Accessibility links

Жаңаөзенде мұнайшылар ереуілінің белсендісі Ақжанат Әминов қайтыс болды


Жаңаөзен алаңындағы мұнайшылар. Олар биліктен жұмыс жағдайын жақсартуды, лайықты жалақы төлеуді талап етіп отыр. 1 қыркүйек 2011 жыл.
Жаңаөзен алаңындағы мұнайшылар. Олар биліктен жұмыс жағдайын жақсартуды, лайықты жалақы төлеуді талап етіп отыр. 1 қыркүйек 2011 жыл.

«Өзенмұнайгаз» компаниясының мұнайшылар белсендісі, УОС-5 бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы жетекшісі Ақжанат Әминов 63 жасқа қараған шағында ауырып, өмірден озды. Оны 28 маусымда Жаңаөзен қаласының маңындағы зиратқа жерлейді.

Бұл туралы Азаттыққа 2011 жылғы ұзаққа созылған мұнайшылар ереуілінің белсендісі, «Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерге» қатысты деп айыпталып, түрмеде отырып шыққан Шабдол Өткелов хабарлады.

- Шын мәнінде Ақжанат Әминов біздің - мұнайшылардың еңбек құқын қорғау жолында көзімізді ашқан азамат. Оның өткір талаптарының арқасында жалақымыз көтерілген. Біз оны ұмытпаймыз, - дейді Шабдол Өткелов.

Ақжанат Әминов сот залында тұр. 2012 жыл.
Ақжанат Әминов сот залында тұр. 2012 жыл.

Ақжанат Әминовтың есімі жаңаөзендіктер арасында Жак деген атпен танымал. Ол «Өзенмұнайгазда» әлеуметтік қамту бөлімінің басшысы бола жүріп, 2008 жылдан бері еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көбейтуге қатысты талаптар қойып келген. «Өзенмұнайгаз» саласында 40 жылдан астам еңбек еткен тәжірибелі мұнайшы.

Маңғыстау облысындағы «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнай» компаниялары мұнайшыларының айлықты көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, 2011 жылы мамырда ереуілге шыққан. Ол жеті айға созылып, соңы «Жаңаөзен оқиғасы» деп аталған полиция мен мұнайшылардың қақтығысына ұласқан.

Оқи отырыңыз: Жаңаөзен оқиғасы жайлы барлық ақпарат

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде мұнайшылардың наразылық шеруін күшпен тарату үшін полиция қолданған қару оғынан 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Жаңаөзендегі оқиғаның ертесінде Шетпе теміржол станциясында жаңаөзендіктерді жақтаған тұрғындар мен полицейлер арасында қақтығыс болып, тағы бір адам оққа ұшқан.

2012 жылы Жаңаөзен оқиғасына байланысты «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, оған белсене қатысты», «билік өкілдеріне күш қолданды», «ұрлады, тонады» деген айыптар негізінде 37 адам (екеуі кәмелетке толмаған) сотқа тартылған. 2012 жылғы маусымның 4-і күні сот үкімі шығып, 37 айыпталушының үшеуі толық ақталып, бесеуі рақымшылыққа ілінген. 16 сотталушыға шартты жаза кесіліп, 13 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олардың арасында шартты түрде 5 жылға сотталған Ақжанат Әминов те болды. Ақжанат Әминовқа «конституциялық құрылымды күшпен өзгертпек болды», «әлеуметтік араздық тудырды» және «қылмыстық топ құрды» деген айыптар тағылған.

2018 жылы қазанның 1-інде мұнайшылар ереуілінің танымал жетекшісі Мақсат Досмағамбетов те түрме жазасын өтеп шыққан соң, қатерлі ісіктен көз жұмған еді.

Халықаралық демократиялық қауымдастық Қазақстан үкіметінің іс-әрекетін айыптап, қантөгістің мән-жайын анықтау үшін толық және әділетті тергеу жүргізуге шақырған. Бірақ әлі күнге дейін қарапайым қала тұрғындары мен мұнайшыларға оқ атуға кім бұйрық бергені айтылмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG