Accessibility links

Пекинде коронавирус жұқтырғандар көбейді, қала карантинге қайта оралды


"Жаңа вирус ошағы" деп танылған "Синьфади" ірі базардың кіре берісінде тұрған полиция қызметкерлері. Пекин, 13 маусым 2020 жыл.
"Жаңа вирус ошағы" деп танылған "Синьфади" ірі базардың кіре берісінде тұрған полиция қызметкерлері. Пекин, 13 маусым 2020 жыл.

Сәрсенбі, 17 маусымда Пекинде тағы 31 адамнан коронавирус табылды. Соңғы бір аптада коронавирус жұқтырғандар 137-ге жеткен.

BBC сайтының жазуынша, миллиондаған қала тұрғыны карантинге қайта оралып жатыр. Бұған дейін 57 күн қалада коронавирус табылмаған еді, вирус тек сырттан келгендерден ғана анықталып жүрген болатын.

Вирустың жаңа ошағы - "Синьфади" сауда орталығы деп айтылады. Ірі базар 21 миллионнан астам халық тұратын қала тұрғындарын ет және көкөніспен қамтамасыз етеді. Қазір базар жабылған. Пекин билігі базарға қатысы бар адамдарға қаладан шығуға тыйым салған.

BBC сайтының жазуынша, Пекиндегі 21 шағын аудан - "орташа дәрежедегі қауіпті", 1 аудан "өте қауіпті" аудан деп анықталған. 28 шағын аудан тұрғынының қаладан шығуына тыйым салынған.

Пекинге ұшатын және ол жақтан ұшатын 1255 авиарейс тоқтаған. Темір жол қатынасы 9 шілдеге дейін шектелген. Мектептер, бассейн, фитнес клубтар, спорт нысандары жабылған. Дегенмен кәсіпорындар, компаниялар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Ақпан айымен салыстырғанда бұл жолы билік бизнес, үкімет мекемелерін, өндіріс орындарын жаппаған.

"Індеттің алғашқы толқыны" кезінде ресми мәлімет бойынша, Қытайда 80 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 4,6 мыңнан астам адам қайтыс болған. Кейбір халықаралық сарапшылар Пекин келтірген дерекке күмән келтіреді. Соңғы үш айда елде 3200 адамға вирус жұққан. Олардың басым бөлігі - сырттан келгендер.

Былтыр желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында алғаш рет тіркелген жаңа коронавирус – SARS-CoV-2 (COVID-19 деп те атайды) кейін әлемнің өзге елдеріне тараған. Кейбір болжам бойынша, инфекция адамға Ухань қаласындағы жабайы аңдардың еті сатылатын жергілікті базарда жұққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG