Accessibility links

"Панама архивінде" Дариға Назарбаеваның аты тағы да аталды


Дариға Назарбаева.
Дариға Назарбаева.

Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы жариялаған офшор туралы құжаттың екінші бөлігінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның есімі жүр.

НАЗАРБАЕВА МЕН ASTERRY HOLDINGS LTD

Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (Organised Crime and Corruption Reporting Project, OCCRP) панамалық Mossack Fonseca заң фирмасының әлемдегі саясаткер, бизнесмен және әйгілі адамдардың офшор-шоттары жайлы ақпаратын растайтын тағы бір құжат жариялады. Зерттеу 2016-2017 жылғы деректерді қамтыған.

Бұл зерттеуда Қазақстан президентінің қызы, Сенаттағы халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның да аты аталады. Жаңа құжатта "Дариға Назарбаева - 2007 жылдан бері британдық Виргин аралдарында тіркелген Asterry Holdings LTD офшорлық компаниясының тең қожайыны. Ол осы компания арқылы Қазақстандағы кондитерлік бизнестің активтерін иеленіп отыр" деп жазады. Зерттеу компаниясы Назарбаеваға ресми сауал жолдағанымен, жауап ала алмаған.

Азаттық тілшілері де Дариға Назарбаевадан пікір алуға тырысқан. Назарбаева маусымның 21-і күні өткен Сенат отырысына қатыспады. Азаттық тілшісі Назарбаеваның көмекшісіне хабарласқанымен, жауап алу мүмкін болмады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада), Дариға Назарбаева (сол жақта) Лондонға сапары. 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада), Дариға Назарбаева (сол жақта) Лондонға сапары. 2018 жыл.

МЕССИ МЕН МАЛАЙЗИЯ ЭКС-ПРЕМЬЕРІНІҢ АҒАСЫ

Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) 21 маусымда жариялаған құжатында "Барселона" клубында ойнайтын аргентиналық футболшы Лионель Месси мен оның әкесінің есімі де бар. Журналистердің жазуынша, олар панамалық компаниялар арқылы салық төлеуден қашқан. Құжаттарда Мессидің Mega Star Enterprises Inc компаниясының жұмыс істеп тұрғаны жазылған. Футболшы 2016 жылы бұл компаниясы "мүлде жұмыс істемейді" деп мәлімдеген.

OCCRP зерттеуінде Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разактың ағасы британдық Виргин аралдарында компаниясы бары жазылған. Қазір Малайзияда Разакқа қатысты іс қозғалып, прокуратура оның банктегі есеп-шотына аударылған 10,6 миллион долларға қатысты тексеру жүргізіп жатыр.

"ПАНАМА ҚҰЖАТТАРЫНДАҒЫ" ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР

Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) офшорларға қатысты "Панама құжаттарын" жиі жариялай бастады. ​

Дариға Назарбаеваның есімі "Панама құжаттарында" 2016 жылы алғаш аталған. Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумының (ICIJ) 2016 жылы мамырда жариялаған құжатында "Dariga N. Nazarbayeva 2007 – 2012 жылдары британдық Виргин аралдарында тіркелген Asterry Holdings LTD офшорлық компаниясының тең қожайыны болған" деп жазылған.

Оқи отырыңыз: "Панама архивінде" Дариға Назарбаеваның аты жүр

Бұл құжатта ENRC металлургиялық кәсіпорны иелерінің бірі Патох Шодиев пен бизнесмен Марғұлан Сейсембаевтың, Қазақстанның қазіргі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, Қазақстан президенті Назарбаевтың үлкен жиені Нұрәлі Әлиевтің, азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталиннің есімдері болған.

2017 жылы қарашада жариялаған Paradise Papers ("Жәннат құжаттары" немесе "Жұмақ аралдарының құжаттары") деп аталатын құжатта Қазақстанның қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов пен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың есімдері болған еді.

Paradise Papers құжатында министр Бейбіт Атамқұловтың Мальтада тіркелген Centraz Finance Ltd компаниясы туралы жазылған. Ал Мыңбаев Бермуд аралдарында тіркелген Meridian Capital Ltd. компаниясының акционері ретінде аталған.

Оқи отырыңыз: Офшор дауында Мыңбаев пен Атамқұлов аталды

Кейбір елдерде «Панамагейт» құжаттары офшорлық іс-әрекеттерін әшкерелеген саясаткерлер қызметтен кетуге немесе жұртшылыққа құпия болып келген мәліметтерге қатысты түсініктеме беруге мәжбүр болған. Қазақстанда зерттеу ешқандай реакция тудырған жоқ. Азаттық 2017 жылы елдің Бас прокуратурасына офшор құжаттардағы мәліметтерге қатысты сауал жолдаған. Прокутура әшкере болған деректерге байланысты тексеру жүргізбейтінін хабарлап, "бұл материалдардың шығу көздері туралы қандай да бір шынайы мәлімет жоқ" деген.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG