Accessibility links

Билік митингіден хабар тарататындарға жаңа міндеттер жүктемек


Полиция өкілі Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлының сұрағына жауап бермей тұр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Полиция өкілі Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлының сұрағына жауап бермей тұр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

Үкімет қазақстандық және шетелдік құқық қорғаушылар халықаралық стандарттарға сай емес деп сынаған бейбіт жиын жайлы заңға өзгеріс енгізу жобасына митингіден хабар тарататын журналистергі жүктелетін екі міндет қосты. Тілшілер мен сарапшылар жаңа нормалардың қажеті жоқ деп санайды. Олардың пікірінше, қолданыстағы заңдарда журналистер қызметін шектейтін баптар онсыз да көп.

БИЛІКТІҢ ЖОСПАРЫНА ЖУРНАЛИСТЕР ҚАРСЫ

Журналист Серікжан Мәулетбай Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін күшейген наразылық акцияларының біразына куә болған. Бұл митингілердің басым көпшілігі полицияның наразы азаматтарды жаппай ұстауымен аяқталған. Назарбаевтың орнына келген сенаттың бұрынғы спикері Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен, былтыр маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауы кезіндегі митингілерде де полиция көп адамды ұстап әкеткен. Полиция қолына түскендердің арасында журналистер де болды.

- Митингілерде жиі ұстала берген соң, [Pressa деген жазуы бар] кеудеше киеміз. Осы киімге қарап, полиция алдында журналист тұрғанын түсінсін дейміз, - дейді "Информбюро" ақпарат порталының тілшісі.

Полиция қызметкерлері кезектен тыс президент сайлауы күні Алматының орталығындағы саябаққа жиналған азаматтарды күштеп әкетіп жатыр. 9 маусым 2019 жыл.
Полиция қызметкерлері кезектен тыс президент сайлауы күні Алматының орталығындағы саябаққа жиналған азаматтарды күштеп әкетіп жатыр. 9 маусым 2019 жыл.

Әзірге кеудеше кию-кимеу – әркімнің өз еркінде. Бірақ енді билік митингіден хабар тарататын журналистерді "ерекшелейтін белгілер" тағып жүруге міндеттеуге тырысып жатыр. Мұндай белгілерге кеудеше, бас киім, басқа не қолға байлайтын орамал жатуы мүмкін. Журналистерге арналған жаңа міндет ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген заң жобасында бар. Бұл жоба жаңа президенттің үндеуіне жауап ретінде дайындалған. Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы сайлаудан кейін болған наразылық акцияларында полицияның азаматтарды жаппай ұстау сәтінен түсірілген суреттер шетелдік ақпарат құралдарында жарияланған соң, билікті қоғаммен диалог орнатуға шақырып, митингілерге ескерту арқылы шығу тәртібін енгізуді, бейбіт жиын туралы заңды өзгертуді ұсынған. Құқық қорғаушылар бейбіт жиын туралы жаңа заң жобасында азаматтық еркіндікті шектейтін норма көбін, құжаттың халықаралық стандарттарға сай емесін айтып сынаған. Жақында министрлік заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар қамтылған құжатқа митингілерден хабар тарататын журналистерге арналған екі міндет қосты:

  • Журналистің үстінде "ерекшелейтін белгілер" болуы керек. Министрлік бұл норма "журналистер қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек" деп түсіндірді. Үкіметтің пайымдауынша, журналист өзгелерден ерекшелейтін белгілерді өзі алады немесе бұл белгілерді жұмыс беруші, митинг ұйымдастырушылар мен құқық қорғау ұйымдары таратады.
  • Митинг ұйымдастырушысы, бейбіт жиынға қатысушылар мен мемлекеттік орган өкілдерінің заңды әрекетіне кедергі келтірмеу. Көліктердің, инфрақұрылым нысандарының үзіліссіз жұмысына, бейбіт жиынға қатыспайтын азаматтардың еркін қозғалуына кедергі жасап, мүлікке шығын келтіретін әрекетке бармау.

- Өз басым [министрліктің ұсыныстарына қарсымын]. Елімізде журналист қызметі онсыз да заңмен реттелген. Бізде көп әрекетке тыйым салатын заң аз емес, - дейді Серікжан Мәулетбай.

Оның әріптесі, Vlast.kz интернет басылымының тілшісі Данияр Молдабековтың пікірінше, билік жаңа шектеулер енгізу арқылы алдағы уақытта митингіден хабар тарататын журналистердің де ұсталуы мүмкін екенін меңзеп отыр.

- Бізді кеудеше киюге немесе басқа да ерекшелейтін белгілер тағып жүруге мәжбүрлеу арқылы билік митингіде журналистердің ұсталуы мүмкін екенін алдын-ала ескертіп отыр. Олардың әуелден жеткізгісі келгені де осы: сендерді ұстауы әбден мүмкін, кеудеше киіп жүріңдер деген белгі сияқты. Бұл заңның қажеті жоқ еді, өйткені Конституцияда бейбіт жиын еркіндігіне кепілдік берілген. Заңды барынша либералды еткісі келсе, құжаттан күдік пен сенімсіздік белгілерін алып тастау керек еді, - дейді Данияр Молдабеков.

Полиция өкілі шеруден хабар әзірлеуге келген журналистердың құжаттарын тексеріп тұр. Ортада - қазақстандық Vlast.kz басылымының тілшісі Данияр Молдабеков. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.
Полиция өкілі шеруден хабар әзірлеуге келген журналистердың құжаттарын тексеріп тұр. Ортада - қазақстандық Vlast.kz басылымының тілшісі Данияр Молдабеков. Алматы, 9 мамыр 2019 жыл.

Журналист бейбіт жиынға қатысушылар мен бақылаушылар тең дәрежеде болуы керек деп санайды.

- Осылай жасайтын болсақ, онда әкімдік қызметкерлері мен арнаулы қызмет өкілдері де митингіде өзін ерекшелеп көрсететін белгі тағып жүрсін. Сонда әділ болады, - дейді Молдабеков.

Ерекшелейтін белгі туралы ұсынысқа бейбіт жиын орнынан әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізетін блогерлер де күмәнмен қарайды.

- [Жаңа өзгерістер] не журналистерді, не блогерлерді қорғамайды деп ойлаймын. Мені кеудеше киіп, қолыма "Дат" газетінен журналиске берілген анықтама ұстап жүргеніме қарамастан, екі рет полиция ұстады. Билік адал журналистердің жұмысын қиындатып, бірақ бұл әрекеті қудалау сияқты көрінбеуі үшін осындай қадамға барып отырған сияқты. Олар алдағы уақытта ондай кеудеше алу процесін қиындатады немесе редакция тапсырмасына қатысты бір нәрсе ойлап табады деп ойлаймын, - дейді блогер Даная Қалиева.

Полиция қызметкерлері наразылық акциясы өтіп жатқан жерден блогер Даная Калиеваны мәжбүрлеп әкетіп барады. Алматы, 1 наурыз 2020 жыл.
Полиция қызметкерлері наразылық акциясы өтіп жатқан жерден блогер Даная Калиеваны мәжбүрлеп әкетіп барады. Алматы, 1 наурыз 2020 жыл.

"АҚЫЛҒА ҚОНБАЙТЫН, ШЕКТЕН ШЫҚҚАН ҰСЫНЫС"

"Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремова министрлік ұсынған міндеттерді журналистер жұмысына қосымша кедергіге жатқызады.

- Бейбіт жиындардың журналистер қатысқан басқа қоғамдық шаралардан еш айырмашылығы жоқ. Бұл міндеттемелер – қосымша шектеу енгізумен тең. Заң жобасын дайындаушылар бейбіт жиын басқадай сипат алып кетеді деп қорқады. Бірақ мұндай жағдай кез келген қоғамдық шарада болуы мүмкін. Ал журналистерге ерекшелейтін белгілер беру дұрыс емес. Үкіметтің бұл бастамасын ақылға қонбайтын, еш қажетсіз, шектен шыққан ұсыныс деп бағалаймыз, - дейді Диана Окремова.

Полицейлер наразылық акциясы өтеді деп алдын ала хабарланған жерге келген журналистің құжатын тексеріп тұр. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.
Полицейлер наразылық акциясы өтеді деп алдын ала хабарланған жерге келген журналистің құжатын тексеріп тұр. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

Заң жобасы мен оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды дайындаған ақпарат министрлігі онсыз да бірнеше бөлім жеңілдегенін айтады: заңның алғашқы нұсқасында журналистерге арналған алты міндет пен сегіз тыйым болған, бірақ кейін барлық тыйымды алып тастап, тек екі міндетті қалдырған.

"Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау қорының басшысы Тамара Калеева үкімет көп шектеу ұсынып, кейін бірнешеуін алып тастап, аз бөлігін ғана қалдыруды жетістік ретінде көрсетуге тырысатынын айтады. Құқық қорғаушы митингілер туралы заң жобасы дайындалған кезде де әуелі "журналистер құқық қорғау органдарының талабы бойынша митингіден түсірілген материалын көрсетуі керек" деген ұсыныс беріліп, кейін талқылаудан түсіп қалғанын еске алды.

- Бұл қалыпты құбылысқа айналған: бірінші қатаң норма ұсынады. Халық наразы болады. Заң жобасын дайындаушылар бұл норманы алып тастайды, бірақ басқа бір бөлімді қалдырады. "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заңда да осылай болған. Әуелі 15 күн (мемлекеттік органдарға журналистер сауалына жауап қайтаруға берілетін мерзім – ред.) деді, бұрын үш күн болған. Кейін бұл мерзімді жеті күнге дейін қысқартты. Қазір де солай. Қазір төтенше жағдай кезінде бәрін асығыс-үсігіс, талқыға салмай қабылдап жатыр, - дейді Тамара Калеева.

МИНИСТРЛІК КОНСТИТУЦИЯҒА СІЛТЕЙДІ

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Журналиске митингіден хабар тарату үшін қызметтік куәлігі мен редакциялық тапсырмасының болуы жетпей ме?" деген сұраққа "бұл құжаттар тілшінің аталған мекемеде жұмыс істейтінін ғана растайды", ал "ерекшелейтін белгі журналистің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оны бейбіт жиынға қатысушы басқа адамдардан сырттай ажыратуға мүмкіндік береді" деген жауап қайырды. Министрліктің нұсқасына сәйкес, ерекшелейтін белгілер "ақпарат құралдары, ұйымдастырушылар, бейбіт жиын қатысушылары мен мемлекеттік орган өкілдерінің арасында байланыс орнату" және "заңбұзушылық орын алған жағдайда журналистердің заңсыз ұсталуына жол бермеу" үшін керек.

Министрлік "мемлекеттік органдардың заңды әрекетіне кедергі келтірмеу"туралы екінші міндетті Конституцияға сүйеніп, былай түсіндірді: "Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығы басқа тұлғалардың құқығы мен бостандығын бұзбай, конституциялық құрылым мен қоғамдық құндылыққа зиян келтірмеуі керек".

Журналистердің құжаттарын тексеріп тұрған полиция қызметкері. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.
Журналистердің құжаттарын тексеріп тұрған полиция қызметкері. Алматы, 22 ақпан 2020 жыл.

Баспасөз құқығын қорғаушы Тамара Калееваның пікірінше, "заң жобасындағы журналист қызметіне байланысты енгізілген бөлімдердің бәрі халықаралық нормаларға қайшы келеді.

Осыған дейін әртүрлі құқық қорғау ұйымы бейбіт жиындар туралы үкімет жобасында шектеулер көбін, құжат халықаралық стандарттарға қайшы келетінін айтқан. Human Rights Watch ұйымы заң жобасы азаматтарды наразылық акцияларын арнайы белгіленген жерде ғана өткізуге мәжбүрлейтінін, ал бейбіт жиын өткізу жайлы өтінішті мақұлдау немесе рұқсат бермей қою бұрынғыша биліктің еншісінде қалып отырғанын атап көрсеткен. Құрамына 25 құқық қорғау және үкіметтік емес ұйым енген "Гражданская солидарность" платформасы Қазақстан билігін "нашар дайындалған заңды" қабылдамауға шақырған. Министрлік бұл сынды қабылдамай, заңды дайындау кезінде азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің ережелері негізге алынғанын айтқан.

Сенат митинг заңын мақұлдар тұста құқық қорғаушыны "қаралау күшейді"

Сенат митинг заңын мақұлдар тұста құқық қорғаушыны "қаралау күшейді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:08 0:00


Заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар парламент сенаты бірінші оқылымда мақұлдаған. Құжат екінші оқылымда қабылданса, ары қарай президентке қол қоюға жіберіледі.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG