Accessibility links

"Топ бала өлімші етіп сабаған". Төбелес салдарынан мерт болған жасөспірімнің туыстары не дейді?


Жасөспірімдер арасындағы төбелес салдарынан қаза болған Абзалбек Өткіров. Отбасы архивіндегі сурет.

Шымкенттің 17 жастағы тұрғыны Абзалбек Өткіровті 23 мамырда бір топ қатарласы өлімші етіп сабап, ол он күннен соң ауруханада көз жұмған. Қылмыстық іс қозғалып, бес күдікті қамауға алынды. Оның төртеуі кәмелетке толмаған, біреуі 18 жаста. Азаттық қатыгездік құрбаны болған жасөспірімнің отбасымен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын білді.

"АНАШЫМ, СЫРТҚА ШЫҒЫП КЕЛЕЙІНШІ"

Қаралы үйде бауыр еті баласынан айырылып қан жұтқан анасы зар илеп отыр. Айдың-күннің аманында жалғыз інісінен айырылып қалған мүгедек ағасы өзін қоярға жер таппайды. Үлкені 14 жасқа, кішісі 9 жасқа толған екі қарындасы да ағасы келіп қалатындай есікке жалтақ-жалтақ қарайды. Қаралы шаңырақты еңсені езіп жіберетін ауыр тыныштық басқан.

Марқұмның анасы Гүлбаршын Барлыбаеваның айтуынша, бұған дейін ұлының біреумен төбелесіп, шекісіп жүргенін көрген де, естіген де емес. "Көп сөзге келмейтін, тілалғыш" баланың кісі қолынан мерт болғанына ана жүрегі сене алар емес.

Абзалбек Өткіровтің анасы Гүлбаршын Барлыбаева. Шымкент, 9 маусым 2020 жыл.
Абзалбек Өткіровтің анасы Гүлбаршын Барлыбаева. Шымкент, 9 маусым 2020 жыл.

- Жұмыстан қатты шаршап келген күнім еді. Кешкі тамақты ішіп болған соң Абзалбекке достары хабарласты. "Анашым, сыртқа шығып келейінші" деп сұранды. Ваннаға кіріп жуынды. Кенже қарындасын ерекше жақсы көруші еді, соны еркелетіп, қайта-қайта бетінен сүйіп ойнатты да кетті. Түн ауа телефон шырылынан ояндым. Қарасам, жұмыстағы таныс апай екен. "Тез жет, балаңды ұрып тастапты" деді. Аузыма түскен бірінші сөз "Аман ба?" болды, - дейді ол мұңайып.

Гүлбаршын Барлыбаева баласы жатқан үйге қарай жүгірген. Барғанда бойы 1,85 метр баласының еденде есінен танып қансырап жатқанын көрген. Басынан, құлағынан қан кеткенін, мұздай бастаған қолынан ұстағанда тырнақтары жұлынғанын байқаған.

- Жауыздықпен өлгенше ұрып, қинайтындай балам не жазып еді? - дейді көп балалы жалғызбасты ана етегі жасқа толып.

Шымкент полициясының мәліметінше, 23 мамырға қараған түні Түркістан облысы балалар ауруханасына түрлі дене жарақатымен үш бала түскен. Осы күні қаланың Тоғыс тұрғын үй алқабындағы "Мейір" дүкенінің жанында 11 бала төбелескен. Олардың біреуі – 18 жаста, қалғаны кәмелетке толмаған бала. Үш баланы өлімші етіп сабап кеткен сегіз бала оқиға орнынан бой тасалаған. Төбелес кезінде ауыр жарақат алған Абзалбек Өткіров арада он күн өткенде аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

"КӨЗІН ЖАБА АЛМАДЫМ"

- Балам өмірге құштар еді. Өлген адам өмірді қимай бара жатса, көзі ашық күйінде қалады дейді. Абзалбектің жаны үзілгеннен кейін де көзі ашық күйінде қалды. Қанша жабайын десем де, жаба алмадым, - дейді анасы көзіне жас алып.

Полиция төбелес салдарынан ауруханаға үш бала түскен деп хабарлағанымен, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға екі баланың ғана жатқызылғанын айтады. Абзалбекпен бірге түскен 2002 жылғы жасөспірімнің оң жақ самайы мен ерніне соққы тиген. Теріасты гематомасы болған. Өміріне төнер қауіп жоқ деп ұйғарған дәрігерлер оны 29 мамырда үйіне шығарған.

Абзалбек Өткіровтің отбасы архивіндегі суреті.
Абзалбек Өткіровтің отбасы архивіндегі суреті.

Абзалбектің бауырлары оның естелік суреттерін ақтарады. Біріне-бірі суреттердің қайда, қандай сәтте түсірілгенін айтып, өткенді еске алады. "Мынау, мектепте сайысқа түскен кезі ғой. Мына кеште жүргізуші болғаны есіңде ме?" - дейді қарындасы.

Абзалбектің жайдары мінезін, мейірімділігі мен қамқорлығын айтқанда мүгедек арбасында отырған ағасы Алмас көз жасын көрсетпеу үшін көрші бөлмеге шығып кетті.

"КЕШІРІМ БЕРІҢІЗШІ ДЕП КЕЛДІ"

Абзалбек 2018 жылдың күзінен Шымкенттегі №6 колледжде аспаз мамандығы бойынша білім алып келген. Азаттық колледж басшылығынан Абзалбек туралы пікір сұрап еді, олар оқушысы туралы мінездеме барын, одан артық ешнәрсе айтпайтынын мәлімдеді.

Колледж директоры, топ жетекшісі және педагог-психологы қол қойған мінездемеде Абзалбек мұғалімдер мен студенттер арасында сыйлы, қарым-қатынасы жайлы, тәрбиелі жас ретінде сипатталған. Колледж ұжымы оның бұзақы балалар тізімінде тұрмағанын, сабақтан себепсіз қалмағанын, тапсырмаларды уақытында және тиянақты орындап келгенін жазған. Мінезін ашық, шыншыл, жаңалыққа жаны құмар деп бағалаған.

Колледжге дейін ол өзі тұратын жердегі №120 мектепте оқыған. Соққыға жығылған екі жасөспірім – Абзалбектің осы мектептегі сыныптастары.

- Төрт жыл бұрын үлкен ұлым Алмас 17 жасында жол апатынан мүгедек болып қалды. Әлі есімде, операция жасату алдында ағасының анализдері дұрыс шықпады. "Абзалбек, Алмастан айырылып қалсақ қайтеміз?" дедім. "Анашым, олай айтпаңызшы. Өтінемім, айтпаңызшы" деп дауыстап жылап жіберді. Ағасымен үнемі бірге жүретін. Ол – менің барым, сүйенішім, тірегім еді. Қазір көзімді ашсам да, жұмсам да қара түнек. Жарық жоқ. Баламсыз қалай өмір сүретінімді білмеймін, - деген Гүлбаршын Барлыбаева сөзінің соңын жұтып, сөйлей алмай басын шайқай берді.

Гүлбаршын Барлыбаева ұлының қазасынан кейін әлсіреп қалғанын айтады. Күндері көңілсіз өтеді. Кейде ас батпай жастыққа тұншыға жылағанда балалары жан-жақтан "Мама, есіңді жинашы, біз де бармыз ғой" дейді жалынып. Бірақ ол он екі мүшесі сау, ойнап-күліп жүрген баласынан айырылып қалғанына көне алар емес. Күнде таңертең есіктен көз алмайды. Абзалбек күліп кіріп келетін сияқты көрінеді.

- Оразаның соңғы күні сіздерге құран оқып беремін деп уәде етіп еді. Оразасын бітіре алмай, құранын оқуға үлгермей кетті де қалды. Қамалған балалардың ата-аналары келді. "Кешірім беріңізші, өлген бала өлді. Балаларымыздың өмірі түрмеде өтпесінші" дейді. Өлтірмесе, балам өлмейтін еді ғой, - деді Абзалбектің анасы сөзін сабақтап.

ПСИХОЛОГТЫҢ ПІКІРІ

Психолог Бахыт Жітібекова жасөспірімдердің топқа бөлініп төбелесуі ұжымдық бейсаналық психологияның басым болуынан дейді. Оның сөзінше, ұжымның ықпалына түскен адам өз әрекетін саналы түрде түсіндіре алмайды. Маманның айтуынша, баланы топтық төбелеске итермелейтін тағы бір фактор – өзін ер адам ретінде сәйкестендіруі.

- Бұл кезде балалар ер адамға еліктейді. Олар ер азаматқа ұқсауға тырысып, іс-қимылын да соған сәйкестендіре бастайды. Өз ортасында "мен күштімін, батырмын" деген пікір қалыптастырады. Төбелескіштерді идеал санайды. "Бізбен барып, жақтаспасаң, жігіт емессің" деген сөзді естиді, - дейді Жітібекова.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Шымкент қалалық тергеу сотының дерегінше, оқиғадан соң "Денсаулыққа өлімге әкелетіндей зиян келтіру" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-тармағы) іс қозғалған. Сот күдікке ілінген бес адамды қамауға алу туралы қаулы шығарған. Күдіктілердің төртеуі кәмелетке толмаған, біреуі 18 жаста. Полиция күдікті деп танылған тағы бір балаға іздеу жариялаған. Екі бала ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілген.

Полиция күдіктілердің аты-жөні мен қылмыстық іс бойынша тергеудің жай-жапсары туралы ақпарат бермеді.

Қазақстанның оңтүстігінде жасөспірімдер арасында топ болып төбелесу, әлімжеттік азаймай тұр.

Қазақстан прокуратурасының мәліметінше, 2020 жылдың алғашқы бес айында Шымкент қаласында кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қарсы 66 іс қозғалған. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Ал Түркістан облысында жасөспірімдерге қарсы 82 іс қозғалған.

13 маусым түнде көрші Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында да осыған ұқсас оқиға болды. Қала маңындағы саяжай алқабында бір топ жасөспірім төбелесіп, салдарынан ауыр жараланған 15 жасар Оралбек Кетебаев ауруханада көз жұмды.


  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG