4 шілде күні Австрия астанасы Венаның маңында саяси баспана сұраған ұлты шешен Ресей азаматын қастандықпен атып өлтірді. Бұл туралы Азаттыққа шешендердің диаспорасы хабарлады.
Диаспораның айтуынша, марқұм Шешенстанның Ресейден бөлінуін жақтап, ел басшысы Рамзан Қадыровты сынаушылардың бірі болған.
Дереккөздің айтуынша, қастандықпен өлтірілген марқұм Мамихан Умаров болатын. Ол Венада Анзор дейтін есімімен танымал.
Австрия билігі марқұмның 43 жастағы ресейлік саяси баспана сұраушы екенін, оны Вена маңындағы Герасдорф қаласында сауда орталығының жанындағы тұрақта атып кеткенін мәлімдеді.
Жергілікті басылымда саяси мигранттың басына оқ тигені, оның жедел жәрдем қызметі келмей жатып қайтыс болғаны айтылған.
Полиция күдіктіге іздеу салып, оны бірнеше сағаттан кейін Австрия астанасынан 200 километр жердегі Линц қаласынан ұстап алды. Жергілікті биліктің айтуынша, ол да Ресей азаматы.
Полиция оқиғаны зерттеп, кісі өлтірудің мотивін анықтап жатыр.
Сұхбаттарында және әлеуметтік желідегі жазбаларында Умаров шешендердің Ичкерия республикасы мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің қызметкері болғанын айтып, Шешенстан президенті Рамзан Қадыровты сынады, Ресей құпия қызметтерін Еуропада саяси мигрант ретінде тұратын бұрынғы шешен сепаратистерін өлтіруге қатысы бар деп айыптады.
- Маусым айында Германияның федералды прокуратурасы бұрынғы шешен командирі Зелимхан Хангошвилиді тапсырыспен өлтірді деп күдікке ілінген адамға айып тақты. Күдікті – Ресей азаматы. Прокуратураның айтуынша, Ресей үкіметіне қарайтын ведомстволар күдіктіге Хангошвилидің көзін құрту туралы тапсырма берген. Марқұмды 2019 жылдың тамызында өлтірген.
- Хангошвили жасалған қастандыққа "Кавказ-центр" сайтының әкімшісі бұрынғы шешен командирі Абдулвахид Эдильгериевті өлтірді деген ресейлік құпия қызметі қатысты болуы мүмкін. Эдильгериевті 2015 жылы Стамбулда атып кеткен.
- 26 ақпан күні Швецияда ұлты шешен оппозициялық блогер Тумсо Абдурахмановқа қастандық жасалды. Ол қастандық жасаушыны жығып түсіріп, полицияға тапсырған. Қастандық жасады деген күдікпен екі азамат қамауға алынды. Өткен жылдың наурызында Шешенстан парламентінің төрағасы Магомед Даудов Абдурахмановқа қарсы қанды кек жариялады.
- 30 қаңтарда Францияның Лилль қаласында ұлты шешен блогер Имран Алиев қастандықпен өлтірілді. Оған 135 рет пышақ тыққан. Прокурорлар кісі өлімінен кейін Шешенстанға тура тартқан Ресей азаматын негізгі күдікті ретінде қарастырып отырғанын айтқан.
Адам құқықтарын қорғау топтары Шешенстанды 2007 жылдан бері басқарып отырған Рамзан Қадыровты адам ұрлау, қорлау, саяси қарсыластарын өлтіру секілді көптеген қылмысты жасады деп айыптаған.
ПІКІРЛЕР