Accessibility links

Ақорда маңында ұсталған жаңаөзендіктерге сот ескерту берді


Солдан оңға қарай: Оңайгүл Досмағамбетова, Қайрат Досмағамбетов, Ермұқан Иманалиев, Дәулетбек Сәдуақасов және Мұханбет Серікбаев. Полициядан шыққаннан кейін. Нұр-Сұлтан, 25 маусым 2020 жыл.
Солдан оңға қарай: Оңайгүл Досмағамбетова, Қайрат Досмағамбетов, Ермұқан Иманалиев, Дәулетбек Сәдуақасов және Мұханбет Серікбаев. Полициядан шыққаннан кейін. Нұр-Сұлтан, 25 маусым 2020 жыл.

25 маусым күндіз Ақорда маңында акция өткізген Жаңаөзеннің бес тұрғыны "заңсыз акцияға қатысты" деп айыпталып, сот оларға ескерту берді. Бастапқыда Оңайгүл Досмағамбетованың әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланған. Кейінірек полиция бөлімшесінде оның ұлы Қайрат Досмағамбетов және өзге де ұсталған азаматтар Ермұқан Иманалиев, Мұханбет Серікбаев, Дәулетбек Сәдуақасов жауапқа тартылды.

Ұсталғандардың жанында жүрген аты-жөнін айтпаған полиция қызметкеріне Азаттық тілшісі "неге оларға адвокат берілмеді?" деп сұрақ қойған кезде "олардың өздері бас тартты" деп жауап берді.

Ұсталғандарды "азаматтарды қабылдау бөлмесінде" соттады. Жаңаөзендіктерді қолдауға келген белсенділер мен журналистер "ашық процеске" кіргізілмеді. Қабылдау бөлмесінің алдына орнатылған монитордан процесс "техникалық себепке" байланысты көрсетілмеді. Онлайн сот шамамен жарты сағатқа созылған.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін "тергеу абақтысындағы азаптау" жайлы мәлімдеп, ауыр науқастан екі жыл бұрын қайтыс болған мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтің шешесі, 12 баланың анасы Оңайгүл Досмағамбетова бейсенбі күні акцияға ұлы Қайрат Досмағамбетовпен бірге келген. Қайрат Досмағамбетов 2011 жылы желтоқсан айында бейбіт ереуілге қатысушыларды ату кезінде жарақаттанып, содан бері 20-дан астам операцияны бастан кешірген. Акцияға қатысқан өзге де мұнайшылар Ермұқан Иманалиев, Мұханбет Серікбаев та Жаңаөзен оқиғасы кезінде зардап шеккен. Дәулетбек Сәдуақасов мұнайшылар ереуілі күшпен басылғаннан кейін екі ай заңсыз тергеу абақтысында отырғанын айтады.

Қазақстан президентінің резиденциясы маңында жиналған Жаңаөзен тұрғындары әлеуметтік мәселелерін айтып, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуді талап еткен еді. Наразылардың айтуынша, олар бұған дейін жұмыс сұрап, барлық қажетті мекемелер мен органдарға, "Өзенмұнайгаз" компаниясына барып, арыз-шағымдарын айтқан. Алайда талаптары сол күйі орындалмаған.

Бейсенбі күні арнайы жасақ өкілдері оларды ұстап, автозакқа итеріп отырғызып, полиция бөлімшесіне алып кетті.

Жаңаөзен тұрғындары бұған дейін де тұрақты жұмыс талап етіп, акция өткізген. Сондай талап қойған Жаңаөзендегі жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев былтыр қазан айында "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша бес жылға бас бостандығынан айрылған еді. Құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты саяси тұтқын санатына қосқан.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жергілікті мұнай компаниясы жұмысшыларының бірнеше айға созылған бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, бұл оқиға салдарынан 17 адам (біреуі – Шетпе станциясында) мерт болған. Қала тұрғындары мен құқық қорғаушылар, құрбандар саны бұдан көп деп санайды.​

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін елдегі бейбіт митингілерді басып, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзады деп жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG