Accessibility links

Еңбек вице-министрі Ерлан Әукенов те коронавирус жұқтырды


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов коронавирус инфекциясын жұқтырғанын хабарлады.

“Бүгін менің тестім оң нәтиже көрсетті. Жағдайым “мәз” емес”. “Екі күн бойы вагондап жүк түсіргендеймін немесе бірнеше гектарға картоп еккендеймін”. Кімнің басынан өтті, сол түсінеді” деп жазды Әукенов Facebook-те.

Вице-министр жеке қорғаныстың ең қатал шараларын қабылдағанын, бірақ оның бар-жоғы вирус жұқтыруды кейінге шегеруге ғана жеткенін айтты. Шенеунік вирустың кімнен жұққанын білмеймін деді.

“Қашықтан жұмыс істеймін. Zoom (онлайн видео конференция қызметін ұсынатын платформа – ред.) жұмыс кабинетім секілді болып қалды” деп жазды ол.

Қазақстанда вирустың тарауы күшейіп, ауруға шалдыққандар қатарынан шенеуніктер жиі табылып жүр. Кеше елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев (президенттіктен кетсе де, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын қолында ұстап отыр) пен вице-премьер Ералы Тоғжановтың COVID-19 ауруын жұқтырғаны белгілі болған. Оның алдында коронавируспен ауырғандар қатарына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли, Парламент мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин және депутаты Бекболат Тілеухан, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов секілді шенеуніктер қосылған.

Отыз алты жасқа таяған Әукенов қазіргі қызметіне 2019 жылды қыркүйекте тағайындалған. Оған дейін ол Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG