Польша АҚШ-қа қайрылып, өз аумағындағы америкалық әскерилер қатарын көбейтуді сұрады. Бұл туралы екі ел президенттерінің Вашингтонда өткізген ортақ баспасөз жиынында айтылды.
Польша президенті Анджей Дуда - коронавирус індеті басталғалы бері Ақ үй қабылдаған алғашқы шет мемлекет басшысы.
Журналистер алдында сөйлеген президент Дональд Трамп Варшавамен қорғаныс мәселелері бойынша ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол қоюды асыға күтіп отырғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда былтыр екі ел арасында қауіпсіздік саласында байланысты нығайту туралы ортақ декларация қабылданған. Трамптың айтуынша, Варшава сұрап отырған қосымша әскер Польшаға Германиядан жеткізілуі ықтимал.
"Америка әкімшілігі осылайша Ресейге қандай да месседж жеткізуге тырысып отыр ма?" деген сұраққа Трамп Мәскеу "анық месседж" алады деді.
Бұған дейін АҚШ-тың Германиядағы әскери контингентін 9,5 мыңға қысқартатыны туралы хабарланған еді. Трамп НАТО бойынша әріптестерін (оның ішінде Германияны да) одақтың қорғаныс саласына қажетті дәрежеде қаржы бөлмеді деп бірнеше рет сынаған. Ақ үй сонымен бірге Ресей араласқан "Солтүстік ағыс-2" құбыр желісінің құрылысын да қолдамаған. Бұл жоба Ресей газын Балтық теңізінің табаны арқылы Еуропаға жеткізуді көздейді.
Сәрсенбі күнгі баспасөз жиынында Трамп Берлин энергетика саласында Ресеймен әріптестік орнатуға миллиардтаған доллар жұмсайды деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР