Accessibility links

Қазақстанда коронавирустан тағы 3 адам көз жұмып, өлім саны 100-ге жетті


Коронавирус жұққан науқастарды емдейтін аурухана. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұққан науқастарды емдейтін аурухана. Көрнекі сурет.

Нұр-Сұлтан қаласында - 1963 жылғы ер адам, 1952 жылғы әйел және 1946 жылғы әйел адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы 18 маусымда таңертең коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады.

Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы марқұмдардың қайтыс болуына COVID-19 дерті себеп болды деген шешім қабылдаған.

Қазақстанда коронавирустан барлығы 100 адам көз жұмған. Нұр-Сұлтан (24), Алматы қаласы (15) және Павлодар облысы (13), Шымкент қаласында (12) адам өлімі көп тіркелген.

Қазақстан билігі коронавирус жұқтырған ондаған марқұмды ресми статистикаға қоспай отыр. Министрлік олардың өліміне "коронавирус емес, басқа дерттері себеп болды" дейді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне коронавирус жұқтырған марқұмдарды (жазатайым оқиғадан және инфарктен қайтқандардан басқасын) ресми статистикаға қосуды ұсынған.

Елде кейінгі уақытта күніне кемінде мыңға жуық адамнан вирус табылып жатыр. Билік Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында ауруханада орын жетпей, жедел жәрдем үлгере алмай жатқанын мәлімдеп, "жағдай қиын" деді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 18 маусымда үкімет эпидемияны тоқтату үшін жаңа шаралар жариялайтынын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG