Accessibility links

Тоқаев "жала жабуды" Қылмыстық кодекстен алып тастайтын заңға қол қойды


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыруды қарастыратын заңға қол қойды. Бұл туралы 27 маусымда Ақорда сайты хабарлады.

"Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы 11 маусымда парламенттен өткен. Бұл жобаны талқылау кезінде билік түзетулер қылмыстық және әкімшілік заңнамасын халықаралық құқық нормаларына біршама сәйкестендіреді деп айтқан. Бірақ құжатты сараптаған құқық қорғаушылар жобаны сынаған.

"Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау ұйымы наурыз айында Тоқаевқа ашық хат жазып, жаңа заң жобасында "сөз бостандығына берілген конституциялық кепілдіктерге нұқсан келтіретін қазіргіден де қатаң шаралар бар екенін" айтқан. Олардың сөзінше, "жала жабудың" мақсаты жазаны жұмсарту болғанымен әкімшілікке кодекске ауыстырылғанда кейбір жазалар бұрынғыдан да қатая түскен. Құқық қорғаушылар атап айтқанда, жала жабу бабы бойынша айыпталғандарға ірі көлемде айыппұл салып, әкімшілік қамауға алуды қарастыратын баптарды сынаған.

ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир заң жобасы парламентте талқыланып жатқан кезде "жала жабу" бабын Әкімшілік кодекске ауыстыруды жылы қабылдап, "маңызды қадам" деп атап өткен. Дезир бұдан бөлек, Қазақстан билігін "осы бағыттан таймай" Қылмыстық кодекстегі "пікір айту еркіндігін шектейтін" өзге де баптарды декриминализациялауға шақырған. Ол "Қорлау" мен "Көрінеу жалған ақпарат тарату" және "бірінші президент, президент, депутат және билік өкілдерінің ар-намысын қорғайтын" бірқатар баптарды алып тастау қажеттігін айтқан. Бұл баптар Қылмыстық кодексте қалды.

Қазақстан "Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде" 180 елдің арасында 157-орында тұр.

"Жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастау туралы Тоқаев 2019 жылы желтоқсан айында өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында айтқан. Тоқаев және оның айналасындағы шенеуніктер, билікті жақтайтын кейбір сарапшылар сол жиында айтылған бірқатар ұсыныстарды "ірі демократиялық өзгеріс" деп атаса, сыншылар "болмашы ғана" өзгеріс деп сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG