Accessibility links

Шыңжаңнан Қазақстанға қашқан Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы бостандыққа шықты


Шыңжаңнан Қазақстанға қашқан қазақтар Мұрагер Әлімұлы (сол жақта) мен Қастер Мұсаханұлы Семейдегі колониядан шыққан сәтте. Шығыс Қазақстан облысы, 22 маусым, 2020 жыл.
Шыңжаңнан Қазақстанға қашқан қазақтар Мұрагер Әлімұлы (сол жақта) мен Қастер Мұсаханұлы Семейдегі колониядан шыққан сәтте. Шығыс Қазақстан облысы, 22 маусым, 2020 жыл.

Бүгін, 22 маусым күні Қытайда туған қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы сегіз ай қамауда болған Семейдегі колониядан босап шықты. Бұл туралы олардың адвокаты Ләззат Ахатова хабарлады.

Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы "мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтті" деген айыппен қамауға алынған болатын. Қаңтар айында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты Шыңжаңнан Қазақстанға қашқан екі қазақты бір жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Сот үкіміне дейінгі қамауда болған күндері екі күнге саналатын болды.

Қазір Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы адвокаты Ләззат Ахатовамен бірге Ақмола облысы Қоянды ауылына бара жатыр. Ол жерде Мұрагердің әпкесі Нұргүл тұрады.

— Қазір қуаныштан өздеріне келе алмай отыр. “Түнімен ұйықтамадық, 5 сағат қалды, екі жарым сағат қалды деп, минут санап кеттік” дейді. Басында жігіттерді Семейде қалдырғысы келді. Бірақ біздің өтінішімізге түсіністікпен қарап, райынан қайтты, — деді Ләззат Ахатова.

Адвокаттың сөзінше, Мұсаханұлы мен Әлімұлының босқын мәртебесін сұраушы куәлігі тамызға дейін жарамды.

— Босқын мәртебесін беруді Ақмолы облысының миграция қызметі қарастырады. Қазір олардың қолына шілденің соңына дейін жарамды уақытша куәлік бар. Ол уақытқа дейін мәселе шешілуі тиіс.

Семей қаласының белсенділері Мұсаханұлы мен Әлімұлын колониядан шыққан кезде күтіп алғысы келген. Бірақ бұл мүмкін болмады – екі жігітті жоспарланған уақыттан бірнеше сағат бұрын шығарған. Адвокаттың айтуынша, колония әкімшілігі мұндай қадамға колония алдында көп адам жиналмас үшін барған.

— Телефондарымызды тапсырып, ішке кіргенде, мекеме басшысы алдымыздан шығып, екі жігітті ешкіммен байланыстырмай, алып шығуымызды өтінді. Өйткені, мекемеден короновируспен ауырғандар шығып жатыр екен. “Екеуінің де, басқа адамдардың да денсаулығы мен өмірін ойлаңыздар. Қазір осындай кезең, вирус ошағы Семейден шығып жатыр. Қастердің де ыстығы көтеріліп, біраз ем қабылдады” - деген соң, таңғы 7 00-де қаладан шығып кеттік, — деді Ахатова.

Мұсаханұлы мен Әлімұлы 2019 жылдың қазан айында Қазақстан мен Қытайдың шекарасын кесіп өтіп, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданынан бір-ақ шықты. Сол жерден Алматы қаласына аттанып, Қазақстан адам құқығы жөніндегі бюросында баспасөз мәслихатын өткізді. Мәслихат кезінде олар Шыңжаңда діні ислам халықтарға қысым көрсетіліп жатқанын, сол себепті Қытайда қашуға мәжбүр болғанын айтты. Қазақстан билігі көп ұзамай екеуін қамауға алды. 2020 жылдың 21 қаңтарында “мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтті” деп айыпталған Мұсаханұлы мен Әлімұлы кінәлі деп табылып, бас бостандығынан айрылды, бірақ Қытайға жіберілмейтін болды.

Шыңжаңдағы мұсылман халықтарға қысым көрсетілуі туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастады. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаң "лагерьлерінде" бір миллионға жуық ұйғырлар мен діні ислам өзге халықтардың барын мәлімдеген болатын. Бастапқыда мұны жоққа шығарған Қытай "лагерьлердің" барын мойындады, бірақ оларды экстремизм мен терроризмге қарсы күрес үшін құрылған "білім беру және кәсіпке баулу орталықтары" деп сипаттады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG