Accessibility links

Мақтаарал тұрғындары су алған “құжаты жоқ үйлеріне өтемақы берілмегенін” айтты


Мақтаарал ауданы Өргебас ауылындағы су шайып кеткен үй. Түркістан облысы, 12 мамыр 2020 жыл.
Мақтаарал ауданы Өргебас ауылындағы су шайып кеткен үй. Түркістан облысы, 12 мамыр 2020 жыл.

Өзбекстанның Сардоба су қоймасы жарылып, су астында қалған Қазақстандағы Өргебас, Жеңіс ауылының он шақты тұрғыны Мақтаарал ауданы әкімдігіне барып, наразылық білдірді. Олар құжаты жоқ бүлінген үйлеріне өтемақы берілуін талап етті.

Өргебас ауылының тұрғыны Гүлсім Байжігітова жаңадан үй тұрғызып, терезесін салып, екі бөлмесіне есік қойып біткенде ауылды су алып кеткенін айтады. Карантин кезінде үйдің құжаттарын реттей алмаған. Үй бүлінген, құжаты жоқ болған соң өтемақы берілмеген.

– Бала-шағамызбен далада жүрміз. Елдің көз жасына қалмай үйдің өтемақысын берсін, – дейді ол қапаланып.

Өргебас ауылының тұрғыны Азиз Анетовтің де екі жыл бұрын сатып алған үйіне өтемақы берілмеген. Оның сөзінше, үйдің иесі екенін, су тасқынына дейін онда отбасымен бірге тұрғанын, үйіне су кіріп, қабырғалары сөгілгенін дәлелдей алады. Бірақ құжаттарын реттеу үшін уақыт керек.

Әкімдікке келген он шақты тұрғынның алдына әкімдік қызметкерлері шығып, комиссия шешімін күтуге кеңес берді.

Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековтың Азаттыққа айтуынша, Өргебас және Фердауси ауылының тұрғындарына су алған үйлері үшін өтемақы берілген. Қалған үш ауылдың тұрғындарына Мырзакент маңынан үй салынып жатыр. Жалпы су тасқынынан 866 бүлінген. 386 үй салынып, қалған үйлерге өтемақы беріледі. Өргебас ауылындағы 207 үйге, Фердауси ауылындағы 316 үйдің иесіне өтемақы берілген.

– Өргебас ауылында құжаты жоқ 7 үй бар. Олардың 1 мамырға дейін құжаты болмаған. Құжаты жоқ болса өтемақы берілмейді, – дейді әкімнің орынбасары.

1 мамырда Мақтаарал ауданына жақын Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су алған. Ертеңіне Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бес ауылды су алып, ауданда төтенше жағдай жарияланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG