Accessibility links

"Баяғы шектеу, болмашы өзгеріс". Митинг туралы жаңа заңды сынаушылар көбейді


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада). Құқық қорғаушылар сынаған заңға ол биыл 25 мамырда қол қойған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада). Құқық қорғаушылар сынаған заңға ол биыл 25 мамырда қол қойған.

Бұл аптада Батыс басылымдары құқық қорғаушылар халықаралық стандарттарға сай келмейді деп сынаған бейбіт жиын туралы жаңа заңға қатысты пікір білдірді. Ақпарат құралдарының жазуынша, жаңа заңда көп өзгеріс жоқ, билік түрлі тетіктің көмегімен митингіні болдырмай тастай алады. Кей құқық қорғаушы жаңа заңды «азаматтық еркіндікке жасалған ауыр соққы» деп санайды.

БҰРЫНҒЫ ШЕКТЕУЛЕР ҚАЛЫП ҚОЙДЫ

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайтында жарық көрген «Қазақстан: президент митинг туралы даулы заңға қол қойды» деп аталған мақалада құқық қорғаушылар келесі аптада күшіне енетін бейбіт жиын туралы жаңа заңдағы процедураларды сынға алады.

25 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құжат «азаматтардың бейбіт жиын өткізу жөніндегі конституциялық құқығын толық қамтамасыз етеді» деп, үкімет әзірлеген жаңа заңға қол қойған. Алайда бұл пікірмен келіспейтіндер бар.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымының айтуынша, шараның формасына байланысты биліктің бейбіт жиын өткізу туралы берілген өтінішті мақұлдауға да, мақұлдамауға да құзыреті жетеді. «Мемлекеттік орган басқа орынды, басқа күнді, уақытты ұсына алады. Ұйымдастырушы бұл өзгеріспен келіспесе, шара өткізілмейді» дейді HRW сарапшысы Лора Миллс.

Қазақстан президентінің әкімшілігі жаңа заңды «парадигмаларды түбірімен өзгертетін құжат» деп санайды. Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин бұл жобаны мемлекет басшысының «саяси реформалар пакетіндегі» «саяси мәдениет құндылықтарына үлкен өзгеріс әкелетін» бастамаларының бірі деп сипаттады.

Азаматтық қоғам белсенділерінің пікірі басқаша. Көпшіліктің айтуынша, заңда бұрынғы шектеудің көбі сақталған: шараларды билік нұсқаған жерлерде ғана өткізуге болады, ал митинг болатыны жайлы құлақтандыру жүйесіне өту дегені – жай ғана декларация.

«Заңға сәйкес, ұйымдастырушылар бес жұмыс күні қалғанға дейін толық ақпарат беріп, жиын, митинг я пикет өткізетіні жайлы ескерту жіберуі керек. Ал шеру не демонстрация өткізу үшін ұйымдастырушылар он жұмыс күніне дейін өтініш беруі тиіс, әрі оған рұқсат алу қажет» деп жазады конституциялық құқық бойынша сарапшы, Колумбия университетінің профессоры Сара Кливленд.

Сын көбейген тұста заң жобасын мақұлдау сәл кідіріп қалды, бірақ бұл жобаның мазмұнына бәлендей әсер етпеді деп жазады Eurasianet.org. Сенат жобаны аз-маз көзбояу өзгерістермен кері қайтарды, олар тек митинг өткізуге болатын орындар тізімін ұлғайтты.

Алматыдағы рұқсат етілген жиын. 30 маусым 2019 жыл.
Алматыдағы рұқсат етілген жиын. 30 маусым 2019 жыл.

Саяси белсенді азаматтар көп тұратын елдегі ең ірі қала – Алматы билігі митинг өткізуге кей кездері ғана рұқсат етеді, оның өзінде ескі кинотеатрдың артындағы алаң беріледі. «Ондағы мақсат – митинг халықтың көзінен таса жерде өтуі керек. Митинг өткізуге болатын орын саны артқанымен, тізім әлі де тым қысқа» деп жазады автор.

«Тоқаев ашықтыққа ұмтылған сыңай танытқанымен, қатаң оппозициямен күрес мәселесіне келгенде өмірлік лауазымды қызметтері арқылы ел басқаруға елеулі ықпал етіп отырған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың [саясатымен] арадағы ерекше сабақтастық байқалады» деп жазады Eurasianet.org.

Басылым «Көше партиясы» қозғалысын «экстремистік ұйым» қатарына қосқан Бас прокуратураның өткен аптадағы шешімін еске салады. Бақылаушы органның айтуынша, бұл – шетелде тұратын экс-банкир әрі оппозиционер, Мұхтар Әблязов басқаратын, жұмысына 2018 жылы тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының атауы өзгерген түрі.

«СЫЛАП-СИПАҒАН ӨЗГЕРІСТЕР»

Вашингтонда шығатын Diplomat басылымында жарық көрген «Қазақстанның митинг туралы жаңа заңында не өзгеріс бар?» деп аталған мақалада «реформашыл деп сипатталған заңның шектейтін тұстары көп» деген тұжырым айтылады.

Басылымның жазуынша, жиын ұйымдастыруға тек Қазақстан азаматтарының және әділет органдарында тіркеуден өткен ұйымдардың ғана қақысы бар. «Жаппай тәртіпсіздікке қатысты, мемлекетке сатқындық жасады, тыңшылықпен айналысты, экстремистік және террорлық қылмыс жасады, бейбіт жиындар ұйымдастыру, оларды өткізу тәртібін бұзды деп айыпталған» адамдар жиын ұйымдастыра алмайды деп жазады басылым. Бұл ереже митинг туралы бұрынғы заңның кесірінен қудаланған белсенділердің көбінің жолын кеседі. Сондай-ақ, бұл тәртіп басшысы жоқ қозғалыстардың заңды шара ұйымдастыру мүмкіндігін шектейді деп жазады Diplomat.

Тіркелмеген Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысы. 16 жетоқсан 2019 жыл.
Тіркелмеген Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысы. 16 жетоқсан 2019 жыл.

Жаңа заңда митингіге рұқсат бермеуге негіз болатын себеп өте көп. Мемлекет митингінің мақсаты – «конституциялық құрылысты күштеп өзгерту» немесе «әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни не басқа да алауыздықты қоздыру» деп таныса, оны өткізу туралы өтінішті қанағаттандырмауы мүмкін.

Демонстрация тек билік айқындап берген жерлерде өткізіледі. Пикетті бейітте, көлік инфрақұрылымы нысандарында, президент пен «тұңғыш президент» (Назарбаевқа «тұңғыш президент – елбасы» титулы берілген) резиденцияларына жақын жерде, қорғаныс пен қауіпсіздікке жауап беретін мекемелер ғимараттарының маңында ұйымдастыруға болмайды, басқа жерлерде өткізуге рұқсат.

«Қазіргі күйінде бұл өзгерістер жай сылап-сипау болып көрінеді. Іс жүзінде мемлекет кімнің, қайда және қандай себеппен наразылық өткізетініне көп ықпал ете алады. Бағынуға тура келетін талап өте көп, стихиялық түрдегі демонстрация әлі де заңсыз саналады» деп жазады Diplomat.

Бұл заң коронавирус пандемиясы жайлап, соның кесірінен шектеулер енгізілген тұста парламентте қабылданды. Мақала авторының жазуынша, шектеу болғандықтан, жұрттың заңға наразылық білдіруге, оны талқылауға қатысуға мүмкіндігі болмады. Қазақстанда төтенше жағдай 11 мамырда аяқталды, бірақ елдің ірі қалаларында карантин әлі де күшінде тұр.

«Пандемия үстемдік құрып тұрған қазіргі әлемде былтыр жазда Қазақстанда болған сияқты ірі қоғамдық наразылықты көзге елестетудің өзі қиын. Болашақтағы наразылық бұрынғы демонстрацияларға мүлде ұқсамауы мүмкін әрі бұған Қазақстандағы митинг туралы заңға енгізілген өзгерістердің қатысы жоқ. Сайып келгенде, қандай демонстрацияны өткізуге болатынын Нұр-Сұлтанның өзі шешеді. Ал бұл «аталған өзгерістер – шынайы реформа және сөз бостандығын қорғау шарасы» деген әңгіменің бәрін жоққа шығарады» деп жазады Diplomat.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні Алматы орталығында өткен наразылық. Тұрғындар сайлауға бойкот жариялауға шақырып, әділ сайлауды талап етті. 9 маусым 2019 жыл.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні Алматы орталығында өткен наразылық. Тұрғындар сайлауға бойкот жариялауға шақырып, әділ сайлауды талап етті. 9 маусым 2019 жыл.

«ЕРКІНДІКТІ ТҰНШЫҚТЫРУ»

France-Presse агенттігі жариялаған «Қазақстан наразылық туралы даулы заңды қабылдады» деген мақалада «қатаң бақылаудағы қоғамдық демонстрация өткізу шарттары аздап жұмсарды, бірақ құқық қорғаушылар [заңның] әлі де халықаралық стандарттарға сай еместігін айтады» делінген.

БҰҰ-ның бейбіт жиын өткізу бостандығы бойынша арнайы өкілі Клемент Ньялецосси Воуле сәуірде жаңа заңның кей бөліктерінің «халықаралық стандарттарға сай еместігін» әрі заң жобасындағы «құлаққағыс ету ережесінің де-факто рұқсат алуға жататынын» айтқан.

Сәуірдің соңында халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған ашық хатында заң жобасы жайында пікір айтып, құжатты парламенттен қайтарып, оны халықаралық экспертизадан өткізуді сұраған.

Заң жобасын жергілікті белсенділер де көп сынады. Олардың айтуынша, елдегі төтенше жағдай заң жобасын талқылауға көп кедергі келтірді.

Дүниежүзілік азаптауға қарсы күрес ұйымының сайтында жарық көрген «Қазақстанда еш өзгеріс жоқ: президент наразылық еркіндігін шектейтін заңға қол қойды» деп аталған мақалада да «Қазақстан президенті дүйсенбіде қол қойған қоғамдық жиындар туралы жаңа заң адам құқықтары саласындағы бірнеше басты халықаралық стандартқа сай келмейді» деген тұжырым жасалған.

Жаңа заң Қазақстан COVID-19 індетіне байланысты қатаң карантинде отырған тұста қабылданды, бұл қоғамның пікір білдіру мүмкіндігін шектеді.

Мақала авторының жазуынша, «әлеуметтік желінің үкіметке жақын бөлігінде заңды сынап жүрген белгілі құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқықтары бюросының директоры Евгений Жовтиске күйе жағу науқаны ұйымдасқан түрде жүрді».

«Биліктің жиналу еркіндігі құқығы бойынша белгілі сарапшылардың, соның ішінде БҰҰ-ның жиналу және ұйымға бірігу еркіндігі бойынша арнайы өкілінің аргументтеріне құлақ аспағаны қынжылтады» деді Евгений Жовтис. Ол осы заң жобасының ережелерімен принципті түрде келіспегендіктен, парламенттегі құжатты талқылаған арнайы топтан шығып кетті. Сәуір айында Жовтис бұл заң жобасын «бейбіт жиын сияқты қоғамдық құбылысқа мылтықтың көздеуішінен үңілгендей жаушылдықпен қарайды» деп сипаттаған.

Дүниежүзілік азаптауға қарсы күрес ұйымының бақылаушылары Қазақстан өкіметін БҰҰ-ның және басқа да сарапшылардың пікірін ескеріп, заң жобасына өзгеріс енгізуге, сөйтіп оны халықаралық құқық нормаларына сәйкестендіруге шақырады.

Қарай отырыңыз: Сенаттан қайтқан бейбіт митинг туралы заңға тараптар пікірі қандай? (15 мамыр 2020 жыл).

Сенаттан қайтқан бейбіт митинг туралы заңға тараптар пікірі қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

«Биліктің COVID-19-бен күрес мақсатында енгізілген құқықтар мен еркіндіктерді шектеу шараларын пайдаланып, белсенділер мен бейбіт демонстранттарды тұтқындап жатқанын көріп отырмыз. Бұл Қазақстанда жиналу бостандығын сенімді түрде қорғаудың аса қажет екенін дәлелдейді. Өкінішке қарай, президент Тоқаев қол қойған заң азаматтық еркіндікке үлкен соққы болып тие ме деп қорқамын» деді Дүниежүзілік азаптауға қарсы күрес ұйымының бас хатшысы Джеральд Стейброк.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG