Accessibility links

Қарағанды облысында пневмония өршіді. Ауруханалардың 70 пайызы толған


Көрнекі сурет.

Қарағанды облысында кейінгі бірнеше күнде пневмониямен ауруханаға түскендер күрт өсті. Аймақтағы ауруханаларға күн сайын шамамен 70 адам пневмония диагнозымен жеткізіліп жатыр. Науқастардың қаншасынан коронавирус табылғанын анықтау мүмкін болмады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы "бұл коронавирус па әлде басқа дерт пе, оны тексеріс қорытындысы көрсетеді" деп мәлімдеді.

"Пневмония көбейетін уақыт болмаса да осы дертке шалдыққандар өсіп жатыр. Ауруханаға түсіп жатқандардың көбі қарт адам. Олардың көбінің ауруы асқынып кеткен, халі ауыр. Өкініштісі, көбі өз бетінше емделіп, жағдайы ауырлағанда ғана дәрігер шақырып жатыр. Көбін пульмонология провизорлық стационарына жатқызамыз. Пневмонияға шалдыққандар арасында қайтыс болғандар да бар" деді 23 маусымда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Басқарма басшысы пневмонияға шалдыққан қанша адамның көз жұмғанын коронавируспен күрес бойынша республикалық штаб жариялайды деп, марқұмдар санын айтпады. Ресми дерекке сай, Қарағанды облысында коронавирустан 10 адам қайтыс болды.

Жергілікті биліктің мәліметінше, қазір аймақта 29 адам жансақтау бөлімінде жатыр. 9 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ауруханалардағы орындардың 70 пайызы толған, емханалар жексенбі күні де жұмыс істеп жатыр.

Аймақта коронавирус жұқтырғандардың басым бөлігі – Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында. Басқарма Бұқар Жырау және Абай ауданындағы ауылдарда да вирус жұқтырғандар барын айтады.

Аймақта жедел жәрдемнің жай келетінін айтып шағымданғандар көбейді. Денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселені шешу үшін қосымша көліктер бөлінгенін айтады.

Өткен аптаның соңында Ақтөбе облысы, Түркістан облысы және Шымкент қаласында да пневмонияға шалдыққандар күрт көбейген.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG