Accessibility links

Нұр-Сұлтанда 30 шақты әйел әкімдікке келіп, дәрі тапшылығына наразылық білдірді


Әкімдік алдында тұрған әйелдер. Нұр-Сұлтан, 30 маусым 2020 жыл.

Бүгін, 30 маусымда Нұр-Сұлтан әкімдігі алдына жиналған 30 шақты әйел қаладағы дәрі-дәрмек тапшылығына наразылық білдіріп, әкіммен кездесуді талап етті.

Әкімдікке келген әйелдердің бірі Айжамал Сариева мүмкіндігі шектеулі жолдасының дене қызуын түсіруге дәрі таппағанын айтты.

– Сауран, Алматы көшелеріндегі бірнеше дәріханаға бардым. Ыстықты түсіретін қарапайым "Парацетамол", "Асперин" іздедім. Билік өтірік ақпарат беріп отырған соң, әкімге шындықты талап етіп келдік. Карантин болатынын алдын ала білді, неге дәріні жеткілікті етіп қоймайды? – дейді ол.

Назира Мұқашева дәрі тапшылығымен қатар бағаның өсіп кеткенін айтты.

– "Парацетамолды" 22 дәріханадан іздеп, жиырма үшіншісінен таптым. Не маска жоқ, тапсақ мың теңгеден сатылып жатыр. Дәрілердің бағасы қымбаттап кеткен. Қарапайым халық ауырып қалса, қалай емделеді? –дейді Мұқашева.

Жиналғандар сондай-ақ пандемия кезінде табыстары азайғанын, сол себепті не пәтерақыға, не тамаққа қаржысы жетпейтінін айтып, "Көлгінов, аналардың алдына шық!" деп ұрандатты.

Қала әкімі шыға қоймаған соң, наразылар жабық тұрған әкімдік есігін қақты. Бірақ жауап беретін билік өкілі іштен емес, сырттан келіп, әйелдердің шағымын тыңдады.

Нұр-Сұлтан әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұрлыбек Жеңісбек бірнеше қызметкерден коронавирус анықталғандықтан, әкімдік ғимаратында залалсыздандыру жұмысы жүріп жатыр, сол үшін ғимарат ашылмайды деді.

Әкімдік өкілі әйелдерді "әкімнің қабылдау кезегіне тіркеймін" деп, наразы әйелдердің аты-жөнін жазып алды. Осыдан кейін жиналған әйелдер тарады.

Бүгін. 30 маусымда денсаулық министрі Алексей Цой дәрі тапшылығын мойындап, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ережелерінің өзгергенін хабарлады. Ол халық сұранысындағы кей дәрілердің үлкен көлемі қоймаларға жіберілгенін, жақын күндері дәріхана сөрелерінде болатынын айтты.

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG