Accessibility links

Алматыда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған бірнеше белсенді қамалды


Алматы қаласы орталығында өткен белсенділер шеруі. 13 маусым 2020 жыл.
Алматы қаласы орталығында өткен белсенділер шеруі. 13 маусым 2020 жыл.

Оппозициялық қозғалыс ұйымдастырған "Субботаж" шеруі қарсаңында және шара кезінде белсенділер қамалды. Бұл туралы Qaharman құқық қорғау тобы хабарлады.

Facebook-тағы #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists тобындағы ақпаратқа сәйкес, 26 маусымда кешке Алматыда полиция "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы ұйымдастырған "Субботаж" шарасынан кейін белсенді Диана Баймағамбетованы "еш түсіндірместен көшеде ұстап", бөлімшеге апарған. 27 маусымда күндіз онлайн-сот өтіп, сот "бейбіт жиынды ұйымдастыру" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 6-тармағы) бабы бойынша кінәлі деп тауып, 15 күнге қамаған. Sud.kz сайтындағы ақпарат бойынша, істі судья Зәуре Олжебаева қараған. Сот шешімі әзірге жарияланбады. Белсенділердің 26 маусымда "Субботаж" шарасын қай жерде өткізгені, оған қанша адам қатысқаны, қанша уақытқа созылғаны белгісіз.

Дәл осыған ұқсас айып бойынша (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 6-тармағы) 26 маусымда алматылық белсенді Сәуле Аймұхаметова да әкімшілік жазаға тартылып, 15 күнге қамалған. Оны 13 маусым күні Арбаттағы "Субботажға" қатысқаны үшін жауапқа тартқан. Сот қаулысында белсендінің екі апта бұрын Арбат аумағында өткен "заңсыз қоғамдық шараға қатысқаны", "белсенділер - экстремист емес", "Алға Қазақстан" деп айқайлағаны жазылған. Ал белсендінің өзі онлайн сотта тағылған айыпты мойындамаған, сенбі күні кешке Арбатқа серуендеп барғанын айтқан. Істі судья Р. Жамалбеков қараған.

Қудаланған белсенділер туралы ақпарат жинайтын Qaharman тобының жазуынша, 26 маусымда алматылық белсенділер Роллан Ахметов және Болат Смағұлов та әрқайсысы жоғарыда көрсетілген айып бойынша 15 күнге қамалған. Екі азаматты 6 маусым күнгі митинг үшін әкімшілік жауапқа тартқан. Смағұловқа шығарылған сот шешімінде 6 маусымда Ганди атындағы саябаққа барып, 20 адам жиналған "заңсыз шараға" қатысқаны, "қалада енгізілген карантин ережелерін бұзғаны" жазылған. Сот отырысында белсенді айыпты мойындамаған.

Qaharman құқық қорғау тобының хабарлауынша, Алматыдан бөлек, өзге аймақтарда да полиция "белсенділерді үй маңында торуылдаған", кейбірі полицияға шақыру алған.

27 маусым күні Азаттық тілшісі полициядан жауап ала алмады.

13 мамырда кешке Алматыда жүз шақты адам шеру өткізген еді. "Субботаж" атты серуенге ұқсас шара кезінде жиналғандар музыкалық аспаптарда ойнап, кейбірі билеген. Оған қатысушылар "Белсенділер - экстремист емес" және "Алға, Қазақстан" деп айқайлаған. Полиция шараны сырттай бақылап, ешкімді ұстамаған. Бірақ кейін белсенділер үстінен әкімшілік іс қозғалып, кемінде алты белсенді қамалды. Осы аптада апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.

"Субботаж" шарасына жұртты шетелде тұрып жатқан оппозициялық саясаткер, экс-банкир, Мұхтар Әблязов шақырған.

Қазақстан билігінің оппоненті Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын сот "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ Еуропарламенттің 2019 жылғы қарарында ҚДТ "бейбіт оппозициялық ұйым" деп сипатталған.

Қазақстанда пандемия кезінде қабылданған "Бейбіт митинг туралы" жаңа заң билікке ескертпей наразылыққа шыққандарға жазаны күшейткен. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігі қабылдаған "Бейбіт митинг туралы" жаңа заңды шектеулер көп деп сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG