Accessibility links

Алматы әкімдігі бейбіт жиынға рұқсат керек емес дейтін заң қабылданса да митинг өткізуге тыйым салды


Алматыдағы "Сары Арқа" кинотеатры маңында жүрген полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Алматыдағы "Сары Арқа" кинотеатры маңында жүрген полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Алматы әкімдігі бейбіт жиынға рұқсат керек емес дейтін заң қабылданса да митинг өткізуге тыйым салды

Алматы қаласының әкімдігі невропатолог Қайырғали Конеевтің 11 шілде күні митинг өткізу туралы хабарламасын қарастырып, митинг өткізуге рұқсат бермейтінін хабарлаған. Конеев әкімдік жауабын Facebook-те жариялады.

Әкімдік атынан хат жазған қоғамдық даму басқармасының жетекшісі Айдар Есенбеков бұл шешімді Алматы қаласы бас санитарлық дәрігерінің адамдардың топ болып жиналуына тыйым салатын 15 маусымдағы қаулысына сүйене отырып қабылдағанын айтқан.

Қайырғали Конеев Азаттыққа митингті Қазақстан парламенті мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберілген денсаулық сақтау кодексін министрлікке қайтаруды талап ету үшін өткізбек болғанын айтты. Ол жиынды қаладағы “Сары Арқа” кинотеатры артындағы скверде сағат 11:00 мен 13:00 аралығында өткізуді жоспарлаған. Жобалауынша, екі мыңға жуық адам келуі керек болған.

25 мамыр күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” заң қол қойды. Билік осы заң бойынша бейбіт жиын өткізуге әкімдіктің рұқсаты қажет емес, бар болғаны алдын ала ескерту ғана қажет деп бірнеше рет мәлімдеген болатын. Заң күшіне енген 6 маусым күні Қазақстан билігі заңсыз деп тапқан екі оппозициялық топ бірнеше қалада билікке қарсы наразылық митингісін өткізген. Полиция жиынға келген азаматтардың біразын ұстап әкетті. Алматыда митинг қатысушыларының алдына келген қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров заңның енді ғана күшке енгенін, ал жиын өткізу үшін бес күн бұрын хабарлау керегін айтып, кейінгі күндерге белгіленген митингіге рұқсат беріледі деген болатын.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан билігін коронавирус пандемиясын наразылық білдіруші азаматтардың үнін өшіру мақсатында теріс пайдаланып отыр деп бірнеше рет айыптаған.

Оқи отырыңыз: "Қазақстан әлі күнге дейін Брежнев алаңында етпеттеп, бұғып жатқандай көрінеді"

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG