Түркістан облысында жасөспірімдер арасында төбелес болып, пышақ жарақатын алған бір адам реанимация бөліміне түсті. Тағы бір адам күдікті ретінде ұсталды. Полиция дерегінше, оқиға 22 маусымда Кентау қаласы маңындағы ауылда болған.
Түркістан облысы полиция департаментінің айтуынша, "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша тергеу басталған. Күдікті уақытша изоляторға қамалған.
Түркістан қаласы балалар ауруханасының бас дәрігері Әбдішүкір Егізбаевтың сөзіне қарағанда, зардап шеккен жасөспірімді жарақат пунктінен жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізген.
"Оң жақ кеудесі жарақаттанған, өкпесі зақымданған. Шұғыл операция жасадық. Қан тоқтады. Қазір 15 жастағы жасөспірім реанимация бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты ауыр. Есін біледі" деді дәрігер.
Қазақстанда жасөспірімдер арасында төбелес жиі болып тұрады. Қазақстан прокуратурасы дерегінше, 2020 жылдың алғашқы бес айында Түркістан облысында кәмелетке толмағандарға қарсы 82 іс қозғалған. Қаңтар айында Ақтөбе облысында 9-сынып оқушысы пышақ жарақатын алып, ауруханаға түскен.
Өткен айдың аяғында Шымкентте 17 жастағы Абзалбек Өткіровті бір топ бала өлімші етіп сабап, жасөспірім ауруханада көз жұмды.
Оқи отырыңыз: "Топ бала өлімші етіп сабаған". Төбелес салдарынан мерт болған жасөспірімнің туыстары не дейді?
ПІКІРЛЕР