Accessibility links

Назарбаевтың сапарын жазған басылымдар "клептократияны" айтты


АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қол алысып отыр. Ақ үй, Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қол алысып отыр. Ақ үй, Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары жайлы жазғанда Орталық Азиядағы бұл елді "клептократия" деп атаған, бірақ Вашингтон үшін Астананың стратегиялық маңызы барын да көрсеткен. Назарбаевты "байсалды" және "кемеңгер" лидер деп сипаттаған.

"КЛЕПТОКРАТИЯ МЕН КОРРУПЦИЯ"

Бизнес және қаржы саласы жаңалықтарын тарататын америкалық CNBC телеарнасы "Қазақстан – автократ басқарып отырған "клептократия". Бұған қоса, маңызды стратегиялық әріптес елге айналып келеді" деген мақаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары жайлы жан-жақты комментарий жазған.

"Теледидардан қарағанда, мінберде Трамптан бірер қадам әрірек және елінің туы аясында тұрған президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің кез-келген елінің басшысы тәрізді көрінді. Бірақ Назарбаев Ақ үйге барып жүрген әлем елдері басшыларының көбіне ұқсамайды. 30 жылға жуық ел басқарып отырған Назарбаев биліктегі мерзімін жалған сайлау өткізу арқылы ұзартатын автократ ретінде танылған. Мысалы, 2015 жылы ол 98 пайызға жуық дауыспен "қайта сайланды". Бұған қоса, Назарбаев – жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі халықтың жан басына шаққанда жылына сегіз мың доллардан сәл асатын елдегі асқан бай адам. 2013 жылы ол жиенінің үйлену тойында ән айтқаны үшін рэппер Канье Уэстке үш миллион доллар төледі деген хабар тараған" деп жазған CNBC.

Назарбаев пен Трамптың кездесуі, 16 қаңтар 2018 жыл:

Назарбаев пен Трамптың кездесуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

CNBC "коррупцияға" арнайы назар бұрып: "Кей есеп бойынша, Совет одағы ыдырағаннан кейінгі алғашқы он жылда Қазақстан ЖІӨ-нің шамамен ширек бөлігі елден сыртқа әкетілген. Қазақстандық топ-бизнесмендер бүкіл әлемде парақорлық пен заңсыз ақша ізін жасырды деген айыпқа қалған" деп жазған.

"Олай болса, АҚШ ұстанатын көптеген іргелі принциптерді құп көрмейтін үкімет басшысын Ақ үй неге қызыл кілем жайып қарсы алды?" - деп таңданыс білдіреді мақала авторлары. Олар мұның себебі АҚШ үшін елдің "стратегиялық маңызында" деп біледі. Мысалы, әсіресе АҚШ пен Пәкістан арасы шиеленіскен тұста, Қазақстанның Ауғанстанға кіретін ел ретінде үлкен рөлін, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамасы мен Солтүстік Кореямен келіссөздерге араласуы, бұған қоса, Ресеймен жақын қарым-қатынасын атаған. Назарбаевтың сапары кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей туралы да, адам құқығы немесе "заң үстемдігі" жайлы да ләм-мим деп тіс жарған жоқ.

Оқи отырыңыз: Назарбаев пен Трамп қауіпсіздікті көп айтты

Фотогалерея: Назарбаев және АҚШ-тың бес президенті

Қазір ел экономикасының төрт пайызы жеке меншік бір компанияның иелігінде. Бұл – Ресеймен байланысы бар миллиардерлердің иелігіндегі Eurasia Resources Group (ERG) компаниясы. 2017 жылғы қазанда америкалық Bank of New York билік басындағы болжамды коррупция ісіне қатысты жүріп жатқан сотқа байланысты Қазақстан ұлттық қоры активтерінің 40 пайызға жуығын бұғаттап тастады деп жазған CNBC.

Сонымен бірге CNBC телеарнасы Джордж Мейсон университетінің терроризм, трансұлттық қылмыс және коррупция орталығы директоры әрі Ресей және Шығыс Еуропа елдері бойынша сарапшы Луиза Шеллидің "автократия үстемдік құрып, ұйымдасқан қылмыстың дәурені жүріп тұрған аймақта Қазақстан көп елдерден тәуірірек [көрінеді]" деген пікірін келтірген. "Орталық Азияның кез-келген еліндегі сияқты Қазақстанда да коррупция деңгейі жоғары" дейді сарапшы. "Бірақ бұл елде саяси элита ұйымдасқан қылмыстық топтармен Ресей және Әзербайжандағы сияқты шырмалып жатқан жоқ, бұл елді ұйымдасқан қылмыстық мемлекет емес, клептократия деу дұрыс болар" деп жазған CNBC.

"КЕМЕҢГЕР ЛИДЕР"

Америкалық Bloomberg ақпараттық агенттігінің "Трамп SoHo қонақүйіне инвестиция ретінде қазақстандық ақша құйылғаны я салынбағанынан "мүлде хабары жоғын" айтты" деген мақаласында Bayrock Group LLC компаниясының Қазақстанның металлургия саласы қаржысымен байланысы болуы мүмкін деген күдікпен жүргізіліп жатқан тексеру жайлы жазған. Басылым "2000 жылдары Трамп Төменгі Манхэттендегі Trump SoHo кондоминимумы жобасын жасаған жылжымайтын мүлікпен айналысатын Bayrock Group LLC компаниясымен істес болған. Bayrock компаниясының негізін баю жолы 1990 жылдары бұрынғы СССР-дің металлургиялық өнеркәсібі қираған үйінділерінен пайда табу үшін шайқас кезінен бастау алатын тегі түрік Қазақстан тумасы Тевфик Ариф құрған және басқарған" деп жазған.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе мен Манхэттен арасындағы офшор жолы

ВИДЕО: Назарбаев көрген АҚШ президенттері

Назарбаев көрген АҚШ президенттері
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

Америкалық Wall Street Journal басылымы "Трамп Ақ үйге сапармен келген Қазақстан басшысын күтіп алды" деген мақаласында Назарбаевтың АҚШ-қа сапары қалай өткенін және кейінгі 12 жылдан бері бармаған оны Ақ үйде қалай қабылдағанын сипаттаған. Бұған қоса мақалада Назарбаевтың АҚШ-қа сапары Дональд Трамптың қазақстандық бизнесмендермен, мысалы, Bayrock Group LLC компаниясы арқылы Тевфик Арифпен іскерлік байланыс тарихына да назар аудартқаны айтылған.

Wall Street Journal "1989 жылдан бері билікте отырған әрі адам құқығын таптап, елден миллиардтаған долларды шығарып әкетті деп айыпталатын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономика және қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін сейсенбі күні Ақ үйге барды. Трамп оны "аса қадірменді" деп атады әрі екеуінің кездесуіне қатысу үшін кабинетіне шақырылған тілшілерге "Қолынан іс келеді" деді.

Фотогалерея: Назарбаевтың Ақ үйге 12 жылдан кейін баруы

Америкалық Forbes журналы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары басталғанға дейін жариялаған "Қазақстан президенті Трамптың Ақ үйіне бара жатыр" деген мақаласында Қазақстанда экономикалық прогресс пен саяси тұрақтылық бар деп жазған. Мысалы, "ұялы интернет Бразилия, Ресей және Үндістанға қарағанда, ал кең жолақты интернет Австралияға қарағанда шапшаң жұмыс істейді" деп көрсеткен басылым.

Нұрсұлтан Назарбаевты "көзі тірі жалғыз бұрынғы совет лидері" деп атаған әрі оның "стан" елдерінің ішінде Ақ үйде Дональд Трамппен кездескен алғашқы әрі жалғыз президент" екеніне назар аударған.

"Назарбаев үкіметті асқан байсалдылықпен басқарады. Ол билікті бөлісуді маңызды санайды, соның ішінде геосаясатқа деген көп векторлы тәсіл ұстанудың баяғыдан келе жатқан постсоветтік дәстүрін сақтап отыр. […] Назарбаев бұрынғы Совет одағының Ангела Меркелі емес, бірақ ол – кейінгі он жылдың көп бөлігін елін қазіргі заманға лайық үлгі ретінде көрсету үшін жаңғыртуға тырысып өткізген адам" деп жазған Forbes журналының колумнисі Кеннет Рапоза.

Назарбаевтан кейінгі билік транзиті мәселесіне қатысты басылым вашингтондық Center for Strategic and International Studies орталығының Ресей және Еуразия бағдарламасы директоры Ольга Оликердің: "Назарбаев кеткеннен кейін ақылға қонымды сабақтастық болмайды деп ойлауға ешқандай себеп жоқ. […] Оның саясатының көп тұстарын сынауға болады, бірақ ол көп жағдайда өзін кемеңгер басшы ретінде ұстай білді. Елін көркейту үшін менеджерлер мен инженерлерді оқытуға ол сияқты баяғыдан инвестиция құйып келе жатқан өзге ешқандай басшы есіме түспей отыр" деген сөздерін келтірген.

XS
SM
MD
LG