Accessibility links

Шеттен келген отыздай қазақ "жарты жылдан соң" ықтиярхатқа қол жеткізді


Шетелдік қазақтар ықтиярхат мәселесімен Ұзынағаштағы халыққа қызмет көрсету орталығы алдында тұрған кез. 26 мамыр 2020 жыл.
Шетелдік қазақтар ықтиярхат мәселесімен Ұзынағаштағы халыққа қызмет көрсету орталығы алдында тұрған кез. 26 мамыр 2020 жыл.

Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылына 2019 жылы Қытай мен Өзбекстаннан қоныс аударған қазақтар жарты жылдан кейін ықтиярхатқа қол жеткізді. Бұл туралы Азаттыққа олардың өздері хабарласты.

Биыл 26 мамырда Ұзынағаш ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығының алдына жиналған 30-ға жуық адам "жарты жылдан бері ықтиярхат ала алмай жүрміз" наразылық білдірген еді. Ол кезде халыққа қызмет көрсету орталығы мен көші-қон қызметі бөлімінің арасында сенделіп жүргендерін айтқан топтың уәжін тыңдайтын ешкім болмаған. Азаттыққа халыққа қызмет көрсету орталығының өкілі "Көші-қон қызметінің арнайы маманы отыру керек еді. Бірақ жаңа жылдан бері бұл жерде ешкім жоқ" деп жауап берген.

22 маусымда ықтиярхат ала алмай жүргендердің бірі Тынысбек Әбілхан Азаттыққа хабарласып, мамырда наразылық білдіргендердің бәрі құжаттарын алып жатқанын айтты

- Бүгін, 22 маусымда жетпістен асқан кәрі анам екеуіміз де ықтиярхат алдық. 26 мамырда сіздер, Азаттық журналистері келіп кеттіңіздер. Сол күні түстен кейін бізді қабылдай бастады. Екі күнде барлығымызды қабылдаған болатын. Бір ай шамасында ықтиярхатқа қол жеткіздік. Енді азаматыққа құжат жинаймыз, - деді ол.

Алматы облысы Жамбыл аудандық көші-қон қызметінің бастығы Дулат Мейірбекұлы да Әбілханның сөзін растады.

- Карантинге байланысты жұмыс уақытша тоқтап қалды. Қазір ол шағымданған адамдардың барлығы ықтиярхатты алды, - деді маман.

Қазақстанда шетелден көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық алғанға дейін ықтиярхат беріледі. Бұл құжат олардың дәрігерге қаралып, әлеуметтік жәрдемақы алуына, жұмыс істеуіне, құқығын қорғап, ел аумағында еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG