Accessibility links

Президент қыздары, министрдің ұлдары және Дубайдағы жобалар


Palm Jumeirah қонақ үйі. Дубай. Біріккен Араб әмірлігі.
Palm Jumeirah қонақ үйі. Дубай. Біріккен Араб әмірлігі.

OCCRP консорциумы журналистері Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің және елдің төтенше жағдай министрі Кямаледдин Гейдаровтың балалары Еуропа және Таяу Шығыс елдерінде бизнеске, қымбат тұратын жылжымайтын мүлікке және сәнді қонақүйлерге инвестиция құю үшін ондаған офшор компанияны пайдаланғанын анықтады.

Мальталық журналист Дафна Каруана Галицияның қазасынан кейін (оны 2017 жылғы қазанда өз көлігінде жарып жіберген) әлемнің 18 танымал басылымы тілшілері зерттеу жүргізген. Дафна Галиция мальталық Pilatus банкінің қызметі туралы бірнеше мақала жариялап, банк Әзербайжан элитасымен де, арал билігімен де байланысты деп бірінші жазған журналист болатын. Банк клиенттерінің көбі Әзербайжанның билік элитасындағы адамдар болғанын енді OCCRP (сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы) зерттеуі де растап отыр.

Pilatus банкінің ірі клиенттерінің ішінде Әзербайжан президентінің қыздары Лейла мен Арзу да болған. OCCRP орталығының үш дереккөзінің айтуынша, екеуі бірнеше офшорлық компанияның түпкі бенефициары да болған.

Әлгі дереккөздердің айтуынша, Әзербайжанның төтенше жағдай министрі Кямаледдин Гейдаровтың екі ұлы Тале мен Ниджат Әлиевтің отбасымен байланысты өзге бірнеше офшор компанияның бенефициары болған.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің қыздары: Лейла (сол жақта) және Арзу.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің қыздары: Лейла (сол жақта) және Арзу.

Кямаледдин Гейдаров – Әзербайжандағы ең ықпалды адамдардың бірі. Оны жұрт "бүкіл маңызды нәрсенің министрі" деп атап кеткен. 1995-2006 жылдары ол кеден қызметін басқарған. Wikileaks халықаралық коммерциялық емес ұйымы жариялаған құпия материалдарда ол басқаратын ведомствоның "жемқорлығы тіпті Әзербайжанның өлшеміне сыймайтын көлемде" деп көрсетілген.

Ағайынды Гейдаровтардың адвокаты клиенттерінің компаниялары "заңды бизнес жүргізу" үшін Pilatus банкінде есеп-шоттар ашқан болатын деп мәлімдейді. Әлиевтің қыздары журналистердің сауалына жауап бермеді.

ДАФНА ГАЛИЦИЯ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДЕРЕККӨЗІ

Pilatus банкінің әзербайжандық клиенттері туралы алғашқы деректерді Дафна Галиция осы банктің бұрынғы қызметкері ресейлік Мария Ефимовадан алған.

Ефимова банкті "жалақымды төлемей қойды" деп, Pilatus бұған жауап ретінде оны "ақшаны заңсыз иемденіп алды" деп айыптаған. Бұдан кейін банктің бұрынғы менеджері журналистке Мальта премьер-министрі Джозеф Мускаттың әйелінің офшор компаниясына Әлиевтің үлкен қызы Лейланың Дубайдағы Sahra FZCO компаниясының есеп-шотынан бір миллион доллар аударылғаны жайлы айтып берген.

Әлиевтер мен Гейдаровтардың Дубайдағы қонақүйлері мен жеке үйлері. OCCRP инфографикасы.
Әлиевтер мен Гейдаровтардың Дубайдағы қонақүйлері мен жеке үйлері. OCCRP инфографикасы.

Мұның арты коррупциялық шуға ұласып, жергілікті телеарна түн ортасында банк қожайыны Әли Садр мен топ-менеджер Антониэлла Гаучидің құжаттар салынған сөмкелерді көтеріп Pilatus кеңсесінен шығып бара жатқан сәтін көрсеткен. Таңғы сағат 4-те жеке меншік ұшақ Мальтадан ұшып шығып, Бакуге қонған, одан кейін Дубайға беттеген.

Мақала жарияланғаннан кейін алты айдан соң Дафна Галиция қастандықтан қаза тапты. Оның дереккөзі Мальтадан кетіп, Грецияда бас сауғалады. 12 сәуірде Греция Ефимованы экстрадициялаудан бас тартты.

Әлиевтердің Мальта премьер-министрінің әйеліне не үшін ақша аударғаны белгісіз. Бірақ Джозеф Мускат бірнеше мәрте Бакуға барып, Әлиевпен кездескен, ал екі ел басшыларының кездесуі туралы ресми хаттама жарияланған жоқ. Мальта премьер министрі Әзербайжанда өткен сайлауларды да талай рет қорғап сөйлеген.

Кейінірек Мальта билігі Pilatus банкінің 150 клиентінің көбі Әзербайжанның билік элитасына қатысы бар адамдар екенін анықтаған. Бұған қоса, банктің көптеген операциясы күдік тудырған. Банк саяси ықпалы бар клиенттері аударған ақшаның қайдан шыққанын анықтамаған.

"Ақша аударымдарының көбі банктің ішінде бір есеп-шоттан екіншісіне еш коммерциялық себепсіз аударылып келген" делінген Мальта билігінің қаржылық есебінде.

Биыл сәуірде Pilatus банкінің қожайыны әрі Иран азаматы Әли Садр Хашеминеджадті заңсыз ақшаның ізін жасырды және санкцияны айналып өтті деген айыптады. Мальтаның банк қызметін реттеуші органы банктің бүкіл активін, оның ішінде, өз клиенттерінің мүддесі үшін Pilatus қызмет көрсеткен активтерді де бұғаттаған.

ДУБАЙДАҒЫ ЖОБАЛАР

Мальта премьер-министрінің әйеліне ақша аударған әлгі дубайлық Sahra FZCO компаниясы Дубайдағы Palm Jumeirah деп аталатын жобаның территориясында орналасқан қонақ үй мен жекежайларға иелік етеді. Пальма ағашы пішіндес жасанды арал элиталық жылжымайтын мүлік салу үшін арнайы жасалған.

Аралдағы 361 бөлме мен 182 апартаменттен тұратын Sofitel Palm Resort & Spa қонақүйі Sahra FZCO компаниясына тиесілі. Жарнама материалдарына қарағанда, қонақүйдің жанында ұзындығы жарты километр болатын эксклюзивті жағажай бар, ал терезелерінен Дубайдың әсем келбеті көрініп тұрады.

OCCRP ұйымының алдыңғы зерттеуінде Әлиевтер отбасының Бакудегі сәнді қонақүйлер желісі және шетелдегі жылжымайтын мүлкінің жалпы құны 100 миллион доллардан кем емес деп көрсетілген

Palm Jumeirah жобасының ең әсем тұстары - "пальма жапырақтары" ұштарында орналасқан 17 жекежай да осы фирмаға тиесілі. Жылжымайтын мүліктің жалпы құны 100 миллион долларға жуықтайды. Тағы бір жекежай - Palm Fronds фирмасының меншігі, бұл фирма Әзербайжан президентінің аттасы "Ильхам Әлиевтің" атына жазылған. Бұл фирманың пошта мекенжайы Әлиевті қыздары Арзу мен Лейланің мекенжайына сәйкес келеді.

OCCRP ұйымының алдыңғы зерттеуінде Әлиевтер отбасының Бакудегі сәнді қонақүйлер желісі және шетелдегі жылжымайтын мүлкінің жалпы құны 100 миллион доллардан кем емес деп көрсетілген болатын.

Журналистер консорциумының тағы бір зерттеуіне сәйкес, Әзербайжан билігі заңсыз алынған 2,9 миллиард доллардың ізін жасырған.

OCCRP жариялаған деректерге сәйкес, Palm Jumeirah аралындағы жалпы құны 33 миллион долларға жуықтайтын тоғыз жекежайдың иесі - Әзербайжан төтенше жағдай министрінің ұлдары Тале мен Ниджат Гейдаровтар.

ӘЗЕРБАЙЖАНДАҒЫ БИЗНЕС-ИМПЕРИЯ

2013 жылы Әзербайжандағы ең ірі холдингтердің бірі - Gilan Holding Дубайда тіркелген екі фирмаға тиесілі екені анықталған еді. Sahra FZCO компаниясының үлесі - 51 пайыз, ал Shams al Sahra FZCO компаниясының үлесі - 49 пайыз. Аудит деректеріне сәйкес, бұл екі құрылымның түпкі иелері - Әзербайжан төтенше жағдай министрінің ұлдары Тале мен Ниджат Гейдаровтар. Кейінірек әлгі деректер өшіріліп тастады.

Ресми болжамға сәйкес, Кямаледдин Гейдаров өз бизнесін 1987 жылы, яғни СССР ыдырамай тұрып бастаған делінеді. 1995 жылы кеден басшысы қызметіне тағайындалған кезде ол бизнесін ұлдары мен "аға менеджерлерге" берген (ол кезде үлкен ұлының жасы небәрі 10-да болған). Бірақ журналистерге Гейдаровтың шенеунікке айналғаннан кейінгі бизнесіне қатысты ешқандай дерек табудың сәті түспеген.

Sahra FZCO компаниясы қазір Әлиевтің қыздарына тиесілі болғандықтан, журналистер Гейдаровтар президент отбасына әу бастан делдал болған немесе оларға Gilan Holding холдингінің бақылау пакетін берген я сатқан деп жорамалдайды.

ФРАНЦУЗ ФАРФОРЫ, ГРУЗИЯЛЫҚ КУРОРТ

Pilatus банкі құжаттарын зерттеу кезінде тілшілер ағайынды Гейдаровтар франциялық Heritage Collection компаниясының да бенефициарлары екенін анықтаған. Қолдан жасалған аса қымбат бұйымдар шығаратын бірнеше кәсіпорын осы фирмаға тиесілі.

Гейдаровтар элиталық фарфор шығаратын JL Coquet компаниясын, төсек жаймаларын тігетін Porthault фабрикасын және мультфильм кейіпкерлерінің кішкентай мүсіндерін жасайтын Leblon Delienne шеберханасын осы компанияның атынан сатып алған.

OCCRP дереккөздерінің сөзінше, Гейдаровтар Испанияның Марбелья қаласындағы жылжымайтын мүлікке 3,9 миллион еуро және Грузияның Цхалтубо қаласындағы курортта төрт жұлдызды қонақүй салуға 2,5 миллион еуро инвестиция құю үшін Pilatus банкін пайдаланған.

Бұған қоса, ұйым дереккөздері Гейдаровтар отбасы Ұлыбритания мен Испанияда орналасқан жалпы құны 40 миллион еуроға тең жылжымайтын мүлікке иелік ететін құрылымдарды сенімді адамдары арқылы бақылайды деп хабарлаған.​

(«Настоящее время» телеарнасының материалы орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG