міндеттердің орындалуын қадағалау үшін" ұлттық парктерді дамыту бойынша қоғамдық кеңестер құрылатынын мәлімдеді.

Мамырдың 29-ы күні Іле Алатауы ұлттық паркіне тиесілі учаскелердің жекеменшік компанияға ұзақ мерзімге жалға берілгені туралы хабардан кейін Алматыда жергілікті тұрғын Ерболат Түркеев қала әкімдігі алдына бір адамдық пикетке шықты. Ол Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қызметтен кетуін талап етті. Түркеев наразылық акциясында жерді сатпауға шақырған плакат ұстап тұрды.

  • 16x9 Image

    Бағдат АСЫЛБЕК

    Бағдат Асылбек - Азаттықтың Алматыдағы штаттан тыс тілшісі. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облыстық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын жергілікті "Диапазон" газетінен бастаған. Қазақстандағы басылымдарда жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG