Accessibility links

Назарбаев пен Трамп қауіпсіздікті көп айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) АҚШ президенті Дональд Трамппен Ақ үйдің Рузвельт залында қол алысып тұр. Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл.

Қаңтардың 16-сында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тағы үш күндік ресми сапар аясында Ақ үйде президент Дональд Трамппен кездесті.

Сейсенбі күні Астана уақытымен 23.00 шамасында Ақ үйге келіп жеткен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты есік алдында президент Дональд Трамп қарсы алды. Соңғы мәрте Назарбаев Ақ үйде ресми сапармен 2006 жылы болған.

Жұмыс тәртібіндегі түскі астың алдында екі президент Рузвельт залында журналистердің алдына шығып, шағын баспасөз мәслихатын өткізді. Президент Трамп Қазақстанның аймақ қауіпсіздігі бойынша маңызды әріптес екенін атап өтіп, Ауғанстанда терроризммен күресіп жатқан әскери күштеріне логистикалық үйлестіру жағынан қолдау көрсеткеніне ризашылық танытты.

Назарбаев пен Трамптың кездесуі туралы видео:

Назарбаев пен Трамптың кездесуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

Назарбаев АҚШ-қа Қазақстанның территориялық тұтастығын қолдап келгені үшін алғыс айтты және Трампты президент қызметіне кіріскеніне бір жыл толуымен құттықтады.

Назарбаев территориялық тұтастық туралы пікірін көп тарқатпады. Бірақ Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алғалы бері Астана Кремльдің постсоветтік елдерге қатысты сыртқы саясатына сақсына қарап отыр. Елде этникалық қазақтардың үлесі басым болғанымен орыс диаспорасы тұрғындардың 20 пайызына жуық.

Қазақстан президенті АҚШ-қа сапары кезінде америкалық компаниялармен жалпы құны 7,5 миллиард АҚШ доллары болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылатынын айтты. Назарбаевтың сөзінше, Қазақстан АҚШ-тан "Боинг" ұшақтарын сатып алады және General Electric компаниясы Қазақстанда жаңадан 900 локомотив құрастыратын болды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Ақ үйдің Овал офисінде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп отыр. Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Ақ үйдің Овал офисінде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп отыр. Вашингтон, 16 қаңтар 2018 жыл

Қазақстандық бірқатар құқық қорғаушылар мен саясаткерлер Назарбаев пен Трамптың кездесуінде елдегі адам құқықтары мәселесінің көтерілетініне әу бастан күмән келтірген. Сенаттың бұрынғы депутаты Зәуреш Батталова Азаттыққа:

- Мемлекеттік қарым-қатынастар аясында көбінесе экономикалық мәселелерге басымдық беріледі. Ал адам құқығы әрдайым екінші деңгейде қалып қояды. Дипломатиялық миссиялармен кездескен кезде Қазақстанға қатысты екіжүзді стандарт ұстануды доғаратын кез жетті, - деген.

Президент Назарбаевтың тұсында Қазақстан билігі оппозициялық саяси күштерді барынша басып-жаншып, азаматтық қоғам белсенділері мен құқық қорғау ұйымдарының қызметін қыспаққа алып отыр. Биыл 78-ге шығатын саясаткер - бұрынғы СССР республикаларының арасында совет кезеңінен бері билікті уысынан шығармай отырған жалғыз жетекші.

Оқи отырыңыз: "Демократия мен адам құқығы айтылмайды"

Ақ үй алдын ала таратқан хабарламасында екі президенттің аймақ қауіпсіздігі, экономика мәселелері мен сауда қатынастарын талқылайтыны жазылған. Cейсенбі күні екі жетекші Ауғанстандағы ахуал сияқты бірнеше халықаралық мәселені де талқылады.

Қазақстандық ресми БАҚ Назарбаев пен Трамптың келіссөзінде Ресеймен қарым-қатынас жайы мен Сириядағы соғыс та сөз болатынын жазған.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) сарапшысы Санат Көшкімбаев:

- АҚШ Қазақстанның негізгі сауда әріптесі. Саяси жағынан алғанда аймақ пен жаһан деңгейіндегі қауіпсіздік мәселелерінің шешілуіне қатысты ынтымақтасамыз. Бұл кездесуде Ауғанстандағы ахуал, Сириядағы қақтығыс және Ресеймен қарым-қатынас алға шығады, - дейді.

Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақсыз мүше болып отырғанда Ауғанстан мәселесі де күн тәртібіне қойылған.

Қаңтар айында кеңеске төрағалық ететін Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров екі күн бұрын Кабулға БҰҰ делегациясын бастап барып, Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен және Бас атқарушы Абдулла Абдулламен кездесіп қайтқан.

Бұл делегацияға АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Никки Хейли мен Қытай, Ресей және Ұлыбритания елшілері де кірген.

Ақорданың хабарлауынша, президент Назарбаев Ақ үйдегі келіссөзден соң қаңтардың 18-інде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде ядролық қарусыздану бойынша жиынға төрағалық етеді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG