Өткен тәулікте Қазақстанда 1476 адамнан коронавирус табылды: ауру белгісі байқалған - 520 науқас, ауру белгісі жоқ 956 адам анықталған. Бір күнде 368 адам жазылып, 2 адам қайтыс болды. 24 маусымда алғаш рет ресми түрде Қызылорда облысында COVID-19-бен байланысты адам өлімі тіркелді.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.
Қазақстанда симптомы жоқ "тасымалдаушыларды" қоса есептегенде 31 962 адамнан коронавирус анықталған. 19 285-і - "симптомы бар" науқас, 12 677-і - "симптомы жоқ" тасымалдаушы. Эпидемия басталғалы бері 11 882 адам жазылып шығып, 136 адам қайтыс болды.
Қазақстанда карантин шаралары алынғаннан кейін вирус жұқтырғандар саны еселеп артып, билік шектеу шараларын қайта күшейтуге мәжбүр болған. Көптеген қалалар мен облыстарда коронавирус жұққандарды емдейтін стационарлар толып, дәрігерлер тапшылығы байқалған. Алматы мен Алматы облысы, Ақмола облысында ауруханалар жоспарға сай емделетін науқастарды қабылдауды тоқтатты. Бұған дейін кейбір аймақтарда пневмония өршігені хабарланған.
ПІКІРЛЕР